Құдалықтың қадірі қашып барады

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».
Қазақтың ежелден келе жатқан құда түсу, қыз алып, қыз беру дәстүрі әлі күнге дейін өзінің мәнін жоя қойған жоқ. Баяғыдай үйір-үйір жылқы атамағанымен, баласының қызығы үшін әр қазақ салтқа сай құдалықтың жөн-жоралғыларын жасап жатады. Дегенмен, «Заманына қарай амалы» демекші, қазір құдалықты саудаға айналдырып жіберетіндер де кездеседі.
Қазір бұрынғыдай бесік құда болысу деген атымен жоқ десе де болады. Есесіне, бүгінгінің қыз бен жігіті әуелі өздері танысып, үйлену мәселесін біржола шешіп қойғаннан кейін ғана ата-анасына айтады. Ұлдың ата-анасы аяқ астынан әбігерге түсіп, қыздың ата-атасының алдынан өтеді. Тіпті, екі жастың ата-анасы кафе немесе мейрамханада кездесіп, «Сен бізге осынша алтын, осынша ақша, осынша киіт әкелесің» деп, қып-қызыл сауданың көрігін қыздырады. Бұл туралы біз пікірлескен оқырмандар не дейді екен? Соған құлақ түрелік.
Әркім көрпесіне қарай көсілгені дұрыс
Балзия ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ, зейнеткер, Шардара ауданы:
– Қазақ құдасын Құдайындай сыйлап, төбесіне көтереді. «Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық» деуінде үлкен мән бар. Бірін-бірі танымайтын екі ел екі жастың арқасында танысып, құда-жекжат болып, сыйластықтың үлгісін көрсетеді. Ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әрбір отбасы қызының орнын тапқанын, ұлын аяқтандырғанды, жақсы жермен құдандалы болғанды армандайды. «Адал сүт емген бала жолықса екен» деп тілейді. Дегенмен, қазіргі құдалық та заманына қарай өзгеріп барады.
Қазір «Сырға салу» деген дәстүр шықты. Құда түсе барғанда қыздың құлағына алтын сырға тағуға міндетті. Қызды алайын деп отырған жақтың оған шамасы бар ма, жоқ па, оған ешкім бас ауыртпайды. Болашақ құдағиға алтын білезік, жеңгелеріне алтын сақина тағып, әкесіне, туған-туысқандарына киіт кигізу де белгілі жағдай ғой. Құдалыққа барған кісілердің қалтасын қағатын «құда табақ», «күйеу табақ», «құда тартар» сияқты бұрыннан белгілі жоралғыларды былай қойғанда, құда күтіп жүргендердің әр қимылы сатулы. Барған құдалар сыпырылып қайтады. Егер құнын төлемесе – ұят, «жарымаған екен өздері» деген сөзге қалудан қорқады. Бейне бір құдалықтан кейін бір-бірін көрмейтін адамдар сияқты, құданың құны бір күндік сияқты. Ата-аналардың көбінде ұлым үйленеді, қызым тұрмысқа шығады деген қуаныштан гөрі олардың құдалығын, тойды қалай өткіземін деген уайым күшті.
«Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты» дегендей, «анадан қалмаймын, мынадан кеммін бе?» деп қарызға батып жатқан отбасылар көп. Бар адамдардың дәулеті шайқалмас, ал, оған мүмкіндігі келмейтіндер несіне тыраштанады екен? Кейде құдалар жағынан тойға топырлап көп адам келеді, бұл да ерсі көрінеді. Мүмкін әр өңірдің өздеріне тән салттары бар шығар. Құда-құдағилар сапында
20-30, кейде тіпті, 50 адамға дейін келген кездерді көрдік. Осыншама қонақты күту, бабын жасау, сый-құрмет көрсету оңай ма?
Тойдан кейін бірден құдаларды «аралас шай» деп әрқайсысы шақырады. Одан бұрын бір-біріне беретін «тәтті шайлары» тағы бар. Не қылған бітпейтін шайлар? Той өтіп, құдалар бір-бірімен біліскен соң қалғаны біртіндеп жалғасын таппай ма? Мұның бәрі ысырапшылдықтың көрінісі, дарақылықтың белгісі деп ойлаймын. Несие алып, той жасап отырған адам көрпесіне қарай көсілмей ме? Осындай тойға кеткен шығынды одан да жаңадан отау құрып жатқандардың бір керегіне жаратса қайтеді деп ойлаймын.
Бәрі де тәрбиеге байланысты
Аманбек МҰСАБЕКОВ, еңбек ардагері, Созақ ауданы:
– Әркім шама-шарқынша құдалықтың жөн-жоралғысын жасайды ғой. Қазіргі балалар өздері біледі, өздері шешеді. Әке-шеше де олардың айтқанынан аса алмайды. Менің айтайын дегенім, соңғы кезде құда түсуге келгендер «сырт көз – сыншы» келетінін ескере бермейді. Үстеріне спорттық үлгідегі киім киген жастарды, балаларды ертіп келеді. Ол бір жәй ғана көңіл көтеру кеші емес қой. «Көрмеген жерде тон сыйлы» деген.
Құдалыққа үлкен жауапкершілікпен қарау керек сияқты. Бүгін шашылып-шабылып үйлендірген жастар жыл өтпей «жараспадық» деп ажырасып жатады. Мұның бәрі тәрбиеге байланысты. Қазақ қыз балаға «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп тілек айтады. Сондықтан олар да барған жеріндегі отбасының қандай екенін, сол үйдің қалыптасқан дағдыларына қарай икемделуі керек.
Бүгінгі құдалықтың жазылмаған өз заңдары бар. Құдалыққа баратын азаматтардың ең кемі екеуі ащы суға оңайлықпен құламайтын болуы керек, өйткені, жаңа құдалар оларды ащы суға сылқитып тойғызып жіберуге міндетті. Оған қоса би билеуден шаршамайтын болуы керек. Осыдан кейін құдалықтың сәні арақ пен би демеске лажымыз жоқ.
Тойдан шаршап қайтамыз
Ыбырайым МОЛДАБЕКОВ, зейнеткер, Қазығұрт ауданы:
– Құдалық дегенің өзі тойдың басы ғой. «Той – халықтың қазынасы» деп жатамыз. Дұрыс шығар, лайым қазақтың тойы тарқамасын. Негізі, той деген көпшіліктің бас қосатын жері емес пе, оның ішінде жас та, кәрі де бар. Тойдың өнегелік мәні болмаса, несі той? Жалпы, тойға барғандар демалып, сергіп қайтқысы келеді. Дегенмен, қазіргі тойларда көңілді су сепкендей басатын жайттар кездесіп қалады. Кейбір асабалардың аузы-аузына жұқпай, ойына келгенді соға беретінін көріп жағаңды ұстайсың. Бірде бір тойда асаба келінге «Әзілің жарасса, қайын атаңның қабырғасын сана деген» деп «қалтасынан» шығарған мәтелін айтты. Дөрекі қалжыңға күлген ешкімді көрмедім. Сосын жаңа келген құда-құдағиларды елдің алдына шығарып, таныстырды да: «Ал, енді қазақтың ежелгі салты бойынша екі құда мен екі құдағи төс түйістіріп қойыңыздар, ал, құда жаңа құдағиды орнынан бір көтеріп қойыңыз» деп құдаларды қинап, сайқымазаққа айналдырды. Құдағиларға төс түйістіретіндей не күн туды, бұл не қылжақ? Көбіне құдалыққа емес, концертке келген сияқтысың. Жасы балиғатқа толмаған қыздардың кіндігін ашып билейтініне қынжыласың. Жас қыздарды осылай ақша табуға мәжбүрлеуге бола ма, ата-анасы не ойлайды екен? Сондықтан аузымыздан шыққан әр сөзге абай болып, құдалыққа келгендерді ығыр етіп алмасақ деп ойлаймын.
Міне, кейіпкерлеріміз осылай дейді. Біз мақала арқылы жұрттың бәрін жөнге салғымыз келіп отырған жоқ. Дегенмен, көптің көкейінде жүрген ойларды жеткізуге тырыстық. Сондықтан құдалыққа салтымызда жоқ нәрселерді тықпалауды қойып, есесіне, мәдениетті, мағыналы мерекеге айналдыруды мақсат етсек, құба-құп болар еді.