Көкбұлақта жаңа мешіт ашылды

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».
Шымкент қаласының іргесіндегі Көкбұлақ ауылында күмбезі көк тіреген керемет мешіт ашылды. Бір мезгілде 600 адам құлшылық ете алатын бұл мешітте намаз оқу үшін ер адамдарға бөлек, әйелдерге бөлек бөлмелер қарастырылған. Мешіт имамы мен қызметкерлері үшін екі бөлмесі тағы бар. Сондай-ақ, мешіт ішіндегі үш бөлме медресе үшін арнайы жабдықталыпты. Бұлардан бөлек мешіт ауласында асхана, бірнеше бастырма бар.
Бір ерекшелігі, жаңа мешіт ауыл шетіндегі ашық алаңқайға салынған. Дәл іргесінен пойыз жолы өтеді. Ерекше үлгімен салынған мешітке әрі-бері өткен жолаушылар қызыға қарайтыны анық.
Шымкент қаласының тұрғыны Әріпхан Жайынбаев төрт ұлын да кәсіпкерлікке баулыпты. Қожахмет, Сейдахмет, Исламидин, Шайхидин атты төрт ұлы да бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде кәсіптерін дөңгелетіп жүр. Міне, осы отбасы көптен бері имандылық үйін ашсақ деп ниет етіп жүреді. Көкбұлақ ауылы тұрғындарының өтініштері олардың осы ниетіне орайласа кетіп, жобалық-сметалық құжаттарын Сейілхан Сәтбаев жасайды.
Сонымен, мешіттің ашылу салтанаты өтетін күн де келіп жетті. Оның ашылу рәсімінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілі Сансызбай Құрбанұлы, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадүр Нарымбетов, Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов, Ордабасы ауданының құрметті азаматы Әбдіғаппар Мырзалиев, айтыскер ақын Сәбит Әбдірайымов, мешіт имамы Сержан Қайратұлы, тағы басқалар сөйлеп, имандылық, адамгершілік, ізгілік, қамқорлық жөнінде әңгімелер өрбітті.
Жиын соңында Әріпхан Тәліпұлының былтыр қайтыс болған жұбайы Роза апаның, сондай-ақ мешіттің ашылуына орай барлық мұсылман жамағатына, осы ауылдан қайтыс болғандардың әруағына арнап ас берілді.
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.