Ол өзінің ерлік жасағанын білмейді

Абай БАЛАЖАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Сөйлеп кеп бергенде алдынан керме тартып тоқтатпасаң тоқтамайтын адамдар болады. Олар туралы «шіркіннің баласы нағыз сөзге шешен екен» деп риза болып жатамыз. Енді бір замандастарымыз бар, шешіліп сөйлей қоймайды. Сұрағыңа тақ-тұқ жауап береді, айтатын әңгімесін үш-төрт-ақ ауыз сөзбен түйіндей салады. Мықтағанда «томаға-тұйықтау жан екен» дейміз олар туралы. Әйтпесе «жарытып сөйлей де алмайды ғой» деп біраз жерге апарып тастаймыз. Бірақ, сол өзіміз томаға-тұйық деп есептейтін немесе жарытып сөйлей алмайды деп мінейтін адамдарымыздың ішкі әлеміне үңіле бермейміз. Солардың көпшілігінің өздері сөйлемегенмен, көздері сөйлеп тұрады. Өкініштісі, бәріміз бірдей көздегі жазуды оқи алмаймыз...

Сондай сөзге жоқ жандардың бірі – Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек. Мен осы жігіттің алдында жарты сағат отырып көрмеппін. Әңгімеміз әрі кеткенде 10 минутта түгесіліп қалады. Келген шаруамды айтамын, Мұрат ол шаруа бітетін шаруа болса, бітетінін айтады, бітпейтін шаруа болса, не себепті бітпейтінін айтады. Болды. Одан әрі не деп отыра бересің?!

Осы таяуда Жетісайға арнайылап барған соң ауданның әкіміне – Мұрат Қадырбекке әдейілеп кіргенмін. Әйтеуір сөзден сөз шығып отырып, оның Арыс қаласына әкім болған кезі, таяуда екі жыл болатын Арыстағы жарылыс жайы әңгіме өзегіне айналып кетті.

– Арыс – менің өмірбаяным, – деді Мұрат. – Арыс мені әкім ретінде қаншалықты өсіргенін ел айтар, қала берді, Уақыт айтар, ал, адам ретінде, азамат ретінде кәдімгідей өсіргенін өзім де сезетін сияқтымын. Ең бастысы, көп мәселеге көзқарасым өзгеріп кетті. Арыстағы жарылыстың адамдардың психологиясына қалай әсер еткенін оқиғаның ортасында жүріп көрдім. Дәл қазір менің түсінігімде нағыз батыр адамдар Арыста жасайды. Бірақ, олар өздерінің күнде ерлік жасап жүргендерін білмейді. Мәселен, бір үйді өрт шалып, ішінде кішкентай сәбилер қалып кетті делік. Лаулап жатқан өртке ойланбай қойып кетіп, сәбилерді ажалдан арашалап қалған адамның әрекеті, сөз жоқ, ерлік! Ол бір-ақ сәтте түпкілікті шешім қабылдады! Сосын бес минут, әрі кетсе он минуттай уақыт ажалмен бетпе-бет келіп, сәбилерді құтқарып қалды.

Ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Дегенмен...

Біздің қоғам бес минут, бәлкім он минут уақыт ажалмен бетпе-бет келіп, асқан ерліктің үлгісін көрсеткен бейбіт күннің батырына лайықты құрмет көрсетеді. Батыр жігіт мемлекеттік наградамен марапатталады, журналистер оның жасаған ерлігін бүкіл елге паш етеді. Ал, Арыста...

Арыс қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бүгінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген Қазыбек Ақылбай дейтін жап-жас жігіт бар. Арыста жарылыс болған уақытта оның жасы 25-те болатын. Қазыбек батыр сол жарылыс болған күндері 5 минут емес, 10 минут емес, тәулік бойы ажалдың ортасында отырды. Иә, тәулік бойы!

Білесіздер, сол күні облыстағы барлық өрт сөндіру машиналары Арысқа жұмылдырылды. Олар жұмысын үздіксіз атқару үшін қисапсыз көлемде жанар-жағармай керек еді. Ал, жанар-жағармай құю бекеттерінің бәрі жабық, иелері есігін құлыптаған да қаладан қашып шығып үлгерген. Оларға «тез қайтып келіп, ысылдап ұшып жатқан снарядтардың арасында отырып, өрт сөндіру машиналарына жанар-жағармай босатыңдар» деп қалай тапсырма берерсің?! Жанар-жағармай жеткілікті, бірақ, оны босатудың тілін білетін адам жоқ. Не істерімізді білмей, дағдарып қалған сәт еді. Қалада он шақты-ақ адам қалғанбыз. Сол кезде қайдан келгенін білмеймін, осы Қазыбек сарт ете қалды. Мәселенің мән-жайын түсінген соң «мен жанар-жағармай құю бекетінде жұмыс істей аламын. Ағамның Арыста осындай екі-үш бекеті бар еді. Уайымдамаңыздар, ағама бір хабарласып алып, жұмысқа кірісемін» деді де шығып кетті. Содан жарты сағат өтер-өтпесте Арысқа келген өрт сөндіру машиналарына жанар-жағармай босатыла бастады.

Қазыбек батыр жанар-жағармай құю бекетінде сол отырғаннан түнгі он екіден асқанша отырды. Түннің бір уағында «аға, жанар-жағармай түгел құйылды, енді қайта берсем бола ма?» деп телефон соғып тұр!

Ол отырған жанар-жағармай құю бекеті кез келген уақытта снаряд түсіп, жарылып кетуі әбден мүмкін еді ғой. Және Қазыбек оны білмейді емес, біледі. Оны қауіп-қатердің ортасына байлап қойған қандай күш? Меніңше, жас жігіттің туған қаласына деген алапат махаббаты барлық қауіп-қатерден де күшті болып шықты. Демек, Қазыбектің сол сәтте қабылдаған шешімін ақкөз батырлықтан гөрі саналы ерлік десек, қателеспейміз.

Арыста өткізген жылдарым өзім үшін өте мазмұнды жылдар болды. Иә, қызығынан қиындығы көп болғандығы да рас. Алайда, оған ешқашан өкінбеймін. Тек кейбір бітірсем деп қолға алған немесе ойға алған жұмыстарды уақыттың тығыздығынан, басқа да түрлі себептердің қолбайлау болуынан аяғына дейін жеткізе алмай қалғандығың қинайды. Жаңағы Қазыбек Ақылбайды мемлекеттік наградаға ұсынған едім, жоғарыдағылар соны созып жіберді, – дейді Мұрат әкім жабырқап.

Кейін Арысқа жол түскенде Қазыбек батырдың жұмыс кабинетіне арнайы кіріп, амандасқанбыз. Қазақтың бүгінгі батыры награда бермеді деп өкпелегенді айтасыз, «мен сол күндері ерлік істеген едім-ау» деп те отырған жоқ. Тіпті, ол өзінің ерлік істегенін білмейді де! «Енді... жұмыс қой» дейді. Құдай, тіл-көзден аулақ, не деген сүйкімді! Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Сол бір күндерді күліп еске алады.

– Бәрі бір-ақ сәтте басталып кетті ғой, өзі, – дейді Қазыбек сол күндерді еске алып. – Жұмыста отырғанбыз. Бірге қызмет істейтін Серік Орынбасаров дейтін әріптесіміз «Қожанов мектебінің шатыры жанып жатыр-ау, қою түтін көрінеді» деген соң «Нива» автокөлігін мініп, солай беттегенмін. Сол-сол екен, гүрсілдеп снарядтар жарыла бастады. Келіншегімнің дәл сол уақытта үшінші перзентімізге аяғы ауыр еді. Бала күтіміне байланысты демалысқа шығу үшін құжаттарын туралап жүрген. Оны емханадан мінгізіп алдым да үйге тарттым. Үйге келсек, анам кішкентайларымды алып, көршінің подвалына түсіп кетіпті. «Ең қауіпсіз жер осы» деп ойлаған ғой. Отбасымды әуелі Құдайға, сосын көршіге тапсырдым. «Қаладан шығып кететін болсаңыздар, менің де отбасымды тастамай, өздеріңізбен бірге ала кетіңіздерші» деп өтініш айттым да, жұмысқа қарай құстай ұштым. Атасына мың рахмет, Полат көршім өз отбасымен бірге менің де отбасымды Монтайтасқа жеткізіпті.

Сонымен, жұмысқа келе жатып, жолдан Ғани дейтін қызметтесімді жолықтырдым. Ғани ескі үйінің қасынан жаңа үй тұрғызып жатыр еді. Ескі үйінен шыққан өрт жаңа үйіне қарай өте бастаған екен. «Бәрі де бітті, не істей аламыз?..» деп Ғани теріс айналып кетті. «Ешнәрсе де біткен жоқ, еш болмаса жаңа үйді аман сақтап қалайық» дедім Ғаниға. Сөйттік те жақын маңдағы жанар-жағармай құю бекетінен өрт сөндіргіш әкеліп, екеулеп қызыл жалынмен арпалыстық. Әрең дегенде өшірдік. Сәл дамылдап отырғанда бір-бірімізге көзіміз түсіп кетті. Екеуміздің де күйеден сау жеріміз жоқ. Ғанилардың үйіне жақын туыс ағамыздың үйі болатын. Әп-әдемі моншасы бар. Жуынып-шайынып алайық деп әлгі ағамыздың үйіне келсек, тірі жан жоқ. Бәрі бой тасалап үлгерген. Ғани екеуміз жақсылап жуынып алып, әкімшілікке жұмысқа келдік. Қала әкімі Мұрат Қадырбекке дәл сол кезде ұшырастық қой, – дейді Қазыбек.

Содан Қазыбектің айтуынша Ғани екеуі әкімшіліктен шыға бергенде қала әкімінің орынбасары Ербол Ақтаев ұшырасады. «Жігіттер, Сапаркүл Момбекованың да жанар-жағармай құю бекетін іске қоспасаңдар болмайды. Себебі өрт сөндіретін машиналардың бір жерге топырлап жиналып қалғаны өте қауіпті» дейді әкімнің орынбасары. Содан Ғани екеуі екі бекеттен жанар-жағармай босатады. «Ең соңғы КамАЗ-ға 176 литр солярканы сағат түнгі 12-30-дарда құйдық» дейді Қазыбек.

– Шыныңды айтшы, түк те қорыққан жоқсың ба? – дейміз Қазыбекке.

– Қорыққанда не істейсің? Біреу солярка босату керек қой, – дейді Қазыбек. – Апам (әкесінің шешесі. Қазыбек осы апасының баласы болып кеткен) ол күндері Шымкентте еді. Сол кісі «қайт та, қайт, уайымнан өлетін болдым» деп қайта-қайта хабарласып, мазаны алды. «Мен жұмыстамын» десем, үлкен кісі, түсінбейді. Сосын қулық істеп, телефонды өшіріп тастадым!» деп Қазыбек батыр өзінің сол күндердегі әрекетіне риза болып отыр.

Біз көрген, біз әңгімелескен Қазыбек біреуден марапат сұрайын деп отырған жоқ. «Мені мақтасаңдаршы» деуден де аулақ. Аузын ашса, жүрегі көрінетін жігіт сол күндері қасында болған адамдардың адамшылық қасиеттерін айтып тауыса алар емес. Жарылыс әлі басыла қоймаған сәтте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мінген көліктің өзі отырған жанар-жағармай құю бекетінің қасынан жәй ғана сызып өткенін, сол кезде ел басшысын көріп қалғанын айтады. Алайда, «мен ерлік істедім» демейді.

Марапат Қазыбекке керек емес. Ол марапат Қазыбектің замандастары үшін керек. Олар өздерінің жанында батыр ұлдың жүргенін білулері керек. Олар Қазыбекке қарап бой түзеулері керек!

Мереке-мейрамдарда пәленбай адамды орден-медальдармен жарылқап жатамыз ғой, сондай кезде осы біздің Қазыбек баланы ұмытып кетпеңіздерші, астанадағы көкелер!

 

 

2 пікір

  • Жандарбеков Әкім
    Жандарбеков Әкім

    Аузын ашса журегі корінетінін жігітін бірі.Ак пейл тек жумыс орнына беріліп кеткен азамат осындай Казыбектей азаматтар коп болса екен.Бийктен корініп журсін осындай азаматтар Казыбектей жумыстары тек алга алга журеберсін.Біздін мактанышымыз болып????✊

  • Ерпашова Маржан
    Ерпашова Маржан

    Өте дурыс саламатсыздар еңбектермен жанып истерин алға баса берсин биздей кисилерге бул өте комек, рахмет. Сиздерге

Пікір қалдырыңыз