Киіктің киесі

Қазақ халқы киікті киелі санайды. Мәселен, киік төлдейтін «құралай салқыны» кезінде шыбын-шіркей шықпайды, ит-құстың да тәбеті бір апта тыйыла тұрады.

Ақбөкен ғана жатырында жатқан лақтың жынысын өзгертіп, қажет болса еркек, қажет болса ұрғашы ете алады. Яғни ол – жатырындағы лақтың жынысын Құдайдың жәрдемімен өзгерте алатын жалғыз тіршілік иесі. Егер үйірде текелері азайып кетсе, сол жылы табында кілең еркек лақтар туылады. Керісінше, киіктердің ешкілері азайса, олар ұрғашы лақтарды өмірге әкеледі. Киіктер төлдейтін кезде оларға табиғаттың өзі қарасады. Ақбөкеннің ешкілері төлдейтін кезде ғана түйетабан деп аталатын шөп жапырағын жаяды. Киіктер лағын осы шөптің үстіне туады. Түйетабанның ерекшелігі – оның жапырағы жалпақ болып келеді. Ешкілер жаңа туған лақтарын осы шөптің астына жасырады. Лақтардың барлығы аяқтанып, өз-өздеріне келгенде түйетабан шөптері бірі қалмай сарғайып, қурап, желмен ұшып кетеді. Киіктер төлдейтін уақытта оны қорек ететін түз тағыларының тістері босап, тәбеті болмайды, қасқырлардың жағы қарысып қалады. Ал, қарақұстар киік төлдеп жатқан уақытта жұмыртқа басып жатады.

Киіктің тағы бір ерекше қасиеті – оның ешкісі кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының жетім, далада жалғыз қалмауы осыдан.

Осы қасиеттері үшін қазақ киікті дәріптеп, кие санайды. Ыңғайлы, әдемі заттарды «киіктің асығындай», саяқ өмір сүретін жандарды «кісі киік» деп жатады.

Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киігіндегі»:

«Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,

Өзге аңға жануарды тең көрмедім.

Көздері мөлдіреген ақбөкенді

Адамның баласынан кем көрмедім»

деген өлең жолдарынан киікке деген айрықша сүйіспеншілік пен махаббатты байқауға болады.

Қазір ақбөкендер Моңғолия, Ресей және Қазақстан территориясында мекен етеді. Бес мыңға жуық киік Қазақстан мен Өзбекстан аралығында көшіп жүрсе, ҚХР мен Түркіменстанда мүлдем жойылған.

Ақбөкенді қазақтан басқа ел киелі аңға балай қоймайды. Ал, қазақта «Иттің иесі, бөрінің тәңірісі, ақбөкеннің киесі бар» деп қадір-қасиетін жете түсінеді.

Киіктің киесі бар екені сенген мен көргенге – ақиқат, иесі оның – табиғат. Табиғат – адамзатқа аманат! Табиғатты анаға да телиміз, ал, аманат пен анаға қиянат қылуға әсте болмайды.

Кәмила МҰСА, Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз