Ұлағатты әңгімелер ұмытылып барады...

Бауырынан батыр ұлдарын баулып ұшырған, азаматы мен ақынын алақанына салып аялап өсірген алтын ұя – ауылдан ажар кетіп, азабы көбейген. Қанша жерден «өйттік-бүйттік» деп есеп бергенімізбен, кейбір ауылдардың айы әлі оңынан туар емес.
Бәрінен де бұрын ауыл адамдарының психологиясы өзгеріп, пәруайсыздық жайлап бара жатқандай. Бұрынғы ұжымшыл, ұйымшыл, ұятшыл, мақпалдай мінездерінен айырылып, ұсақталып ұрысқақ, ұмытшақ, ұйқышыл, мақұлшыл, малқор болып барады. Жеке шаруасын күйттеп, жекешелік жетегінде кетті. Сақалын сауып отырып мәнді сөздерді айтатын, парасат пейілімен пәтуасыз пысықайларды тәубесіне түсіретін, ақыл-кеңесімен ауылды алақанында ұстайтын ақсақалдарды көру арманға айналып тұр. Қадір-құрметі бар қазыналы қария, шапағатты шал, абыройлы ардагерлер табылар-ау, бірақ олардың үлгі-өсиетін тыңдайтын құлақ жоқ. Тыңдаушы түзелмеген соң айтылған сөзде қандай салмақ болсын?! Қазақ – сөз өнерін барлық өнерден биік қойған халық еді. Айтылған сөзді мұқият тыңдап, бір ауыз сөзге тоқтаған. Үлкендер тарапынан айтылған ұстарадай өткір, теңіздей терең ұлағатты сөздер мен әңгімелер ұғымпаз ұл-қыздың кеудесіне қона қалатын. Қазір сол үрдіс жіңішкеріп-жіңішкеріп үзілуге айналды. Жиын-той, мереке-думандарымыздың даңғазалығы басым, ал жаназа, ас, құдайы тамақтардағы әңгіме-дүкен саясатпен басталып, саясатпен аяқталады, рухани әңгімелер айтылмайды. Ұлағатты сөздер ұмыт қалып, әңгіме өсек-аяң төңірегінде өрбиді. Сөзге кезек бермей даурығысып, бостекі, майда-шүйде, мағынасыз, мәнсіз, мырс-мырс күлкімен аяқталады.
Ақсақалы жоқ ауылдар да бар. Бұлай түңілуімізге түрткі болған себеп, үлкендеріміз ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Бірде-бір ақсақалымыз не қарасақалымыз: «Бала – бірінші кезекте әке-шешесіне керек. Ержеткен соң мал-басын құрап, ата-анасын асырайды. Ажал жетіп жан тапсырса, бетін топырақпен жабатын да солар. Сондықтан бала тәрбиесіне ата-аналар, біз жауаптымыз. Барлық салмақты мектеп мұғалімдеріне артқанды қояйық. Мұғалімдерді кінәламайық» деп айтпайды. Көпірме сөз үшін емес, көңілге қонымды осындай ұлағатты сөздер айтылып жатса, көш бағыты түзелер еді.
Корея президенті АҚШ-та мемлекеттік іссапармен жүріп, мектепте оқитын баласымен телефонмен тікелей тілдесіп, «математика сабағында отырсың ба? Дайындығың қалай? Сабаққа кешіккен жоқсың ба?» деген сияқты сұрақтардың астына алыпты. Баласы «папам мені үнемі қадағалап жүреді екен ғой» деп таңқалып, өзіне-өзі есеп беріп, жинақы әрі тәртіпті болуға бекініпті. Әкенің аты әке!
Біздің кейбір ата-аналарымыз балаларының сабағын қадағалауға құлқы жоқ, тіпті тәлпіш қыздарының, әңгүдік балаларының не істеп, не қойғандарынан да бейхабар жүре береді. Бала тәрбиесі босаңсып, бетімен кеткен. Мектептерде қаптап жүрген «қолдан өсірген» психологтарымыз қаршадай қиқар балаларға ұлағатты сөз айтып, үлгі болуға өрелері жете бермейді.
Әйгілі Мөңке би бабамыздың: «Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар, Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар, Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар» деген жорамалының бетін аулық қылсын деп тілейік.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ, Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Жетісай ауданы.