Мемлекеттік бапкер Мақтааралға не үшін келді?

Баскетболдан Қазақстан құрамасының 5 ойыншысы, облыс құрамасының 80%-ы мақтааралдықтардан жасақталған. Ал, биылдың өзінде мақтааралдық мектеп оқушыларынан жасақталған 5 баскетбол құрамасы ел чемпионы атанған. 
Жақында ҚР Баскетбол федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Иван Сергеевич Гайна Мақтаарал ауданына арнайы ат басын бұрып, аудан әкімі Бақыт Асановтың қабылдауында болды. 

Жиын барысында мемлекеттік жаттықтырушы мақталы өңірден көптеген мықты баскетболшылар шығып жатқанын тілге тиек етіп, ауданда спорттың осы түріне жасалып жатқан қамқорлық үшін аудан әкіміне өз алғысын білдірді. Ал, аудан басшысы қонаққа осы өңірдің тыныс-тіршілігін таныстырып, баскетболдың дамуына тікелей атсалысып жүрген жаттықтырушылар Нұрлан және Медет Катешовтың  еңбегі орасан екенін жеткізді.  
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының баскетбол командалары 2021 жылдың өзінде көптеген табыстарға қол жеткізген. Атап айтқанда, ел біріншіліктерінде 2003-2004, 2004-2005, 2006-2007, 2008-2009, 2009-2010 жылғы жастардан құралған 5 бірдей мақтааралдық команда жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, мақтааралдықтар бұған дейін халықаралық жарыстарда да топ жарған 
болатын.   

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз