Тарих тереңіне үңілсек...

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы көптің көңілінен шықты. Аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл 30 жыл толмақшы. Осы үш онжылдықта мемлекетке қажетті жүйелердің бәрі қалыптасып, еліміздің буыны бекіп, қанаты қатайды. Қазақстанды әлем таныды.

Мемлекет басшысы отыз жылдағы жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді саралай келіп, алдағы төртінші онжылдықта алар асуымыз қандай болуы керектігі жайында өз ойларын халықпен бөлісті. Осы тұрғыдан алғанда бұл арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенді тағы бір мәрте ой елегінен өткізетін маңызды мезет дей келе, «Келешегіміз қандай болмақ? Еліміз бен жеріміздің тұтастығын қалай сақтап қаламыз? Келер ұрпаққа қандай мемлекетті аманаттаймыз? Мемлекетімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген қадау-қадау сұрақтар төңірегінде ой қозғап, оған жауап іздейді. Әрине, бұл мәселелер елім деген әрбір азаматты ойландыруы тиіс.

«Бүгінгі қазақтың алдында тұрған басты міндет, ол қуатты ел болу және саяси-экономикалық реформаларды іске асыру, сананы жаңғырту, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажет» деді Мемлекет басшысы.

Президент «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден айрылып қала жаздадық. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болу керек» деп атап көрсетті. Расында, соңғы жылдары тәуелсіздігімізге сына қағып, ата-бабалардан мұра болып қалған кең байтақ жерімізге, шексіз табиғи байлығымызға көз алартып, сұқтанып отырған сыртқы суық қолдардың қарасы көбеюде. Бұл үшін «Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деді Президент. Сондықтан жастар арасында халқымыздың тарихы, жеріміздің аумағы жөнінде түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, олардың арандап қалмауына жол бермеуіміз керек. Сол үшін де Президент бірқатар ойларын айтып, Қазақстан тарихының академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды ұсынды. Осы ретте тарихи фильмдер түсіріп, ұлттың жадын жаңғырту мәселесіне көңіл бөлді. Ұлтымыз талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерді. Елдік пен мемлекеттікті санаға сіңіру үшін тарихи фильмдердің қажет екенін атап көрсетті. Сонымен бірге тарихымызда әлі де құпиясы ашылмай келе жатқан ақтаңдақтар бар, соларды зерттеуді тапсырды. Соның бірі – ашаршылық. Ашаршылық оқиғасына биыл 100 жыл толады. Мемлекет басшысы ашаршылықты ұйымдастырудың себептері мен оның зардаптарын зерттеудің қажеттілігіне тоқталды.

Тәуелсіздік – біздің түпқазығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау – әрбір саналы азаматтың міндеті. Сондықтан тәуелсіздікті асқан жауапкершілікпен нығайта білуіміз керек.

Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ. Қаратөбе ауылы, Төлеби ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз