Мамандық таңдау маңызды іс

«Әсемпаз болма, әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан» – деп Ұлы Абай айтқандай, шыр етіп дүниеге келген соң  адамзат баласы алдына мақсат қойып, бір нәрсеге қол жеткізгісі келері хақ. Егер әрбір жас буын өз бойындағы қабілетін дәл танып, соны дамытуға бүкіл күш-жігерін салатын болса, ол адам бір биікті бағындырмай қоймайды. Ондай адамдар өз мамандығын мейлінше құрметтеп, жақсы көрері анық. Адам баласының алға қойған мақсатының ішіндегі маңыздысы, мәндісі – оның мамандығы.
Дәл қазіргі таңда мамандық таңдау өте өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бүгінде кәсіптің түрі өте көп, соның ішінде  тілге тиек етейін деп отырғанымыз «Музыкалық білім» мамандығы жайында. Оның бір ерекшелігі білім алу барысында көптеген қызықты пәндердің жүргізілуінде, яғни негізгі аспап, қосымша аспап, дауыс қалыптастыру, арнайы хор кластары, хорды дирижерлеу секілді өнер адамының таза практикалық тұрғыда шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, сондай-ақ, музыкалық білімдерін теориялық тұрғыда жетілдіруге бағытталған. 
Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, көптеген мамандықтар ашылуда, сондай мамандықтардың бірі де бірегейі «Вокалдық-хор қызметті басқару». Бұл мамандықты меңгеріп шыққан түлектер мәдени-демалыс мекемелерінде, филармонияда, Оқушылар сарайында, Мәдениет сарайларында қызмет атқара алады және бұл мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Абай атамыз «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» демеп пе еді. Ендеше, алға ұмтылып, арманымызға жетіп, жанға шуақ беретін мықты мамандық иесі болайық дегіміз келеді.

Гулжазира ЖАЙЛЫМЫСОВА, 
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
«Музыкалық білім және көркем еңбек» кафедрасының аға оқытушысы. Рима ЖАҢАБАЕВА, 
аға оқытушы.
Пікір қалдырыңыз