Бес жүз мыңмен басталған бизнес

Бүгінде жеңілдетілген жолмен несие алып, кәсіптерін өркендетіп отырған жандар көп. Істің көзін таба білген сондай кәсіп иелерінің бірі – Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылдық округінің тұрғыны Бауыржан Райымбеков.

Ол біраз жылдан бері «Ырыс» микрокредиттік қаржы ұйымынан несие алып, өз кәсібін өркендетіп келеді. Жеке кәсіпкердің айтуынша, несиені тиімді пайдалансаң ғана табыс көресің. «Несиені алардан бұрын оны қалай қайтаруға болатынын ойлау керек. Бизнес-жоспар жасағанда жеті рет өлшеп, бір кескен жөн. Әйтпесе, шығынға ұшырайсың. Алғашқыда мен бар-жоғы 500 мың теңге алдым. Оған базардан жиырма шақты уақ мал алып, бордақылап саттым. Тәжірибе жинаған соң тағы 6 пайызбен 1,5 миллион теңге алып, оған ірі қара мал алдым. Одан да жаман болған жоқпын, бір жылда төлін алып, қалғанын сатып, қарызымнан құтылдым. 2016 жылы 2,5 миллион теңге алып, соның есебінен сауын сиырдың санын көбейттім» дейді ол.

Бүгінде қорасын малға толтырып, кәсібін бір жүйеге келтіріп алған Бауыржан Райымбековтің «Ырыс» микрокредиттік қаржы ұйымына айтар алғысы мол. Бұл ұйым егін шаруашылығымен айналысқысы келетіндерді де қаржылай демеп келеді. Бүгінде ауылдағы 30 шақты азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті.

Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ. Ордабасы ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз