Бүгінгінің адамдары неге МОТИВАЦИЯҒА мұқтаж?

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

Сіңлім бесіктегі баласын телефоннан қойылған әуенмен әлдилеп, қолындағы кітабын парақтай бастады. Аты мен мұқабасына қарап оның мотивациялық кітап екенін аңғардым. Пәтердегі қыздардың бірі Айнұр Тұрсынбаеваны, екіншісі Луиза Хейді жата-жастана оқып жүр. Ауылдағы көршінің үйіне қонаққа барғанда да теледидардың жанында тұрған «Подсознание может все», «Хочу и буду» деген орысша кітаптарға көзім түсті. Ол аздай, біраз уақыттан соң жеңгелерімнің әңгімесінің ауаны да осындай тақырыпқа ауды. Олар вебинарға қатысып, күйеуімен, енесімен қарым-қатынасын дұрыстағанын, қарызынан құтылғанын, өзін бағалай бастағанын, әке-шешесіне деген өкпе-ренішін қағазға жазып, өртегенін, кітап оқуға деген қызығушылығы оянғанын жарыса айтып, әлгі сабақтарды өзара талқылап, бір-біріне насихаттай бастады. Айтуларына қарағанда, ақысын төлесең психолог, коуч секілді мамандар бәрін түсіндіреді, үйретеді, проблемаңды шешуге көмектеседі.

Олар сөз еткен инстаграмдағы бір ғана психологиялық курстар мен вебинарлар өткізетін 350 мыңға жуық оқырманы бар «Әйелдер орталығы» парақшасын біз де бір сүзіп шықтық. Қыз-келіншектерді дамыту академиясы маңдайшасында 260 мың студенті барын көрсетіпті. Бұл – олардың небәрі 3 жылдағы жетістігі. Инстаграмда қазір таяқ тастасаң коуч, мотиватор, тренерге тиеді.

Осыдан кейін «Неге бүгінгі қоғам мотивацияға соншалықты мұқтаж?», «Сонда бұрын қазақты кім, қалай жігерлендірген?», «Неге қазір мотивациялық, психологиялық кітаптардың дәурені жүріп тұр?» деген сұрақтар туындайды. Бір ғана Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын алайықшы. Соғыспен тұспа-тұс келген кезеңде жары әскерге алынып, ауылда қалған қаланың қызы Қаныша басына түскен қиыншылықтарға қалай төтеп берді? Айдың-күннің аманында екі қызынан айырылған Еркіннің жары Зағипа ол ауыртпалыққа қалай төзді? Сондай қиын шақта Еркін «Жыр қиссаларының ішінде Қобыландыны ерекше сүйем. Өзім және түгел дерлік жатқа білем. Қай жерін кітапқа қарамай да заулатам» деп әдебиеттен алыстамағанын аңғартпады ма?! Ал, бүгінгінің Еркін мен Зағипа, Қанышалары психология мен мотивация іздеп сарсаңға түсумен уақыт өткізіп жүрген жоқ па?

– Бала күнімнен әдеби кітаптарға әуес болдым. Өлеңді, әңгімені, повест, романдарды жиі оқитынмын. Әлі де оқимын. Бірақ, өте сирек. Себебі, жүйткіп бара жатқан жүрдек пойыз секілді өмірді оқумен өткерсең, өзге тірлігің адыра қалады. Мен СММ маманымын. Менің кәсібім – әлеуметтік желілер арқылы тұтынушыға тауар ұсыну. Ол үшін қазір көркемдіктен гөрі нақтылық қажет. Сондықтан құлшынып жұмыс істеу үшін «Копирайтинг», «Сиқырлы СММ» секілді өз салама қатысты кітаптарды көбірек оқимын. Соңғы 4 жылда тұлғалық дамуға қатысты онлайн курстарға жиі қатысамын. Бұл менің дағдыма айналған. Өмірдегі күйініштің көбі өзіңмен, сосын айналаңдағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната алмаудан, өзіңнің бір орында қозғалыссыз тұрып қалуыңнан туындайды. Сондықтан кім-кімнің де коуч-мотиваторлардың дәрісіне қатысқанын сөкет санамаймын. Бірақ, өзін де, айналасын да өзгертетін әуелі адамның өзі. Бұрын 70 мың теңгеге жұмыс істейтін мен осындай курстарға қатысудың және еңбектенудің арқасында табысымды 3-4 есеге арттырдым. Уақытым үнемделді. Көзқарасым өзгерді. Айналаммен қарым-қатынасым дұрысталды. Анам ескінің адамы. Бастапқыда мұнымды құптамайтын. Қазіргі жастар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге үйір дейтін. Оның сөзінің де жаны бар. Себебі, алғашқы жылдардағыдай емес, қазір екінің бірі коуч. Кейбірі бір-екі курсқа қатысып, сол білімін ә дегеннен ақшаға айналдырудың жолын іздейді. Сондықтан көрінген мотивациялық, психологиялық курсқа қатыса берсең, өміріңді дұрыстаймын деп жүріп бұзып алуың да бек мүмкін» дейді Ақмейірім Азаматқызы.

Ақмейірімнің бұл ойын кәсіби психолог Ләззат Нұрпейісова да растайды. «Коучтар арқылы адамдар алдымен өзін тануды, бағалауды, өзіне жақсылық жасап, жақсы көруді үйрене бастады. Егер адамның өз хәлі жақсарса, өзгемен қарым-қатынасы да реттеледі. Бұл жақсы. Осы жағынан келгенде коучтардың, мотиваторлардың атқарып жатқан жұмысын оң бағалаймын. Себебі, қазір «Біреу не айтып қалады екен?», «Қайтсем біреудің көңілінен шығамын?», «Қалай тез байимын?» деп өмірін қиындатып жүргендер көп. Мұндай тәуелділік адамның өзін жоғалтып алуына апарады. Ал, мотивациялық, психологиялық вебинарлардың мақсаты – сондай адамдарды жігерлендіру, оларға қолдау көрсету. Демек, бүгінгі қоғамда ұрысып, сынап, ақыл айтқанды емес, өзіне қолдау көрсеткенді қалайтындар көп. Мен кәсіби психолог ретінде адамдардың жанының жарасын жазуға ұмтылысын, құлшынысын құптаймын. Бірақ, адам өзімен жұмыс істеп, жағдайын жақсартқысы келсе немесе адамдармен қарым-қатынас жасау барысында проблемасы болса, кәсіби психологтың жеке қабылдауына жазылғаны абзал. Ал, онлайн вебинарлар сондай мамандарға жете алмай жүргендер үшін «жоқтан бар». Бұл сөзіммен мен желі арқылы жұмыс жүргізген коучтарды тұқыртып, болмаса жұмысын жоққа шығарғалы отырған жоқпын. Өзім де инстаграмм арқылы психологиялық тренингтер өткіземін. Мен Мәскеулік гештальт және психодрама институтында арнайы білім алған, 20 жылдық тәжірибесі бар маманмын. Ал, мені кейбір коучтардың шетелдік бір-екі тренингке қатысып келіп, әсіресе, отбасылық қарым-қатынасты реттеуге кірісіп кететіні таң қалдырады әрі қынжылтады. «Қой сойса да қасапшы сойса» деймін. Ал, кешегі кеңестік кезеңде адамдардың бәрінің әлеуеті, ахуалы деңгейлес еді. Ата-ана мен бала арасында вертикальды қарым-қатынас, яғни ата-ана айтады, бала орындайды деген түсінік болды. Зорлық-зомбылық, бір жыныстылардың некелесуі секілді жағымсыз көріністер жоққа тән болатын. Ондай көріністер жоққа тән болған соң ол тақырып та жабық-тұғын. Мүлде қозғалмайтын. Ал, қазір әлеуметтік желілердің дамығандығы сонша, апыл-тапыл басқан баладан еңкейген қартқа дейін бәрін ашық естиді, бәрін біледі, бәрін көреді. Ашықтан-ашық көрсетіліп, айтылып жатқан дүние адамның психологиясына әсер етпей қоймайды» дейді Ләззат ханым.

Ал, «Brandbooks» кітап дүкенінің негізін қалаушы Сейтбек Ертайдың айтуынша, қазір мазмұнынан гөрі кітаптың жарнамасы маңызды. Әсіресе, осы күні қазақ тіліндегі мотивациялық, психологиялық аудармаларға сұраныс жоғары. Себебі, оны оқушы да, жарнамалаушы да көп. Бүгінде ол өзі де осы жанрдағы кітаптарды оқып, кәдесіне жаратып жүргенін жасырмайды.

Америкада алпысыншы жылдары пайда болған «коучинг» біздің елдің есігінен енді-енді сығалай бастады. Қазір коуч-мотиватор, психологтар, әсіресе, инстаграмда жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Оған жоғарыда бір емес, бірнеше мысал да келтірдік. Бір қарағанда, ата-анаға құрмет көрсету, күйеуге бойсұну, қарызданудың алдын алу секілді тақырыптардың бәрі діннен де, дәстүрден де алшақ емес. Бірақ, неге бүгінгі қоғам коуч-мотиваторларға мұқтаж? Білімі таяз кейбір коучтардан алған білім оларды ертең «артық қылам деп тыртық қылуға» апармай ма? Сана мен түпсананы өзгерту арқылы өз тағдырын өзгертуге тырысып, онысынан түк шықпаған адам қандай хәлге түседі? Жоқ әлде, бұл да адамның жанды жерін дөп басып, сол арқылы ақша табудың бір жолы ма? Сіз не дейсіз?

 

 

Пікір қалдырыңыз