Мектептер оқытудың аралас форматына көшеді

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Облыстағы мектептер IV тоқсанда оқытудың аралас форматына көшеді. Біраз бөлігі қашықтан оқытуды жалғастыра бермек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.

300 оқушысы бар білім ошақтары дәстүрлі форматта оқытуды жалғастырады. Басқарма басшысының айтуынша, министрлік негізгі пәндерді штаттық форматта, музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері сияқты пәндерді қашықтан өткізуді ұсынған.

– Бәріңіз білетіндей, 25 наурызда Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің коронавирустық инфекцияны таратуға жол бермеу бойынша жаңа қаулысы шықты. Осыған байланысты биылғы оқу жылының соңғы тоқсанындағы оқу процесіне аз-кем өзгерістер енгізіліп отыр. Алдағы күндері 1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша сыныптарды 25 оқушыдан артық толтырмай оқытуға көшеді. Сабақтың ұзақтығы – 40 минут. Ауысымдар бойынша сыныптар санын, сондай-ақ, жекелеген пәндерді қашықтан оқытуды мектеп белгілейді. Ерекше жағдайларда ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту форматында қалдыруға рұқсат етіледі. Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар қарастырылатын болады, – деді Рақымбек Қуатбекұлы.

Білім беру орындарындағы асханалардың жұмысына да бақылау күшейеді. Санитарлық эпидемиологиялық талаптарды орындаған асханалардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Айта кетейік, ІІІ тоқсанда облыс бойынша 132 064 оқушы дәстүрлі форматта оқыса, 286 168 оқушы қашықтан білім алған.

 

 

Пікір қалдырыңыз