Дерт дендеп тұр

– Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жылдан-жылға көбейіп барады. Атап айтқанда, жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі, – дейді Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың медициналық статисі Арыс Қабылов. – Мәселен, Түркістан облысында 11 мыңнан астам адам обырдың әртүрлі диагнозымен есепте тұр. Ауруы асқынып, кеселдің соңғы 3-4-ші кезеңіндегі науқастардың жылына 3 мыңға жуығы бақилық болады. Рас, бұрын облыс және Шымкент қаласының есебі бір еді. Соңғы кезде ол екіге бөлінді. Үшінші мегаполис бойынша 6 мыңнан астам адам тіркелген. Жыл сайын оның 650-дейі көз жұмады. Дәрігерлер кеселдің жылдан-жылға жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Бұрын ата-бабаларымыз аты жаман мұндай ауруларды бір сөзбен «қылтамақ» деп атайтын. Қазір мұның түрлері көбейіп тұр. Атап айтқанда, асқазан, өңеш, бауыр циррозы, ішекте кездесетін тоқ және тік ішек кеселдері, сүт безі обыры, жатыр мойнының қатерлі ісігі сияқты дерттер дендеп тұр. Әсіресе, сүт безі қатерлі ісігінің көрсеткіштері бойынша 2008 жылдан бастап бірінші орындамыз. Онымен ауыратындар жыл өткен сайын жасарып барады. Биыл жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозымен алты жасар қыз баланы есепке алдық. Әрине, мұндай ауру тұқым қуалауы да мүмкін.

Науқастарды сауықтыру әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жүргізіледі. Хирургиялық, радиологиялық, химиялық жолмен жасалатын емдеу әдістері де жоғары деңгейде қолға алынған.

Дәрігер салауатты өмір салтын ұстанбаудың соңы осындай қауіпті ауруға әкеліп соқтыратынын айтады. «Тұрғындар өздерінің денсаулығына селқос қарайды. Аурудың бірінші және екінші сатыларында емдеу әлдеқайда жеңіл. Асқынып кеткен жағдайда, дерттің үшінші және төртінші сатысында емнің қонуы екіталай. Олардың арасында бақсы мен балгерге, ел ішіндегі емшіге қаралып, уақытты текке өткізіп алатындар да бар. Сондықтан, тұрғындар жыл сайын скринингтен уақтылы өтіп, денсаулығын тексертіп тұрғаны, аурудың алдын алғаны жақсы» дейді медициналық статист.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз