Зейнеткерлікке шығып, көпір салуды бастап кетті

Бірінші Мамыр ауылдық округіне (Төлеби ауданындағы) қарасты Тағайна елді мекеніндегі күре жол мен ауылдың арасын Бадам өзені бөліп тұр. Бадам – соншалықты үлкен өзен болмағанымен, көктемде тасығанда арнасына сыймай кетеді. Ал, жылдың басқа мезгілінде арық суындай момақан ағып жатады.

Тұрғындар өтетін төте жол жоқ. Сондықтан тағайналықтар Бірінші Мамыр ауылы арқылы 8 шақырымды айналып өтіп, Зағамбар елді мекені арқылы баруға мәжбүр. Бұл мәселе ауыл тұрғындарын көптен ойландырып жүргенімен, оны қолға алудың реті келмеген еді.

«Тон жағасыз, ел ағасыз болмас» деген. Ұзақ жыл туған жерден жырақта инженер болып қызмет атқарған Сұлтанбек Дауранбеков зейнеткерлік жасқа жеткен соң еліне аз да болса пайдасын тигізуді жөн көріпті. Өзі осы ауылдың тумасы. Игілікті іске білек сыбана кіріскен ол асар әдісімен көпір салуға Тағайна ауылының тұрғындарын жұмылдырды. Азаматтың ниетін ауыл қариялары мен жастары да қостады. Жұмыс өткен жылдың қыркүйек айында басталды. Болашақ көпірдің ұзындығы – 50 метр, ені – 3,5 метр, ал, биіктігі 3 метр болмақ. Облыстық мекемеде жауапты қызмет атқаратын Қайрат деген азаматтың көмегімен Сарыағаш ауданынан ұзындығы – 12 метр, ені – 1,40 метр, биіктігі 1 метр болатын, әрқайсысының салмағы 15 тоннаны құрайтын 8 темір тірек әкелінді. Көпірге қажетті құрылыс материалдары 8 жүк көлігімен жеткізілді.

– Қайрат бауырымызға елді мекен тұрғындары атынан алғыс айтамын. Мұндай қайырымдылықты кез келген адам жасай алмайды. Жақсылығына Алла разы болсын, – дейді Сұлтанбек Әбдіжалилұлы. – «Көп түкірсе – көл» деген. Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі Нұрғали Қосалиев қатынас хат жазып, бірнеше демеуші тауып берді. Олардың арасынан «Стандарт цемент» кәсіпорны 20 тонна цемент, «Феррум фтор» ЖШС 2 тонна арматура берді. Ал, «Электрокомплект» ЖШС 800 метр құбыр үшін 372 мың теңге төледі. Бұл құбырларды дәнекерлетіп, енді боятатын боламыз. Қарамұрттағы ағайындар 150 текше метр құм және тас берді. Бұл материалдардан тумба тіректер құйылды, – дейді көпір салушы мердігер.

Ел ішінен ортақ іске қол ұшын созып, қаржылай көмек көрсетіп жатқан ағайындар да табылды. Мәселен, Шүкіролла деген азамат өз қалтасынан 500 мың теңге санап беріпті. Сондай-ақ, Камилжан және Ракимжан Юлдашев, Әзизбек Розметов те сауапты іске лайықты үлес қосқан. Ауыл тұрғыны Немат өз техникасымен қызмет көрсетіп жүр.

Жаңа көпірді олар биылғы Наурыз мерекесінде пайдалануға бермек.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз