Балам бастық болсын деме, адам болсын де!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Телеарнадан Үкімет сағатында көтерілген мәселелерді тыңдап отырсам, бізде құрылысшылар, жоғары кернеулі тогы бар стансалардың, бағаналардың инженер-электриктері, монтаждаушылар, дәнекерлеушілер, ағаш ұсталары, бетоншылар жетіспейді екен. Республикамызда жоғарыда аты аталған мамандықтарды оқытатын оқу орындары жеткілікті екеніне қарамастан, кадрларды сырттан шақырады екенбіз. Елімізде жүріп жатқан алып құрылыс нысандарындағы мамандардың 40 пайызын шетелдіктер құрайтын көрінеді. Япырай, осынша бала оқытып отырып, неге жұмыс істейтін маман таппай жүрміз?

Өмірдің заңы солай – қасқыр бөлтірігін, қыран балапанын баулиды. Қыран бүркіт темірқанат балапанын зау-заңғар биіктен ту-у төменге тастап жібереді, биіктіктен қорқып төменге құлдилап кетсе, өз соры өзіне. Қасқыр да бөлтірігін қатал өмірдің қайнаған ортасына салып жібереді.

Адам ше? Адамзат әлімсақтан бері ұрпағына саналы тәрбие беріп келеді дейміз. Әр ата-ана «ұрпағым белгілі бір мамандықтың шебері болса екен» деп тілейді. Әйткенмен, түз тағылары, көк сұңқары сияқты емес, адамдар баласын баулуға келгенде қаталдыққа бара алмайды. Әсіресе, біздің қазақ баланы баулудан бұрын бағуға бейім тәрізді.

Қарап отырсаңыз, әр кәсіптің өзіндік қиыншылықтары бар. Мамандыққа қолымен ұстап, көзімен көріп, қанына сіңіріп, жон арқасынан борша-борша болып ащы тер сыпырылмай қол жеткізу мүмкін емес. Тиіп-қашып үйренген кәсіп – кәсіп болмайды. Былтыр бір колледжде болдым. Директоры көргені мен түйгені мол кісі екен. «Үйімнің шатырын ауыстырмақ болып, маман іздедім. О, тоба! Бір қазақтың баласын таппадым. Ақырында орыстың екі-үш жігіті келіп шатырымды жауып беріп кетті. Еңбекақыларына қомақты қаржы сұрады. Бердім. Қолдарына жұғып қалмайды ғой, осы кәсіпті неге қазақ баласы меңгермейді?» дейді директор. Ол қазақ балаларының епсіздеу, икемсіздеу екенін біліп тұр. Мен үйдегі теледидарымды, тоңазытқышымды ұлты басқа мамандарға жөндеттіргенімді айттым. Өзбек, ұйғыр ағайындар балаларын кішкентайынан жер еміп, сауда жасауға үйретеді. Қорасын сылай алмай жүрген қазақ қана. Зәулім-зәулім үй тұрғызатындар көрші елдерден келетін құрылысшыларға тәуелді. Олардың ешқайсысы «қолымыздан келмейді» демейді, бірден іске кіріседі. Өйткені, әкелері оларды бармақтай кезінен еңбекке баулыған. Өзбек пен ұйғырға ұлтарақтай жер берсеңіз, олар сізден жұмыс сұрамайды. Алақандай жерден ақшаны күреп тауып отырған соларды көріп қызығамыз.

Менің бір досым балаларын тегіс оқытты. Тіпті, кей баласына қос-қос диплом әперді. Қалай алды, қалай оқыды, ол жағына барыспаймыз. Алайда, қос-қос қатырма қағаз сандығында қалды. «Бастық болады» деген баласы бақыр тиын да таппай, сандалып жүр. Бүгінде қара жұмыс істеуге намыстанып, шалқасынан түсіп жатыр. Не ойлайтынын өзі біледі.

Орыстар, еврейлер ұлдары он сегізге толған соң үйлерінен шығарып жібереді. «Өз күніңді өзің көр» дейді. Осыларды көріп, жоғарыда айтқан қасқыр мен қыран еске түседі. Екеуі де ұрпағын есейгенше асырап жүрген жоқ. Жасы қырыққа жеткенше ұлдарын мойындарына мінгізіп отырған қазақ қана. Оу, орыс баласы сияқты компьютерді, теледидарды, тоңазытқышты, кір жуғыш машинаны, автомобиль жөндеуді үйреніп алсаңшы. Осы ретте бір мысал айтайын. Біздің бір көршіміз орыс. Ұлы тоғызыншы сыныптан соң мектептің есігін қайта ашпады. Оған үйіндегі үтігін, велосипедін жөндей салу түк те қиын емес еді. Колледжді бітіргеннен кейін тіптен шебер болып алды. Біздің балалар көлігін соған жөндеттіреді. Қара майға түсіп, қолы күс-күс болып жүрсе де әлгі көршіміз бізден ауқатты. Көлік жөндеп жүріп-ақ қымбат шетелдік автокөлік сатып алды. Дөңкиген дәу көлігімен әрі-бері дүрілдетіп өтеді. Мұнысы маған «мені көрдіңдер ме?» дегені тәрізденеді.

Үйіміздің іргесінде шаштараз жұмыс істейді. Сұраса келе шаштараз жерлес болып шықты. Келіншегінің мамандығы мұғалім екен. «Аға, қақыңызды жемеймін, келініңізді мектепке орналастырып беріңіз» деді бір барғанымда. Бірақ, менің қолымнан келінді мектепке орналастырып беру келген жоқ. Бүгінде осы танысым: «Аға, келініңізді мектепке орналастырмағаныңыз дұрыс болды. Үй іргесінен оған шағын ғимарат салып бердім. Әйелдердің шашын қырқады, бояйды, менен тәуір табыс табады» дейді. Кейіннен білдім, жас жұбайлар екі қабатты үй салып алыпты.

Иә, нарық заңы қазақ жастарын да бірте-бірте нанын тауып жеуге үйретіп келеді. Сауда-саттық, алып кел, барып кел сияқты ауырдың үстімен, жеңілдің астымен атқарылатын жұмыстарға жарап қалды. Мебель жасау, гүл өсіру, көлік жөндеу тәрізді жұмыстарды да тәп-тәуір меңгерген қандастарымыз бар. Десек те, қазақтың мойнынан жалқаулық әлі де түспей келе жатқандай. Бүгінде телеарнаны қосып қалсаңыз, малшы іздеген жарнама, хабарландырудан көз сүрінеді. «Жаңа үй салатын едім, сарай жөндеттіремін, көкөніс егіп едім, көршілес елдерден келгендер бар ма?» деп сұрайтындар көп. Осыған қарағанда бүгінгі қазақ жастары ата-баба кәсібінен қол үзе бастаған ба деп те ойлайсыз. Баласынан бастық жасап шығаруды армандайтын қазақ ұлдарын кәсіптік мамандықтарға жолата бермейді. «Тым құрығанда қолтығына папка қыстырып, мектепке барып-келіп жүрсе болғаны» деп ойлайтын ата-аналар он бір жыл бойы мұрындарынан жетелеп жүріп әзер оқытқан балаларын педагогикалық жоғары оқу орындарына сүйрелейді. Қалай болғанда да баласы қара жұмыс істемесе болғаны. Әрине, баласы зерек, талапты болса таласымыз жоқ, білікті, Отанға керекті маман болсын. Алайда, бүгінде қолдан бастық жасаудың уақыты өтіп кеткенін білуіміз керек-ақ.

Міне, оқу жылы да аяқталды. Жоғары оқу орындарының алды талапкерлерден бір босамайды. Бәрі де жұлқынып тұр. Ұлыңыз не қызыңыз қандай мамандықты таңдады? Ертең қолына диплом алғанда қызметке орналаса алады ма? Ең бастысы, таңдаған мамандығын қаншалықты сүйеді? Ертеңгі маман Отанына, еліне қандай қызмет ете алады? Біздіңше, ата-аналар осы сауалдарға бас қатыра бермейтін сияқты.

Қалай дегенде де замана ағымы босбелбеулікті қаламайды. «Ұрпағым бақуатты болсын» десеңіз, оны белгілі бір кәсіпке баулыңыз. Бетімен кеткен баланың қолынан түк келмейді. Нансоғарлар қатарын көбейтіп, масыл болып өседі. Қыран баулығыңыз келсе, қаталырақ болыңыз.

Иә, ұрпағым қыран болсын дейтін әке сұңқарлар салған ізбен жүреді! Дана қазақ: «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер. Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын көрге сүйрер» дейді.

Сізге осының қайсысы қымбат?

 

 

Пікір қалдырыңыз