Бағы жанған бапкерлер

Шымкент қаласындағы 22 жылдық тарихы бар «Болашақ» жоғары колледжінің студенттері мен жаттықтырушыларының спорттағы жеткен жетістіктері аз емес. Әсіресе, шығарып салғалы отырған сиыр жылында олар талай биіктерді бағындыра білді. Атап айтқанда, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында өткен спартакиадада болашақтықтар өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдеді. 

Мәселен, тәжірибелі жаттықтырушы Дидар Теңізбаев баулыған «Болашақ» жоғары колледжінің футболшылары байрақты бәсекеде барлық қарсыластарын ойсырата ұтып, І орынды жеңіп алды. Тоғызқұмалақ жарысынан жеңімпаз атанған  колледждің спортшылары арнайы сыйлықтармен марапатталды. Тоғызқұмалақшыларды жарысқа талантты Мұхтар Күзбаев даярлады.

Сондай-ақ, бағы мен бабы келіскен баскетболшы қыздар биыл жеңіс тұғырынан түскен жоқ. Биыл олар екінші орынға тұрақтап, жүлдегер атанды. Баскетболшы қыздарды Серік Әміров жаттықтырады. Волейбол ойындарынан колледж студенттері 3-ші орын иеленіп, қола жүлде олжалады. Сөйтіп, бапкерлер Мұхтар Кенжеевтің, Ержан Қилыбаевтың төккен терлері зая кеткен жоқ. Жалпыкомандалық есеп бойынша ІІ орын алған «Болашақ» жоғары колледж спортшыларының алар асулары әлі алда деп сенеміз. 

Аталмыш жоғары оқу орнында келешегінен үміт күттіретін жастар аз емес. Солардың бірі – Серік Бекзатхан Түркияда өткен жарыста спорттың жекпе-жек түрінен әлем чемпионы атанды. Ал, Қырғызстан Республикасындағы Талас қаласында Ш.Айтматовтың құрметіне арналған ел аралық бәсекеде тоғызқұмалақтан І дәрежелі дипломмен марапатталған Намаз Ақбота – колледж мақтанышы. 

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз