Какасыз құрама Еуропа чемпионатында қалай ойнайды?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Осы аптада футзалдан Еуропа чемпионаты жалауын желбіретті. Чемпионат Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өтіп жатыр. Бұл құрлықтық чемпионаттың бұрынғы чемпионаттардан ерекшелігі де бар. Бұрын «қарт құрлықтың» чемпионатына 12 команда қатысып келген болса, биыл 16 команда кубок үшін таласқа түсіп жатыр. Сонымен қатар, енді Еуропа чемпионаты бұрынғыдай 2 жылда емес, 4 жылда бір рет өткізіледі.
Әр чемпионаттың басты фавориті саналатын Испания құрамасы бұл турнирде де топ жаруға басты үміткер. Олар «қарт құрлық» додасында бұған дейін 7 рет топ жарған, 2 рет күміс, 2 рет қола жүлдегер атанған.  Өткен Еуропа чемпионатының финалында испандар Португалия құрамасына есе жіберген. Португалия одан кейін әлем чемпионатында да топ жарды. Географиялық жағынан да, чемпиондық атақ жағынан да «көршілес» қос құраманы осы турнирдің басты фавориттері деп тануымызға болады. 
Жүлде жағынан бұлардың ізінен Италия мен Ресей құрамалары келе жатыр. 2018 жылғы Еурода Италия құрамасы өз тарихында алғаш рет плей-офф сатысына шыға алмады. Ал, Ресей бұл турнирдің финалына 7 рет шығып, 1 рет чемпион атанған. Солтүстіктегі көршілеріміз сонау 1999 жылғы құрлық додасында топ жарған-ды. 
Өткен Еуропа чемпионатында қола жүлде, былтырғы әлем чемпионатында 4-орын алған Қазақстан құрамасы да чемпиондық атақтан үмітті. Алайда, біздің құрама чемпионат қарсаңында бас бапкерсіз қалды. Ұлттық құраманың бас бапкері Каканың Covid-19 вирусына байланысты тапсырған тесті оң нәтиже көрсетті. Соның салдарынан ол карантинге жатқызылды. Дәл осындай себеппен құраманың шабуылшылары Арнольд Кнауб пен Дәурен Тұрсағұлов Нидерландыға бара алмады. Әрине, бұл ойыншылардың құрама үшін орны ерекше, алайда, бас бапкер Каканың «қызғалдақты елге» бара алмауы құрама үшін де, жанкүйерлер үшін де үлкен өкініш. Құрама тізгінін Каканың көмекшісі Сергей Коридзе ұстайды. 
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Финляндия, Италия, Словения құрамаларымен бір топта өнер көрсетеді. Біздің құрама алғашқы турда кеше Словения құрамасымен кездесіп, 4:4 есебімен тең ойнады. Айта кетейік, Кака бапкер құраманың келесі ойындарына дейін Нидерландыға баруы мүмкін.  

Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатына қатысатын құрамы:
Қақпашылар: Игита, Рауан Атантаев
Алаңдағы ойыншылар: Тайнан, Нұрбек Қарағұлов, Эдсон, Лео, Азат Валиуллин, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Жомарт Тоқаев, Дуглас, Біржан Оразов.
Пікір қалдырыңыз