Адам жақсы сөз естіген сайын жақсылық жасағысы келіп тұрады

Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі. Сонау алмағайып заманда тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерін қазақ халқы бауырына басты, барын алдына тосты. Сталиндік репрессия, тың жерді игеруге байланысты күштеп қоныстандыру саясаты жер аударуға мәжбүр еткендердің басына түскен ауыртпалықты қазақтар бірге көтерісті. Елбасы 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзінде: «Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, Қиыр Шығыстағы 18,5 мың корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады» деген-ді.

Қазіргі таңда елімізде 140-қа жуық ұлыс өкілдері тұрады. Ғалым Құндызай Ерімбетова үш ғасыр бойы, яғни 1690-1990 жылдар аралығында қазақ жеріне 7 миллион 600 адам қоныстандырылғанын айтады. Оның 1 миллион 203 мыңы 1917 жылдан бері қоныс аударғандар екен.

Сол бір қиын-қыстау жылдардан бері еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасында өзара сенім мен бір-біріне деген құрмет қалыптасты. Бейбітшілік пен тату-тәтті тіршіліктің арқасында қасиетті қазақ жерін өздерінің құтты қонысына айналдырған түрлі этнос өкілдерінің қонақжай қазақ халқына деген ризашылығы шексіз. Осыған орай Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаев еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады. Бұл жөнінде Елбасы: «Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрылған күнінде – 1 наурызда – барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деген болатын.

Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Содан бері бұл атаулы күн тағдыр тоғыстырған Қазақ­станның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күніне айналды. Бір шаңырақ астындағы өзге ұлт өкілдері де тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төкті.

Әлемде өмір сүретін әрбір халықтың өзіне тән рухани құндылықтары бар. Атап айтқанда, олар: Отаны, халқы, тілі, салт-дәстүрі және тағысын тағылар. Бұл құндылықтардың әрқайсысы да адамзат өмірінде ойып тұрып орын алатын қасиетті ұғымдар. Осы баға жетпес рухани ұғымдардың ішінде қарым-қатынас құралы – тіл бүкіл адамзат үшін қадірлі де қастерлі дүние. Былтыр Келес ауданында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты байқау өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру болатын. Осы ауданға қарасты Ұшқын ауылында бірнеше өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретіні белгілі. Байқауға түрік, орыс, тәжік, ұйғыр, қырғыз, өзбек және кәріс ұлтының өкілдері қатыспақ ниеттерін білдірді. Олардың арасында іріктеу болып, Ұшқын ауылының атынан байқауға Ким Дмитрий Владиславич деген кәріс ұлтының өкілі қатысты. «Өзім кәріс болғаныммен, жүрегім қазақ» деп қазақ тілінде еркін және таза сөйлеген Дмитрий Ким көпшілікті тәнті етті. Міне, бұдан ұлан байтақ жерімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің елімізге, тілімізге деген айрықша құрметін көруге болады. «Кезінде бізді бауырына басқаны үшін, шеттетпегені үшін алғысымыз шексіз» дейді түрлі ұлт өкілдері.

Иә, адамдар арасында ынтымақты қарым-қатынастың орнауы әркімнің өзіне және қоршаған ортасына тікелей байланысты. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұрады. Ендеше, қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі, бауырмалдық пен мейірімділікке ризашылық білдіру мерекесі – Алғыс айту күні баршамызға құтты болсын! Өмірдің әрбір сәтін бағалай білейік!

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз