«Бақыт бағалағанның басында тұрады»

Тәуелсіз Қазақстанның барлық табысының негізінде халықтың ынтымағы мен конфессияаралық келісімі, этносаралық татулығы жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, барымызды сақтап, алға қарай сеніммен қадам басу үшін бірлікті бекемдей түсу – баршамызға ортақ міндет. Осы жолда Қазақстан халқы Ассамблеясына әлі де үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны анық. Бүгін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаевпен осы тақырыпта сұхбаттастық. 

Атқарылған жұмыс  құрғақ есеп емес
 
– Аңсар Жаңабайұлы, Қазақ елі егемендік алған 30 жылда әлемге іргесі сөгілмеген, бірлігіне сызат түспеген мемлекет ретінде танылды. Кім не десе де, бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны жоғары екендігі анық. Дегенмен, соңғы кездері ел ішінде Ассамблеяға қатысты теріс пікірлер де аз емес. Шындығында қоғамдық институттың қазіргі кезде маңыздылығы қандай? 
– Айтылған сынды оқып, көріп, біліп отырмыз. Дұрыс айтасыз, теріс пікірлер де жоқ емес. Бірақ, барлық адамның көңілі толмай отыр деп үзілді-кесілді әңгіме айтудың реті жоқ. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуында айрықша рөл атқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қай кезде болмасын мән-маңызы жоғары. Алайда, соңғы уақытта қоғамда бұл институттың тиімділігіне күмәнмен қарап, оның қажеттілігіне шәк келтіретін артық-кем пікірлер де айтылып жүр. Мұны ағат түсінік дер едім. Ассамблея – тиімділігін іс жүзінде дәлелдеген қоғамдық-саяси институт. Бұл жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтып өтті. «Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде мақтан тұтарлық жетістік. ...Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалдық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз» деген Президент Ассамблеяның рөлін одан әрі нығайта түсу маңызды екенін жеткізді. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан қазіргі реформаның, іске асуы тиіс ұлттық модернизацияның түпкі мақсаты – қазақ мемлекеттілігін нығайту. Ал, мемлекеттілікті нығайтудың ең басты алғышарты – ұлттық бірлік. Сондықтан Қазақстанның болашағын ойлайтын әрбір азаматтың ой-ниеті ел бірлігі деген ұлы мұратпен үйлесіп, қабысып жатуы тиіс. Президентіміз айтқан Жаңа Қазақстанда бұл қоғамдық-саяси институт қажет. 
– Уақыт талабына сай ұйымдастыру жайлы айтып қалдыңыз. Қазір қоғамда Ассам-
блеяға этностардың құқығын қорғайтын «адвокат» ретінде қарайтындар да жоқ емес. Сондай-ақ, түрлі этностардың мерекелерін ұйымдастыратын ұйым ретінде таниды. Осы орайда, көп этносты әрі халқы жағынан ең үлкен облыстардың бірі Түркістан өңірінде Ассамблея тарапынан қандай игі істер, ауқымды жобалар жүзеге асуда?
– Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асып кетті. Облыс тұрғындарының 23 пайызын өзге этнос өкілдері құрайды. Өңірде 50-ден аса этностың өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ғылыми-сараптамалық, ақпараттық-насихаттық, талдамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру, этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының қызметін үйлестіру «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметінің негізгі бағыттары болып саналады. Облыстық Ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 31 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдар – «Қоғамдық келісім кеңесі», «Аналар кеңесі», «Ғылыми-сарапшылық топ», «Медиация» кабинеті, «Журналистер мен блогерлер клубы» және «Ассамблея жастары» РҚБ облыстық өкілдігі ел бірлігін нығайту жолында жемісті жұмыс істеп жатыр. Этносаралық шиеленістердің қақтығыстарға ұласып кетуінің алдын алуда түсіндірме жұмыстарының маңызы үлкен. Бұл ретте, өткен жылы өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған 38 елді мекен тұрғындары арасында сауалнамалар жүргізу және фокус-топтық кездесулер өткізу арқылы халықтың көңіл-күйі мен мемлекеттік этносаясатқа көзқарасын анықтау мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Тыңдап отырған сізге осының бәрі құрғақ есепке ұқсауы мүмкін. Алайда, осы жұмыстардың артында тұтас ұжымның үлкен еңбегі жатыр. Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолында түрлі тақырыптарда семинарлар өткізіліп келеді. Сол іс-шаралардың барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» және этносаралық қатынастарды зерттеуші ғалымдардың методикалық кеңестері тыңдалды. Сонымен қатар, таяуда елімізге белгілі тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаевтың «Қазақстан: этникалық қарым-қатынастар тарихы, этносаралық қарама-қайшылықтар және этномәдени ықпалдастық мәселелері» және «Этносаралық шиеленістердің шығу себептері мен алдын алу шаралары» тақырыбында әдістемелік нұсқаулықтарын, бұдан бөлек «Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы» анықтамалық сөздігін жарыққа шығардық. Бұл құнды кітапшалар мамандарымыздың жұмысына үлкен көмегін тигізуде. 

Өңірдің этностық құрамы жайлы

– Түркістан облысындағы халықтың төрттен бірі түрлі этнос өкілдері екенін айтып қалдыңыз. Қандай этнос өкілдері қай өңірлерде шоғырланған әрі турасын айтқанда этносаралық араздық туындап кетпеу үшін түсіндіру жұмыстары қаншалықты нәтижелі? 
– Ресми статистика бойынша, өңірде 50-ден аса этнос өкілдері болса, оның ішінде қазақтар – 1 550 594 адам (77,0%), өзбектер – 353 946 адам (16,9%), орыстар – 34 583 адам (1,9%), тәжіктер – 38 508 адам (1,9%), әзірбайжандар – 18 857 адам (0,9%), түріктер – 16 887 адам (0,8%), қалған – 31 367 адам, яғни 0,2%-ы басқа да этнос өкілдері. Облыс аумағында этникалық топтар Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам, Төлеби, Келес (өзбек), Мақтаарал (тәжік, өзбек), Сарыағаш (тәжік, өзбек), Жетісай (тәжік), Түлкібас (әзірбайжан) аудандарында тығыз шоғырланған. 2020 жылы облыс көлеміндегі этносаралық ахуалды зерттеу жұмыстарын оңтайландыру мақсатында облыстың этнокартасы жасақталды. Картадағы мәліметтер жылына екі рет тура сол кездегі жағдай бойынша жаңартылып, тиісті мәліметтер енгізіліп отырады. Тұрғындар арасында қоғамдық келісім мен бірлікті насихаттау, этносаралық кикілжіңдер мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыстық  Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, құқық қорғау және салаға жауапты органдарының басшылары, аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері және жергілікті жерлердегі беделді азаматтар, жастар өкілдері енгізіле отырып, ақпараттық-насихаттық топтар құрылған. Бұл топтар облыстағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандарда ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты сақтау, этносаралық толеранттылықты нығайту мақсатында былтыр 116 ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық-насихаттық жұмыстарға тарту мақсатында жергілікті жерлердегі беделді азаматтардың тізімі жасақталған. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері облыстық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, тұрақты түрде этникалық топтар жинақы тұратын аудандардағы этнос өкілдері арасындағы туындауы мүмкін шиеленістерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізеді.  
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» екенімізді жұртшылыққа қаншалықты дәлелдей алып жатырсыздар? Түркістан облысы осы тұжырымдаманың орындалуына қаншалықты атсалысып келеді? 
– Жалпы тұрғындардың мәселелерін тыңдап, дер кезінде шешу жолы Түркістан облысында жүйелі жолға қойылған. Өңірімізде 2019 жылдан бастап этносаралық шиеленістерді тікелей зерттейтін мониторингтік орталық ашылды. Онда тек қана мәліметтерді тек билік орындарынан емес, жүйелі әлеуметтік желіден, азаматтардың берген өтініштерінен, шұғыл мәлімет жинайтын қоғамдық орындардан жинап, соны сараптауға көшті. Сонымен қатар, Сайрам ауданында құрылып, аудан-қалаларда нәтижелі іске аса бастаған «Парасат» пікірсайыс клубының өзекті мәселелерді сараптауда қоғам жұмысына тың серпін бергенін атап өтуімізге болады. Аталған жоба бүгінде ел көлемінде үлгі болып отыр. Таяуда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Сайрам ауданында жүзеге асырылған «Парасат» дискуссиялық клубы пилоттық жобасы туралы Президентке баяндады. Жоба облыс, аудан, аймақтағы күштік құрылым басшыларының тұрғындармен кездесулерін, ашық әңгімелесулерін, бір сөзбен айтқанда, тұрғындармен сындарлы диалогты қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде бұл жоба бүкіл облыс аумағында жүзеге асып жатыр. Мұнда қоғам белсенділері мен партия өкілдері клубқа мүше ретінде қабылданған. Олар әр отырыста бекітілген тақырып аясындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын ұсынады. Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің қолға алуымен басталған тың жоба, тұрғындардың проблемаларын шешуде үлкен маңызға ие болып келеді.
– Қазір қоғамда үкіметтік емес ұйымдар көптеп ашылып жатыр. Қоғамдық кеңес, әкелер кеңесі, аналар кеңесі, билер алқасы дейсіз бе, көп. Облыстық Ассамблея жанында да «Қоғамдық келісім кеңесі» бар. Жалпы аталған қоғамдық ұйымның қызметі бірін-бір қайталамай ма? Жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесінде қаншалықты мәселелер шешімін тауып, қоғамға пайдасы тиді?
– Әр құрылымның атқаратын өз функциясы бар. Облыстық Ассамблея құрамында облыстық, аудандық деңгейдегі 31 этномәдени бірлестік пен Ассамблея жанындағы құрылымдар ел бірлігін нығайту жолында жемісті жұмыс істеуде. Түркістан облысында түрлі деңгейдегі 191 Қоғамдық келісім кеңесі (1 облыстық, 3 қалалық, 14 аудандық, 173 ауыл округтерінде) бар. Бұл кеңестерге мүше азаматтар саны 1224-ті  құрайды. Ал, өткен жылы түрлі деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерінде 24 мәселе қаралып, 20 мәселе шешімін тапқан, 4 мәселенің шешу жолдары қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. Былтыр Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы болып Созақбай Әбдіқұлов сайланды. Созақбай Исаұлы – көптеген жылдар бойы мемлекеттік салада қызмет атқарған, ауданға әкім болған, басқармаға басшылық еткен, тәжірибесі мол азамат. Алдағы уақытта  өзінің кәсібилігімен кеңестің жұмысына үлкен серпін береді деген ойдамын.

Медиаторлардың еңбегі зор

– Бүгінде жастар тәрбиесі көпшілікті алаңдататыны жасырын емес. Әсіресе, ғаламторға байланған қоғам тұсында жеткіншектер тик-токтан тәрбие алып, сондағы «жұлдыздарға» еліктеп барады. Сондықтан ұлдармен қатар қыздардың да тәрбиесі қиындап отыр. Бұл бағытта Ассамблея тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар қандай? 
– Расында, бүгінде ғаламтор қоғамға дендеп еніп кетті. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттар мен керағар мәліметтер жастарымызды елітіп әкетіп жатқан оқиғалар кездеседі. Одан бөлек тик-токтағы теріс тәрбие де өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Осы орайда, Ассамблея жанынан құрылған құрылымдық ұйымдарда бүгінде бұл бағытта түрлі игі бастамалар қолға алынуда. Мәселен, Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың проблемаларын шешуге, қыздар тәрбиесіне атсалысуға, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады. Түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу арқылы тіршілігі берекелі, ынтымағы жарасқан, тату отбасыларды насихаттайды. Бүгінге дейін облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің 90-ға жуық отырысы өткізілді. Бұл ретте, «Қыз абыройы – ұлт абыройы», «Ана – өмірдің шуағы», «Жергілікті  жерлердегі,  оның ішінде ауыл аймақтардағы Аналар кеңесі мүшелерінің кәсіби емес медиатор ретіндегі рөлін жандандыру», «Отбасылық жағдайда орын алатын зорлық-зомбылық пен дау-жанжалдардың алдын алу және отбасы ынтымағын нығайту», «Аудан аймағындағы көп балалы және жалғызбасты аналардың тұрмыстық жағдайын жақсарту және оларға қолдау көрсету» тақырыптарында келелі жиындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Аналар кеңестері «30 игі іс», «Мектепке жол», «Ақ орамал» акцияларына да белсене атсалысты. 
– Әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпараттардың теріс әсерін айтып қалдыңыз, жалпы журналистермен және қоғам белсенділерімен арадағы байланыстарыңыз қалай? Ақпараттық кеңістікті ел бірлігін насихаттауға бағытталған жарияланымдармен қаншалықты қамтамасыз етіп отырсыздар? 
– БАҚ өкілдері – қоғамның қозғаушы күші. Біз әрдайым журналистермен және қоғам белсенділерімен әріптестік байланыстамыз. Қызметімізде ашықтық қамтамасыз етілген. Кез келген уақытта сұхбатқа да әзірміз. Бірлесе атқарып жатқан жұмыстарымыз да бар. Соның бірі – Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубы. Бұл клубтың мүшелері тоқсан сайын бас қосып, ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын нығайту бастамаларын белгілеп, оны іске асыру барысында жұмыс істейді. Клубтың қолдауымен өткен жылы ел татулығын дәріптеуге арналған «Шаңырақ» байқауы ұйымдастырылды. Байқауда өңірімізге танымал көптеген журналистер мен блогерлер бақ сынап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Аталған байқау биыл да жалғасады деп жоспарлануда. Байқау барысында жарияланған мақалалар оқырмандарға арнайы кітапша етіп шығарылады. Басқармаға қарасты Ассамблеяның баспасөз орталығы жұмыс істеп жатыр. Мекеменің әлеуметтік желілерде ашылған «Түркістан Ассамблеясы» ресми парақшасы белсенді жұмыс істейді. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық, қалалық филиалдарының әлеуметтік желілердегі арнайы парақшалары оқырмандармен тиімді әрі белсенді байланыс орнатқан. Сондай-ақ, бізде ғылыми-сарапшылық топ бар. Оның әлеуетін тарта отырып өткен жылы 46 іс-шара ұйымдастырылып, БАҚ-та бірнеше мақала жарияланды. 
– Ассамблея аясында жүзеге асқан «Медиация» кабинеті ең жақсы жобалардың бірі болған секілді. Татулықты тек ұран қылмай, оны «Медиация» кабинеті ретінде жұмысын жолға қоюдың маңызы зор. Білгіміз келгені, медиаторлардың көмегімен татуласып жатқан азаматтар көп пе? 
– Жалпы медиация ұғымы қазаққа жат емес. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған дана халқымыз ел ішіндегі дау-дамайларды бітімгерлік, мәмілегерлік жолымен шешіп отырған. Ата-бабаларымыздың осынау игі дәстүрін қазіргі заманға лайықтап қолданудың жолы – медиация. Елдегі медиаторлардың қызметін үйлестіру міндеті де соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелгені белгілі. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті жұмыс істейді. Оларда 56 медиатор азаматтарға құқықтық көмектер, даулы мәселерді сотқа дейінгі шешу жұмыстарымен айналысады. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Түркістан облыстық және аудандық соттармен бірлесе, облыс көлемінде медиация институтын дамытуға бағытталған 28 семинар-кеңес өткізіліп, оған 1500-ге жуық адам қатысты. Медиаторлардың жүйелі жұмысының нәтижесінде былтыр этностардың қатысуымен болған 30-дан астам дау медиация рәсімі арқылы сотқа дейінгі және сот барысындағы тәртіппен оң шешілді.

Мемлекеттік тілді үйренуге талпыныс жоғары

– Түркістан облысы республикаға үлгі боларлық игі бастамаларды қолға алуымен ерекшеленіп отырады. Өңірде бастау алған «30 игі іс», «Жылулық сыйлайық», «Қамқорлық» секілді іс-шаралар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек беріп, қатарға қосылуына септігін тигізуде. Қайырымдылыққа қатысты мұнан басқа тағы қандай тың жобаларды қолға алып жатырсыздар?
– Ассамблеяның негізгі функцияларының бірі – қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, үйлестіру, оған түрлі этнос өкілдерін тарту. Облыс халқы қашанда ауызбіршілігімен танылып келеді. Біздің жерлестеріміз Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы топан су басу кезінде бір-бірінен көмегін аямады. Төтенше жағдай тұсында қиналған халыққа қолдан келгенше көмек берді. Әрине, бұл түсіндіру жұмыстарының тұрақты түрде жүргізіліп жатқандығының нәтижесі деп білеміз. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы былтыр «Қарттарымыз қазына», «Денсаулық – зор байлық», «Мектепке жол», «Жылулық сыйлайық», «Қамқорлық» секілді қайырымдылық акциялардың аясында 1 525 отбасыға 73 миллион 727 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен. Облысымыздағы барлық этномәдени бірлестіктер пандемия кезіндегі қайырымдылық акцияларына, тұрмысы төмен отбасылар балаларын мектепке дайындау шараларына, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен іске асып жатқан «30 игі іс» қайырымдылық акциясына белсене қатысты. Жалпы, бұл тарихи негізі бар үрдіс. Кезінде Қазақстан аумағына депортацияланып келген этнос өкілдері қазақ халқының соңғы нанын бөліп берген қайырымдылығының арқасында аман қалып, бүгінде өсіп- 
өркендеп отыр. Ассамблеяның осынау құндылықты дәріптеп, ілгерілетіп жатқаны оның қоғамдық-саяси институт ретіндегі өміршеңдігін қуаттай түсетін дәйек дер едік.
– Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, этнос өкілдері арасында насихаттап, қазақ тілінің өрісін кеңейту Ассамблеяға жүктелген негізгі жауапкершілік деп білеміз. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр?
– Орынды сұрақ. Этносаралық қатынастардағы ең маңызды мәселе – тіл. Осы орайда, мемлекеттік тілді меңгеруге жан-жақты қолдау жасау – Ассамблеяның негізгі міндеттерінің бірі. Өңірімізде қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келеді. Бұл бағытта облыстағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен 2021 жылы 10-нан аса жоба іске асырылып, оларға 3 мыңнан аса адам қамтылды. Облыс бойынша барлық аудан, қалаларда мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылған, өткен жылы осы курстарға 2 мыңға жуық адам қамтылды. Жалпы, этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары. Қазірдің өзінде облысымыздағы этнос өкілдерінің 92 пайызға жуығы қазақ тілін жетік біледі, құрмет тұтады. 
– Этносаралық татулық пен достықты насихаттауға бағытталған биылғы жұмыс жоспар-ларыңызды таныстырып өтсеңіз.
– Ел бірлігін нығайтуға бағытталған жұмыстарымызды жүйелі жалғастыру үшін алдағы жұмысымызда мына басымдықтарды іске асыратын боламыз. Бірінші, Түркістанның достықтың киелі шаһары ретіндегі мәртебесін арттыру. Азаматтық бірлікті нығайтуға арналған іс-шаралар барлық мемлекеттік органдардың жұмыс басымдығы болып белгіленеді. Екінші, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алуда татуластыру кеңістігін кеңейту және салалық медиацияның дамуына жағдай жасау. Оның ішінде медиация кабинеттерінің желісін жұмыспен қамту орталықтарында, кәсіпкерлерге қолдау көрсету ұйымдарында дамытуды ескереміз. Бұл еңбек, несие дауларын шешуге оң ықпал етеді. Үшіншіден, ішкі көші-қон үдерістерін реттестіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау. Оның ішінде еңбек миграциясы мәселесін қарастырамыз. Белгіленген міндеттер бойынша тиісті жұмыстар ары қарай нәтижелі атқарылатын болады.
– Осыдан біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Түркістанда Достық үйін салу туралы мәселе көтерген болатын. Бұл жобаның жүзеге асу барысы туралы айтып берсеңіз.
– Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тұрақты бақылауында. Достық үйі облыс орталығында, жаңа қала аумағында бой көтермек. Қазіргі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Оның құрылысы жақында басталады деп жоспарлануда, келесі жылы ел игілігіне беріледі. Жалпы мұндай нысан өңірлердің бәрінде бар. Бұрын бізде Ассамблея жанында Достық үйі болған. Бірақ, ол Шымкент қаласында орналасқан еді. Ол нысан Шымкент қаласының сұрауымен қала әкімдігінің теңгеріміне берілді. Қазір Ассамблея басқармалар үйінде орналасқан. 
– 1 наурыз – елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылық білдіреді. Айтулы мереке биыл облыста қалай аталып өтілмек?
– Қоғамдық келісімді нығайтуда Алғыс айту күнінің маңызы жоғары, себебі, бұл мереке бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Алғыс айту күніне орай өңірімізде онкүндік іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Әрбір қала, ауданда мерекенің мән-маңызын арттырған іс-шаралар өтті. Онкүндіктің ашылу салтанаты Қ.А.Ясауи кесенесінен бастау алып, «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешенінде этнос өкілдерінің мерекелік шеруімен жалғасты. Әр қала, ауданда этномәдени бірлестіктердің қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Ерікті жастар қала көшелерінде тұрғындарға арнайы тілек жазылған құттықтау хат пен құрт таратты. Мереке аясында өңіріміздегі этнос ақсақалдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ұлы тұлғаларымыздың өмір жолын ұлықтап, бабалар рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар, «Рахмет саған, туған жер!» тақырыбында этнос жастары арасында сурет салу байқауы өтіп, «Достық» аллеясына 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Одан бөлек, этнос өкілдері арасында қазақ қаламгерлерінің туындыларын мемлекеттік тілде орындау байқауы, «дөңгелек үстел» мәжілістері мен басқосулар ұйымдастырылды. Жоғарыдағы іс-шаралар бойынша арнайы бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерде таратылды. Ол бейнероликтер жұртшылық тарапынан қызу қолдау тауып, мерекенің ажарын аша түсті. 
– Осы сұхбатта оқырманға біршама ақпарат, арасында сыншыларға жауап та берген секілдісіз. Сұхбатты қандай оймен түйіндер едіңіз? 
– Еліміз елдіктің туын нығайтып жатқан осы бір кезеңде бізге ынтымақ, бірлік керек. Ұлы Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген даналық ойының терең мәні бар. Абайдай кемеңгер ойшылдың аманатына адалдық танытар болсақ, этникалық азшылық топтардың ұлттық бірегейлігін сақтау, тілі мен дәстүрін қорғауына мүмкіндік беру, адамдардың қай этнос өкілі болғанына қарамастан азамат ретінде заң алдындағы теңдік принципін қамтамасыз ету – Қазақ мемлекетінің, қазақ қоғамының мойнындағы қасиетті борышы. Онсыз құқықтық мемлекет ретінде дамып, өркениетті әлемдегі орнымызды сақтап қалуымыз екіталай. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен қоғамның мойнындағы сол борыштың орындалуын қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан Жаңа Қазақстанда бұл қоғамдық-саяси институттың маңызды екендігін тағы да ерекшелеп айтқым келеді. Бақыт бағалағанның ғана басында тұрады деген емес пе, барымызды күшейтіп, құндылығымызды бағалай білуіміз керек. Егер елдің ішінде саяси тұрақтылық болмаса, ол елде ешуақытта да баянды даму болмайды. Бұл – бұлжымас қағида. «Тату елге тоқшылық нәсіп» деп Күлтегін бабамыз айтқандай, бірлігі бекем ел ғана әрдайым табысты болмақ. Бүгінде Жаңа Қазақстан үлкен тарихи өзгерістер кезеңінде тұр. Бұл өзгерістердің ел игілігіне айналарына сеніміміз мол.
–  Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

1 пікір

  • Оңғаров Шырынбек
    Оңғаров Шырынбек

    Үкіметтік емес ұйымдар, яғни қоғамдық бірлестіктер туралы сұхбатта сұрақ қоцылғанмен, оның мазмұны ашылмапты. Тек кеңес пен келісім жайлы тілге тиек етіпсіздер.

Пікір қалдырыңыз