Отанға деген махаббаттың орны жүректе!

Қай мемлекет болмасын, елтаңбасымен еңселі, әнұранымен айбатты, туымен тұғырлы. 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран. Бұлар мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілер. Ал, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – парыз.

«Рәміз» деген сөз грек тілінде «символ» деп аталынады. Рәміз – философия мен психология өнерінің ең басты дәрежелерінің бірі. Дүние жүзіндегі мемлекеттердің ресми рәмізділігі үш бірлікті білдіреді – Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Әнұран. Олар елдің саяси тәуелсіздігінің белгісі болып табылады.

Көптеген елдерде мемлекеттік рәміздерді жалпыұлттық және біріктіруші күш ретінде ұғынады. Рәміздер діни, партиялық, рулық бөліністерден биік болып, барлық құндылықтарды біріктіреді.

Туып-өскен еліңнің мемлекеттік рәміздерінің мағынасын түсіну, оның тарихымен таныс болу − әрбір Қазақстан азаматының борышы. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, санасына елінің рәміздеріне деген құрмет сезімін сіңіру үшін оның тарихын қайталап отырудың еш артықтығы жоқ. Осы арқылы жастардың Қазақстан рәміздері туралы түсініктерін кеңіте отырып, оны құрметтеуге, мақтан тұтуға тәрбиелейміз. Мемлекеттік рәміздер белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-мақсаттарын, басқалармен байланыс-мұратын білдіретін белгі. «Біз тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз керек, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы кажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы» деген Елбасы Н.Назарбаевтың лебізін Қазақ елінде тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы қажет.

Жалпы, қазақ жерінде ту қашан пайда болды деген сұраққа жауап іздесеңіз, сонау ерте замандарда жартаста сызылған суреттерден ту көтерген батыр бабалардың бейнесін көрер едіңіз. Көне ұғымдарды былай қойғанда, аттары бүгінге жеткен Мөде, Жәнібек пен Керей, Қасым мен Есім хан, Тәуекел мен Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай сынды ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай-қайсының да өз байрағы болғаны мәлім. Мемлекеттік Ту – елдің тәуелсіздігін білдіретін ресми нышан.

Ту – ағаш сапқа немесе бауға ілінген белгілі бір түсі, көбіне эмблемасы бар мата. Мемлекеттік Тудың негізгі сипаттамасы Конституция бойынша бекітіліп, тіркеледі.

Елдігіміздің нышаны – рәміздер үшін байқау жарияланғаны белгілі. Мемлекеттік рәміздерде эстетикалық талаптармен бірге, тарихи, экономикалық, саяси мәні анық көрінетін шешімді табу қажет болатын.

Туды айқындайтын элементтердің бірі – оның түсі. Біздің туымыз үшін көк түстің таңдалуы кездейсоқ емес, ол адалдықтың, мінсіздіктің және сенімділіктің белгісі. Бірлікпен бірге көк түс барлық елдердің тыныштығы мен ырысын білдіретін бұлтсыз аспанды еске салады. Аспандай ашық көк түс қазақтардың ұлттық түсі десе де болады. Өйткені, көшпенді қазақтар үшін табиғат мекендеу ортасы ғана емес, сонымен қатар, өмірлерінің ажырамас бөлігі болатын. «Көк» сөзі ежелгі түріктердің тіліне аударғанда «Шығыс» мағынасын беріп, осылай тудың түсі географиялық ақпараттың тасушысы ретінде де қолданылады. Геральдистердің сөзіне сүйенетін болсақ, Қазақстан жер шарының шығысында орналасып, шығыс мәдениетінің өкілі екендігін білдіреді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Туымыздағы күн бейнесі – шекарамыздың бұзылмайтындығын бейнелейді. Шексіз далада ұшқан қыран, ою-өрнек – еліміздің ұлттық жиынтық белгісі. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.

Мемлекеттік Туымыздың авторы – республиканың еңбек сіңірген өнер қайраткері − Шәкен Ниязбеков. Ол Қазақстандағы дизайнерлік өнердің негізін салушылардың бірі. Мемлекеттік Туымыз бүгінде өз елімізде ғана емес, шетелдердегі елшіліктеріміздің маңдайшаларында да желбіреп тұр. Ұшқыш Талғат Мұсабаев көк туымызды ғарыш кемесімен заңғар көкке көтерсе, альпинистеріміз 1995 жылы Эверест шыңына қадады. Мұнан бөлек спортшыларымыз еліміздің туын әрдайым көкте желбіретіп, жанкүйерлерін қуантып жатады.

Ал, «Елтаңба» сөзі полякша – «эмблема» деген сөздерден шыққан, елтаңбаның мөрге бедерлеп түсірілген бейнесі, мемлекет, үкімет атынан қабылданған құжаттарға немесе басқа да ресми құжаттарға басылады. Елтаңбалардың тарихи бастауында мөр таңбасы тұр. Ол меншікті, билікті ажыратқан. Елтаңбаның үздік жобасына 245 жұмыс, 67 хат ұсынылған еді. Халық қалаулылары мен Елбасы назары сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов жасаған бүгінгі елтаңбамызға ауды. Көп ұзамай тәуелсіз елдің төл белгісі қалың жұртшылықтың жүрегіне жол тартты. Мемлекеттік Елтаңбамыз – дөңгелек нысанды. Дөңгелек – қазақтар үшін аса құрметті, өйткені, бұл нысан шексіздіктің белгісі. Ортасында шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнеленген. Шаңырақ – отбасы амандығы, бейбітшілігі және ашық аспанды білдіреді. Шаңырақты айнала күн сәулесі бейнесіндегі уықтар шаншылған. Олар өмір мен жылудың нышаны. Оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар орналастырылған. Тұлпардың алтын қанаттары – мол астықтың, бейбіт еңбектің және ырыс-несібенің белгісі. Елтаңбаның ортасында бес бұрышты жұлдыз, біздің жүрегіміз бен құшағымыз барлық құрлықтардың өкілдеріне ашық деген сөз.

Мемлекеттік Әнұранға келер болсақ, ол кез келген жерде орындала бермейді. Мемлекеттік Әнұран, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Президенті президенттік жұмысына алғаш кіріскен кезде, ол ант бергеннен кейін орындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда салтанатты жиындар басталарда шырқалады. Сондай-ақ, ел спортшылары құрлықтық, әлемдік додаларда жеңімпаздар тұғырының төрінен табылып, сол жеңістің құрметіне Әнұран орындалады. Ал, теле және радио хабарларын таратуға лицензиясы бар байланыс ақпарат құралдары күн сайын, бағдарламаларын бастар және аяқтар кезде Мемлекеттік Әнұранды орындайды.

Мемлекеттік Әнұранды толық емес, ықшам орындауға рұқсат етілген. Ал, оның мәтіні мен музыкалық редакциясын өзге музыкалық шығармалардың және басқа да өнер туындыларының негізі ретінде пайдалануға тыйым салынады.

Егемен Қазақстанның Әнұраны екі мәрте жаңарды. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақ-станның Әнұраны Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әнұран мәтінінің авторлары Елбасы Н.Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов, музыкасын жазған – Шәмші Қалдаяқов.

Мемлекеттік Әнұран бізді көне де киелі қазақ жерінде бейбітшілік пен береке, татулық пен ізгілік мәңгі салтанат құра беруі жолында бірігуге шақырады.

Саясат бөлімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз