Ертеңімізді ойласақ...

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Көптеген дүниені өз қолымен жасаған адамзат бір ғана дұшпанын тұқыртатын амал таппай келеді. Бір өкініштісі, жұмыр басты пенделер оны да өз қолымен жасап алған. Ол – сыбайлас жемқорлық.

Иә, бұл тақырыптың аясы өте кең. Содан да болар, жемқорлық жойылса екен деген ниетпен айтылатын сөз де, ақшаны арам жолмен тапқысы келетіндердің алыс-берісі де азаяр емес. Жең ұшынан жалғасып кететіндердің әрекетіне тоқтам салмаса болмайды деп шырылдап жатқандардың жанайқайы орынды. Ал, алғанының үстіне тағы алғысы келіп тұратын тойымсыздарға не жетпей жатыр? Қу құлқынды толтырамыз, өмірі тоймайтын көзді қандырамыз деп темір тордың арғы жағынан бір-ақ шыққандардың, елінен босып, шетелді паналап жүрген шенділердің жағдайы теріс пиғылдылардың санасына қалайша түрткі болмайды?

Мемлекет басшысына 2020 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаев жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылуы және еліміздің Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша ілгерілегені туралы айтты. Агенттіктің экс төрағасының айтуынша, жүйелі жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың арқасында Қазақстан аталған рейтингте алғаш рет(!) 38 балл жинаған. Бұл еліміздің 19 сатыға жоғары көтеріліп, 94-ші орынға табан тіреуіне мүмкіндік берген екен. Бірақ, бұл бөркімізді аспанға лақтыратындай көрсеткіш пе? Әлбетте, жоқ. Мұндай көрсеткішпен дамыған елдердің қатарына қалай кіреміз? Тапқан-таянғанының бір бөлігін мемлекет қазынасына құйып отырған халықтың қаржысын шімірікпей қалтасына басатындардың қатары қалыңдап барады. Бұл адамдардың мемлекетке, билікке деген сенімдерін сетінетпей ме? Мәртебелі мемлекеттік органдардан бастап, перзентханаға дейін жемқорлық дендеген елдің ертеңі не болмақ? Тап қазір елін ойлайтын әр адамның көкейін тесіп бара жатқан осы сұрақтарға жауап табу қиынның қиыны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу және тиімсіз жұмсалған қаржының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 95,6 миллиард теңгенің кері қайтарылғанын атап өтті. Бұл – қомақты қаржы. Алайда, өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары 5 пайызға ғана төмендеген. Ал, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде былтыр 105 жемқорлық фактісі тіркелген. Әрине, 2019 жылмен салыстырғанда 9 қылмысқа аз. Дегенмен, мешкей деген жақсы ат емес. Біздіңше, Түркістандай рух ұйыған жерде бірде-бір сыбайластық жемқорлық фактісі орын алмауы тиіс! Анықталған сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстардың басым бөлігі жергілікті атқарушы мекемелер мен ішкі істер қызметінде орын алған. Айталық, білім саласында – 26, жер қатынастарында – 15, тұрғын үй қатынастарында – 8, әлеуметтік салада – 7, құрылыс саласында – 6, полиция органдарында 19 қылмыс орын алған. Жалпы, өңірде сыбайлас жемқорлық көріністері негізінен кадр мәселесін шешу, жәрдемақы тағайындау, жер телімін беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсау және мемлекеттік сатып алуды орындау барысында орын алған. Соның салдарынан мемлекетке жалпы көлемі 1 млрд. 131 млн. теңге залал келтіріліп, оның 1 млрд. 122 млн.теңгесі ел бюджетіне өндірілген.

Осыған дейін әкімдердің, құқыққорғаушылардың, көптеген лауазымды, ықпалды тұлғалардың жымысқы әрекеті әшкере болды. Қаншама атақты, абыройлы адамдардың артынан сөз ерді. Сайып келгенде, сөз бекерден-бекер айтылмайды ғой... Соның әсерінен қазір қолы қысқа қараша кімге сенерін білмейтін хәлге жетті. Осы бір опасыз әрекетке әбден еті үйренген адамдардың басым бөлігі «лажы болса, мәселені ақшамен шеше салайық» деуден тайынбайды. Оны көзбен көріп, құлақпен естіп те жүрміз... Бірақ, дәл осы бағытпен кете берер болсақ, болашағымыз бұлыңғыр. Осы орайда қазір агенттік өзара іс-қимыл орнату үшін халықты ашықтыққа шақырып отыр. Яғни іс-қимыл аясында кез келген адам өзі куә болған жемқорлық деректерін құзырлы мекемеге жеткізуі қажет. Ол үшін 1414 «Call-орталығына» хабарлассаңыз жеткілікті. 2021 жылдың алғашқы екі айында аталмыш бастама арқылы ел көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы 1 676 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 8 пайызға көп екен. Демек, халық та ашықтыққа үйреніп келе жатыр деген сөз. Тап қазір бұдан артық тиімді тәсіл жоқ сияқты. Біз кейде айыпты болған шенеуніктерді «жемқор, опасыз» деп айтып жатамыз. Бірақ, олардың айтқанына көнетін, параны беретін кім екенін де естен шығармай, жемқорлыққа қарсы күреске баршамыз күш қосқанымыз абзал. Ертеңгі күнді ойласаңыз, санаңызды мұндай заңсыздықтан аулақ ұстап, ашықтыққа ұмтылыңыз, ағайын!

 

 

Пікір қалдырыңыз