Отырарды тұзданудан құтқару басталып кетті

Осыдан 91 жыл бұрын асау да арынды Арыс өзенін бөгеп, бүгінгі Отырар ауданындағы шөліркеген далаға су келген болатын. Техниканың бірі де жоқ сол заманда ата-бабаларымыз тоған салып, қазіргі Д.Алтынбеков каналын кетпен-күрекпен-ақ қазып шыққан еді. Отырарлықтардың ынтымағы мен еңбекқорлығы сол кездегі бүкіл Одаққа, тіпті шетелге дейін танымал болған кезі. Мақта өндіруден бүкілодақтық бірнеше рекорд жасаған жерлестерімізден ала тақиялы ағайындар сабақ алып, тәжірибе жинақтағаны да күні кеше сияқты. Аудан орталығындағы Жамбыл атындағы орта мектебі ғимаратын (бүгінгі білім бөлімі отырған ғимарат) Өзбекстан басшысы Юлдаш Ахунбабаев отырарлықтардың ерен еңбегін бағалап, сыйға тартқан еді.

Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында колхоздар іріленіп, совхоздарға айналған. Техника жаңарып, агроном мамандар көбейіп, Отырардың даңқы қайта өрледі. Терілері алтынға бағаланған қаракөл елтірілерінен бөлек, «Дала аруы» атанған жүгері өсіруден жаңа рекордтар жасалып жатты. Бүгіндері сол кездің жетістіктері тарих еншісінде қалып, бүгінгі ұрпақ үшін ертегідей елестейді.

Соңғы жылдары каналдар мен қашыртқыларды ұйық басып, егістікке келетін ағын су азайып, өнім көлемі жыл сайын кеміген үстіне кеміп, диқандардың шаруалары шатқаяқтап кеткені жасырын емес. Шаруалардың жағдайын жасау үшін аудан басшылығы оншақты жылдан бері осы мәселені Үкіметтің алдына қоюмен келеді.

Міне, диқандар үшін проблема болып келген осы мәселе былтыр Үкімет тарапынан шешімін тауып, биыл ауқымды жұмыстар басталып та кетті. Біз бұл хабарды аудандағы су шаруашылығының аса білгір маманы, екі-үш жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан Қалжан Жаймырзадан телефон арқылы білген едік. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, игілікті істі көзбен көруге жолға шықтық.

Түркістанға бет алған жолдың сол жағында халық арасында Бесіктөбе аталып кеткен төбенің оң жақ тұсынан ен далада жұмыс істеп жатқан ауыр техникалар көзге шалынды. Жұмыс басына жеткенімізде 55 шақырымдық Шәуілдір бас коллекторының қос жағалауында тынымсыз жұмыс істеп жатқан алты экскаватор мен бульдозерлерді көрдік. Бізді канал басында «Орион Констракшен» ЖШС-нің учаске басшысы Қалжан Жаймырза, инженер-геодезист Еркін Саламатұлы Марқабаев және геодезист маман Бақытжан Нұрлан қарсы алды.

Біз техника шуылынан алшақтау шығып, Қалекеңді әңгімеге тарттық.

– Ауданымыз үшін аса қажет бұл жұмыс «Отырар ауданында 12 428 гектар егістік алқабында Шәуілдір суармалы алқабының ішкі коллекторлық дренаж жүйелерін реконструкциялау жобасы» деп аталады. Жобаның құны – 2 842 000 000 теңге. Тапсырыс беруші – «ҚазСуШар» РМК мекемесі. Биыл басталған көлемді жұмыстың біту мерзімі – екі жыл. Бұл жобаның мақсаты – ішкі коллектор дрендер жүйесінің 362 шақырымы және 55 шақырымдық Шәуілдір бас коллекторын, барлығы 417 шақырым жерді ұйықтан және қамыс-жыңғылдан механикалық тазарту.

Жоба негізінен Талапты, Қоғам, Қарғалы, Отырар ауылдық округтерінің территориясын қамтиды. Жоба аяқталған соң 12 400 гектар егістік жердің жерасты су деңгейі төмендеп, тұзданудан арылып, қайта айналымға енеді. Бұл жұмыстар шаруаларға көрсетіп отырған мемлекеттің қамқорлығы, Үкіметтің қолдауы деп білуіміз керек. Жалпы, жұмысқа 15 экскаватор мен 4 бульдозер жұмылдырылған. Геодезист мамандарымыз технологияның соңғы жетістіктерін пайдаланып, спутник арқылы жұмыс істейтін жаңа үлгідегі қондырғыларды пайдалануда. Жобаны «Еуропалық қайта құру және даму банкі» қаржыландырады, – дейді Қалжан Жаймырза.

Иә, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, көңіліміз марқайып қалды. Сонымен қатар, Сырдария–Арыс жеткізуші каналын (ел ішінде Ақын-Жақып каналы аталып кеткен) бетонмен қаптау жұмыстары да таяу арада қолға алынбақ.

Алмас АҚЫЛБЕК. Суретті түсірген Сейітқасым ШОТЫБАЕВ.

 

Пікір қалдырыңыз