1500-ге жуық тұрғын жеке кәсібін ашқан

Түркістан облысында «Бастау» жобасына қызығушылық танытушылар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр пандемия салдарынан кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн форматта өтті.

Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар «Atameken.со» сайтында өтінім толтырып, өзіне ыңғайлы уақытта жобаға қатысуға мүмкіндік алды.

Оқыту уақытында қатысушыға кеңес беру үшін бизнес-тренер бекітілді. Пандемия кезінде өз ісін ашудан қорықпаған тыңдаушыларды мемлекет жеңілдетілген несиелер мен өтеусіз гранттармен қолдады.

«2020 жылы «Бастау» жобасы бойынша 3 676 адам оқудан өтті. Жоба аясында оқыған азаматтардың ішінде жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 1 500 түркістандықтың жобасы қаржыландырылған. Оның 720 млн. теңгесі – 1298 жобаны мемлекеттік грант есебінде қолдауға бағытталған. Ал, 202 жобаға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несие ретінде 791 млн.теңге бөлінді. Кәсіп ашқан жоба түлектері екі мыңға жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде» дейді Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков.

Мамандардың айтуынша, «Бастау» жобасы қатысушылары соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласына көбірек ден қойған. Атап айтқанда, өткен жылы қаржыландырылған жобалардың 82 пайызы – ауыл шаруашылығы, ал, қалғаны қызмет көрсету саласына тиесілі.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз