Алғашқылардың қатарында Өмірхан ұстаз бар

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасы рәсімделіп, бүгінге дейін 20-дан астам педагог марапатталды. Сол алғашқы марапатталғандардың ішінде Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Б. Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының директоры Өмірхан Қозыбақ та бар.

Құрметті награданы педагогтарға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыс етті.

– Педагогтарға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы тағайындалды. Еңбектеріңіз бен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Наградаларыңыз құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді министр.

Сондай-ақ, Білім және ғылым министрі салаға соңғы жылдары енгізілген оң өзгерістерге тоқталып өтті. Мәселен, жалақының өсуі, есеп беру пен педагогикалық жүктеменің төмендеуі, оқулықтар мен оқу бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптың күшеюі, мектеп директорларын тағайындау және педагогтарды жұмысқа қабылдау қағидаларының өзгеруі, педагог мамандығы бойынша оқуға түсуге қажет шекті ұпайдың артуы, болашақ мұғалімдердің ай сайынғы стипендиясының жоғарылауы туралы да айтылды.

– Ел Президенті еліміздегі мұғалімдердің атқарған жұмысын жоғары бағалап, осындай марапат ұсынып отыр. Оқушының қолына алғаш рет қалам ұстатып, әріп танытқан, білім берген мұғалімдердің зор еңбегіне көрсетілген құрмет үшін алғысым шексіз, – дейді «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Өмірхан Жүндібайұлы.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы мұғалімдерге үздік жетістіктері мен мемлекетке сіңірген ерекше еңбегі үшін беріледі. Жоғары атаққа ие болған педагог 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады.

 

 

Пікір қалдырыңыз