Лайықты ізбасарлар өсіп келеді

Бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия біріншілігі мәресіне жетті. БАӘ астанасы Дубайда өткен жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Біздің құраманың намысын қорғаған ұл-қыздарымыз мүмкін болған 51 медальдің 49-ын жеңіп алды! 

Әсіресе, жуық арада ересектер құрамасына қосылуы мүмкін жастар құрамасының жетістігін ерекше атап өту керек. 8 жас боксшымыз қарсылас шыдатпай, жеңімпаз атанса, 2 боксшымыз ақтық сында ғана есе жіберді. Қоржында тағы 2 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан жастар құамасы өзге қарсыластарын маңайына жолатпады. Екінші орынға ие болған Өзбекстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль болса, 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иемденген Үндістан құрамасы үздік үштікті түйіндеді. 

Қазақстан жастар құрамасының Азия біріншілігінде сәтті өнер көрсетуін кездейсоқтыққа балай алмаспыз. Себебі, биыл сәуір айында өткен әлем біріншілігінде біздің жастарымыз 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде олжалап қайтқан. Жаһан біріншілігінде атой салған жастарымыз Дубайда өткен жарыста да өздерін бар қырынан жарқырата көрсетті. Тек 64 келіде әлем чемпионы атанған Сабыржан Ақхалықов қана Дубайға барған жоқ. Айтпақшы, Сабыржан әлем біріншілігінен кейін кәсіпқой боксқа ауысып, жақында ғана алғашқы кездесуін өткізді. Өзінің дебютті жекпе-жегінде ол өзбекстандық Тұрсынбой Абдулакимовты нокаутпен жеңді. 

Десе де Сабыржанды жоқтатпайтын боксшылар бар екен. Оның салмағында бұл біріншілікте Елнұр Сүйінбай өнер көрсетті. Және қалай өнер көрсетті десеңізші! Ол Азия алтынын алып қана қоймай, осы турнирдің ең шебер боксшысына берілетін номинацияны да жеңіп алды. 

Елнұрдан бөлек Азия біріншілігінде Санжар Ташкенбай (48 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), Әбдіғалым Әбдікерім (57 келі), Ерасыл Ермек (60 келі), Абзал Серік (67 келі), Бақберген Әлиасқаров (75 келі), Темірлан Мұқатаев (86 келі) топ жарды. Ал, аса ауыр салмақтағы Мәди Әміров (92 келі) пен Даниял Сапарбай (92+ келі) ақтық сында сүрініп, күміс жүлдегер атанды. Арман Алматұлы (71 келі) мен Дәурен Мамыр (80 келі) үшінші орынға ие болды.

Қазақстандық қыздар бұл біріншілікте 3 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды қанағат тұтты. Десек те, осы біріншілікке аттанған жас бойжеткендеріміздің барлығы жүлдеге ілінгенін айта кетуіміз керек. 

Ағаларынан жасөспірімдер құрамасы да қалысқан жоқ. Жасөспірімдер құрамасы қоржынға 8 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль салды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы өзге құрамалардан қара үзіп, жеке дара топ жарды. Екінші орынға Өзбекстан, үшінші орынға Үндістан боксшылары жайғасты.

Осы Азия біріншілігі Қазақстан боксының еңсесін тіктегендей болды. Даңқты боксшыларымыздың лайықты ізбасарлары қалыптасып келе жатыр екен. Токио Олимпиадасындағы сәтсіздікті бапкерлік құрамның қателігінен деушілер көп. Енді сол қателікті түзер болса, 3 жылдан кейінгі Олимпидада біздің құрама ойдағыдай өнер көрсетеді деп сенеміз. Оған бүгінгі жас буынның өнері дәлел.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

Пікір қалдырыңыз