10 азаматтың өтінімі мақұлданды

Тұрғын үй сертификатын алу бойынша 10 азаматтың өтінімі мақұлданды. Бұл туралы Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Балықбаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта тұрғын үй алуды көздеген азаматтарға мемлекеттік қолдаудың қайтарымсыз негіздегі тұрғын үй сертификатын беру басталғандығын атап өтті. Сондай-ақ, тұрғын үй мәселесіне қатысты азаматтар тарапынан қойылған  бірқатар сұрақтарға жауап берді.

– Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификатына 26 шілдеден бастап онлайн интернет портал арқылы бүгінге дейін 286 азамат өтінім жіберген. Оның  ішінде 51 азамат өз өтінімін қайтарып алса, 152-сінің өтініші тұрғын үй сертификатын алудың талаптарына сәйкес келмеген. Сондай-ақ, 10 азаматтың  өтінімі тұрғын үй сертификатының жалпы талаптары мен шарттарына сәйкес келуіне байланысты мақұлданды, – дейді А.Балықбаев.

Ол сонымен қатар несиелік бағыттағы бағдарламаларға да тоқталды. Бұдан бөлек тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалдамалы пәтер белгіленген тәртіппен берілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғын үй кезегінің жылжуы толығымен автоматтандырылғандығын, оған ешқандай адами фактор әсер ете алмайтындығын атап өтті.

 Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша арендалық пәтермен бүгінге дейін 608 азамат қамтылды. Оның ішінде 300 арендалық баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148 пәтер көп балалы отбасыларға, 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына берілген болатын. Қазіргі таңда 74 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі қабылданып, тиісті  құжаттары дайындалуда. 

Сонымен қатар, аталған пәтерлер тұрғын үй кезегіндегі көп балалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тамыз айында  берілмек. Бұдан бөлек  294 пәтер құрылысы аяқталуына қарай үлестірілетін болады.

Пікір қалдырыңыз