Бақты бағаласа тұрақтайды

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі.

Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі мереке. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс» деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.

Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әлеуметтік ахуалдың күрделі болғандығы баршаға белгілі. 1992 жылдан бастап елдегі демографиялық өсім төмендей берді. 10 жылға жалғасқан бұл үрдіс 2002 жылы аяқталды. Сол жылдан бастап Қазақстан халқының өсімі байқалды.

Енді тәй-тәй басқан мемлекетіміз үшін әлеуметтік-экономикалық ахуалды түзету алдыңғы кезекте тұрды. 1996 жылғы деректерге сенсек, елдегі кедейлік деңгейі 9 есе төмендеген екен.

Тәуелсіздік алған жылдары өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. Еліміздің рухани-мәдени өмірінде де оң өзгерістер орын ала бастады. Атап айтар болсақ, 1995 жылы ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге мүмкіндік туды. Одан 5 жылдан кейін осы ұйым көлемінде рухани шаһарымыз Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы атап өтілді. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, еліміздегі мәдениет пен тарих саласын дамыту жаңа арнаға түсті. Соның арқасында көне ескерткіштерді, тарихи орындарды зерттеуге, зерделеуге жол ашылды.

Сонымен қатар, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Ол өткен тарихымызды зерделеп, екшеп, кемел келешекке ұмтылған біздің еліміз үшін маңызды іс-шаралардың бірі болды. Мерейтойға орай 700-ге жуық мерекелік іс-шара өткізілді. Елдігіміз бен тарихымызды насихаттайтын мұндай ірі көлемдегі шаралардың өскелең ұрпаққа, ел азаматтарына берері мол.

Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды.

Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықта өз орны бар елге айналды. Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат берер, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұланғайыр атақонысының (этникалық территориясын) қалыптасуын, ұлттық мемлекеттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының құрылуы мен дамуын өзі отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлаған хандар мен оларға ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес берген, кемшілікті айта білген ұлы билерді, ел қорғаған батыр бабаларды, елдің сөзін сөйлеген ақындарымызды жатқызуға болады.

Тәуелсіздік алғанымызға да ширек ғасырдан асып барады. Арқа төсіне салынған жаңа елордамыз бүгінде әлем жұртшылығы қызыға қарайтын нән шаһарға айналды. Рухани астанамыз Түркістан шаһары да күннен-күнге ажарланып келеді. Жақында өткен түркі елдерінің бейресми саммиті кезінде Түркістан қаласы түркі елдерінің рухани астанасы болып жарияланды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның даму жолында жеткен жетістіктерінің бір парасы.

Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстан туралы айтарымыз да, мақтанарымыз да көп-ақ!

Тәуелсіз Қазақстан деген қасиетті әрі киелі сөздің мағынасына терең бойлау үшін біз ең әуелі мына мәселелерді мұқият саралауымыз керек. Біз азаттығымыздан, тәуелсіздігімізден, бостандығымыздан қашан және қалай айрылып қалдық? Оған итермелеген қандай себептер? Тарих бізге осылардан сабақ, тағлым алу үшін керек. Тәуелсіздік – тәу етер киеміз, Тәңірдің сыйы. Оны бағалай білсек, басымызға қонған бақ құсы да баянды болмақ.

Алмас САЛИМОВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы.

 

 

Пікір қалдырыңыз