Волейболшы қыздар командасы жасақталады

Түркістан облысында алғаш рет волейболдан әйелдер командасы жасақталады. Бұл туралы Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев волейбол федерациясы басшылығының қатысуымен өткен жиында мәлімдеді.

Жиында волейболшы қыздар Түркістан облысының аудандары, Шымкент пен Алматы қалалары және Алматы облысынан келген қарсыластарымен кездесіп, команданы жасақтады. Аталмыш іріктеу сәуір айының соңына дейін жалғаспақ.

«Мамыр айында біз өте мықты команда жасақтап үлгеретінімізге сенімдімін. Алдағы уақытта біз, жас спортшыларымыздың республикалық және халықаралық біріншіліктерге қатысып, биік белестерді бағындыруына барынша қолдау көрсететін боламыз» деді федерация президенті М.Мырзалиев.

Жиынға қатысушылар барлық жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

 

 

Пікір қалдырыңыз