Бір келін Мәдинадай-ақ болсын!

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Дұрыс пайдалана білсек, әлеуметтік желінің пайдасы көп. Мұнда өз бизнесіңді дамытуға, клиенттер тартуға мол мүмкіндік жасалған. Әлеуметтік желіге, әсіресе жастар жағы епті. Үйде отырып-ақ әлеуметтік желі арқылы табыс тауып жүргендердің бірі – шардаралық Мәдина Абайқызы.

Мәдина Келес ауданында туып-өскен. 2016 жылы Шардараның жігітіне тұрмысқа шығып, бүгінде әулеттің үлкен келіні ата-енесіне немере сүйдіріп отыр. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы «Даналық» медициналық колледжін медбике ісі мамандығы бойынша тәмамдаған. Жас келін әлеуметтік желіде жай отырмай, түрлі ас мәзірлерін, кондитерлік өнімдерді пісіруді үйренеді. Ол пісірген кез келген тағамның алғашқы тұтынушысы – өзінің отбасы. Бастапқыда көңілдегідей шықпағанымен, бірте-бірте тәжірибесі толысып, нағыз шеберге айналды. Мәселен, таңғы шайға жеңіл-желпі пирогтар пісірсе, мереке күндері дәмі тіл үйіретін торттар дайындайды. Он саусағынан өнері тамған Мәдина өз бетінше біліктілікті арттыру сабақтарына қатысып, тәжірибе жинақтады, өзін жан-жақты дамыта бастады. Бүгінде оның кондитерлік өнімдер пісіруге деген қызығушылығы табыс табатын кәсіпке айналып отыр. Ол пісірген тағамдардың дәмін татып көрген ағайын-туыс, көрші-қолаң бірте-бірте оның тұрақты клиенттеріне айналып, ақырында біртіндеп тапсырыстар түсе бастады. Шардарадай шағын қалада әредік бір түсетін тапсырысқа қарап отырмай, клиенттерін әлеуметтік желі арқылы табуға көшті. Оның кішігірім бизнесі осылай басталды.

– Бизнес бастау оңай емес екен. Мақсатыма жетуіме күйеуім мен анам қолдау көрсетті. Олардың демеушілігімен кәсібіме қажетті құралдар сатып алып, іске бел шеше кірістім. Бастапқыда шағын ғана пеш пен миксерден өзге құрал-сайманым да болмады. Бір торт пісіруге әжептеуір уақыт кететін. Енемнің балаларға қарайласқанының өзі үлкен көмек. Қазір жұрттың бәрі сапаға мән беретін заман. Пісірген дүниең дәмді болса, сұраныс та көп. Мереке күндері әзірленген торттарым көптің көңілінен шығып, жан-жақтан сұраныстар түсе бастады. Мұнымен тоқтап қалмай, кәсібімді кеңейтуді қолға алдым. Инстаграм әлеуметтік желісінен «Shardara_cakes» аккаунтын ашып, тапсырыстарды сол арқылы ала бастадым. Аллаға шүкір, қазір сол кездегі табандылығымның арқасында осы кәсіптің нанын жеп отырмын. Биыл анам кәсіпті өркендетуге арналған «Бизнестің жол картасы – 2020», «Бастау» бағдарламасы жайлы айтып, қайтарымсыз қаржы алуға кеңес берді. «Құжаттарыңды тапсырып көр. Бұл сенің қолыңнан келеді» деп маған ерекше қолдау көрсетіп отыр, – дейді ол.

Екі баланың анасы Мәдина онлайн оқып-ақ бизнестің қыр-сырын үйренді. Бизнес жоспарын сәтті қорғады, сертификаты қолға тиді. Қайтарымсыз қаражатқа заманауи кәсіби конвенциялық пеш пен стационарлық миксер алды. Мәдина келешекте Шардараның орталығынан үлкен кондитерлік үй ашуды жоспарлап отыр.

 

 

Пікір қалдырыңыз