Мектепке кітап сыйлады

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейіне Түркістан қаласының құрметті азаматы, тыл ардагері Жақсыбек қажы Абылайұлы өзінің жеке кітапханасынан  2170 кітап  сыйға тартты. Аталған шараға  облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев қатысып, лицей ұжымын құттықтады.

«Жақсыбек Абылайұлының  бүгінгі рухани бастамасы баршамызға үлгі болуы керек. Өзінің қанша уақыттан бері жинаған рухани  дүниесін кейінгі буынға сыйға тартуы үлкен адамгершілік пен азаматтықтың белгісі деп білемін. Бұл кітап балалардың отансүйгіштік қасиеттерін оятуда берері мол рухани қазына болмақ» деді  Рахымбек Жолаев. Сонымен қатар ол Жақсыбек Абылайұлына шығармашылық табыстар тілеп, алғыс хат табыс етті.   
«Жинаған кітаптарымды білім ордасына табыс ету біраздан бері ойымда жүрген еді. Міне, соның бүгін сәті келгеніне қуаныштымын. Балалар кітаптардан өздеріне рухани азық алып жатса, менің еңбегімнің еленгені деп ойлаймын. Кітап оқыған бала адамгершілігі мол, тәрбиелі болып өседі» деді Жақсыбек қажы. Сондай-ақ, ол бастауыш сыныптарға шахматты аптасына екі рет арнайы сабақ ретінде өткізіп тұрса деген ұсынысын жеткізді. Себебі, шахмат баланың тез де дұрыс ойлануына ықпал етеді дейді қария.    Шара соңында  Жақсыбек Абылайұлының құрметіне мектеп оқушылары арасында шахматтан турнир өтті.

1 пікір

  • Мадина Бейсенова
    Мадина Бейсенова

    Керемет мақала, 2170 кітап үлкен қазына.

Пікір қалдырыңыз