Енді бір қадам қалды

Сербия астанасы Белград қаласында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатқаны белгілі. Бүкіл әлемнің бокссүйер жанкүйерлері көз тігіп жатқан чемпионат ақтық мәреге де жақындап қалды. Қазақстан құрамасы өзінің ең  сәтті чемпионаттарының бірін өткізуде. Ұлттық құраманың 4 бірдей боксшысы ақтық сынға жолдама алды. Біздің құраманың ең үздік нәтижесі 2013 жылы тіркелген еді. Алматыда өткен әлем чемпионатында 6 қазақ боксшысы финалда жұдырықтасқан.

Ең жеңіл 48 келі салмақ дәрежесінде Теміртас Жүсіпов ақтық сынға жолдама алды. Ол жартылай финалда белоруссиялық қарсыласын қапы қалдырды. Алғашқы раундты 3:2 есебімен өз пайдасына шешкен Теміртас екінші кезеңде айқын басымдық танытты. Жеңістің уыстан шығып бара жатқанын сезген Беларусь боксшысы бар екпінімен алға ұмтылған. Алайда, қарсыласын қарымта шабуылда күтіп жүрген Жүсіпов оған мүмкіндік қалдырған жоқ. Финалда Теміртас тайландтық боксшымен жұдырықтасады. Қарсыласы Вуттучай Юрачайдың халықаралық аренада бақ сынамағанына 3 жылдай болған. Сондай үзіліске қарамастан әлем чемпионатының финалына жетіп отыр. Қос боксшы өзара бір рет кездескен. Қарағандыдағы халықаралық турнирде тай боксшысының мерейі үстем болған-ды. Енді Теміртасқа есе қайтаратын тамаша мүмкіндік туып тұр. Бұл салмақ бойынша 2013 жылы Біржан Жақыпов әлем чемпионатының алтынын алған. Одан өзге боксшыларымыз алтын жүлденің ауылына жақындай алмапты. Тек 2005, 2017 жылдардағы әлем чемпионатында қазақ боксшыларына қола жүлде бұйырған. Теміртасқа ең жеңіл салмақта Қазақстан қоржынына екінші алтынды салатын мүмкіндік бар.

51 келіде түркістандық боксшы Сәкен Бибосынов ақтық сынға шықты. Жарыстың бірінші айналымында Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовты, одан кейін үнді Дипакты тізе бүктірген Сәкен ширек финалда колумбиялық Мартинесті қапы қалдырды. Көріп отырғандарыңыздай, өз салмағындағы мықтылардың бәрімен ерте кездесті. Енді финалда Сәкен АҚШ боксшысы Роско Хиллдің осал тұсын табуға тырысады. Түркістан облысы құрылғалы бері өңір боксшылары әлем чемпионатының алтынын иеленбеген. АҚШ боксшысын тізе бүктірсе, Сәкеннің есімі Түркістан боксының тарихында алтын әріптермен жазылмақ. 

Жеңіл салмақтағы тағы бір үмітіміз Махмұд Сабырхан да финалға қиналмай жетті. Махмұдтың боксын спортсүйер көпшілік жоғары бағалап отыр. Расында да, Махмұд Сабырханның бокстасу мәнері ерекше. Шымкенттік 20 жастағы боксшы финалда жапон Тамоя Цубоймен бокстасады. Ал, Махмұдқа бұл салмақта Қазақстанға алғашқы алтынды алып келетін мүмкіндік туып тұр. Дәл осы салмақ дәрежесінде бірде-бір қазақ боксшысы әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленбепті.

57 келіде Серік Теміржановтың финалға шығарын ешкім болжамаса керек. «Токио Олимпиадасының екінші айналымында жеңілген боксшының орнына әлем чемпионатына басқа боксшы апару керек еді» деген әңгәмелерді де естігенбіз. Алайда, Серік өзінің бұл чемпионатқа тегін келмегенін ұқтырды. Павлодар облысының бокс тарихына есімін алтын әріптермен жазды. Бұған дейін Павлодар облысының боксшылары әлем чемпионатының жүлдесіне ілікпеген-ді. Серік ақтық сында АҚШ үміт артып отырған Джамал Харвимен жұдырық түйістіреді.

Жартылай финалға шыққан 5 боксшымыздың ішінде тек Абылайхан Жүсіпов финалға өте алмады. Ол жапон боксшысына қарсы айла таба алмай, финалдың жолдамасын уыстан шығарып алды. Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салды.

Қазақстан құрамасы финалға өткен боксшылар саны жөнінен көш басында тұр. Ақтық сында сондай-ақ АҚШ-тың 4 боксшысы бақ сынайды. Ресей мен Кубаның 3 боксшысы алтын жүлде үшін таласады. 

Бет қатталып жатқанда: Белградтағы бокс бәсекесінің финалдық жекпе-жектері басталып кетті. Қазақстандық Теміртас Жүсіпов пен Махмұд Сабырхан финалдық жекпе-жектерін өткізді. Осы және өзге де ақтық сын бәсекелері туралы толық ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Пікір қалдырыңыз