Солтүстік өңірлер жұмысқа шақырады

Мақтаарал ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға арналған жиын өтті.

Бұл жиынға Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан келген өкілдер қатысып, жұмыс күші тапшы өңірлерге, жұмыс күші артық өңір азаматтарын көшіру мәселесі бойынша сөз сөйледі. Түркістан облыстық «Ұлы көш» қозғалысының басшысы Жаңабай Ағабеков, Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ержігіт Дәнебаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Гүлмира Есенбаева, Қостанай облысы, Денисов ауданының өкілі Айтбай Жакупов, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының өкілдері Самал Сансызбайқызы мен Аян Ердәулетұлы, Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Сағынғали өз баяндамаларында көшуге нотариалдық көмек беру, тұрғын үйге ақы төлеу, жұмысқа орналастырудың жайын қозғады.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан (соңғы жыл және одан да көп тіркелген) көшіру бойынша құжаттар қабылдау жүргізілуде.

Осы бағдарламаға қысқаша тоқталсақ. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту», соның ішінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру болып табылады. Жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жою мақсатында ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 қаулысымен Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан азаматтардың қоныс аударуы және қоныс аударушыларды қабылдау бойынша өңірлік квотаға енгізу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа үйлерге қоныстандыру шарттары бойынша отбасы құрамы 4 және одан көп адам болуы тиіс. Тұрғын үйлердің ауданы 70-90 шаршы метрден басталса, тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы жалдау ақысы 6000-9000 теңгеден басталады.

5 жылдан кейін қалдық құны бойынша тұрғын үйді жекешелендіруге болады.

Қостанай облысының Денисов ауданында қоныс аударушыларға мынадай жұмыстар бар: «Перелески» АҚП ЖШС-не – слесарь, тракторшы, автомобиль жүргізушісі, экономист, автоэлектромеханик. «Денисов орталық ауруханасына» – жалпы хирург, акушер, акушер-гинеколог, онколог, травматолог-ортопед дәрігерлері. Антонов негізгі мектебіне тәрбиеші, технология пәні мұғалімі. Перелески орта мектебіне биология мен химия пәні мұғалімдері, іс жүргізуші, аудармашы. Красномайск негізгі мектебіне физика, математика (алгебра және геометрия) пәні мұғалімдері. Әйет орта мектебіне физика пәнінің мұғалімі, Денисов кітапханасына кадр инспекторы, кітапханашы. Денисов кәсіптік-техникалық колледжіне әлеуметтік педагог білім беру ұйымы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының оқытушысы, «Крымское» ЖШС-не тракторшы, мал өсіруші мамандары қажет.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз