Мектептің ғана емес, қазақтың да атын шығарғымыз келеді

ІТ саласы – бүгінгі таңда әлемдік экономикадағы ең сұранысқа ие сала. Сондықтан Қазақстан мектептерінде осы бағытта терең білім беруге басымдық берілген. Шымкент қаласындағы мен білім алатын №99 мектеп-гимназиясында соңғы үш жылда роботехника пәні оқытылады. Роботқа қызығушылығы бар балалар мектебіміздің атын республикаға танытуда. Өздерін жан-жақты дамыту үшін, математика сабағында есептерді тез шығаруға бейімделіп келеді. Есепті тез шығарып, информатика пәнінің қыр-сырын меңгерудегі басты мақсаттары – робот машиналарды құрастыру. IT саласы бүгінде білімді, дарынды жастардың басын біріктіріп отыр. Қырағы ойлау, шапшаң қимылдау, сенімділік, шыдамдылық – IT саласының маманына тән қасиеттер. Бұл қасиеттер оларды жаңа жобаларын жүзеге асыру жолындағы жетістіктерге жетелейді. Мектебімізде 7 ұл, 6 қыздан құралған робототехника клубы бар. Білім ошағының бүгінде робототехника саласынан жеткен жетістіктері аз емес. Ұстазымыз Пердебек Қанағаттың бастауымен құрылған топ Алматыда өткен «Қазіргі заманғы ғылым, жаңа көзқарас» V республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, жүлделі 1-орынды иеленді. Бұл мектеп үшін үлкен мәртебе болды. Жалынды жастарымыз тек мектептің атын ғана емес, қазақтың атын әлемге танытқылары келеді.
Бүгінгі таңда ІТ саласын дамытуға үлес қосқысы келетін жастар саны артып отыр. Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылуына үлес қосатын жаңа технологияны меңгерген жастар болары сөзсіз.
Ұлбосын НАМАЗБАЙ,
№99 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы.
Шымкент қаласы.