«Қайдан келесің? Соттан келемін...»

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістанның облыс орталығы ретінде арнайы мәртебе алуы қаладағы тұрғын үйлерге деген сұранысты арттырғаны белгілі. Әуелгіде үйлердің қымбаттағаны сонша, бағасы мен жалға алу құны Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан асып түсті. Баспана бағасының дәл бұлайша шарықтап кетуі, әсіресе, қызмет бабымен қоныс аударғандарға әжептәуір қиындық тудырғаны анық. Көпшілік мұны қу құлқынның қамы десіп, баяғы ата-бабаларымыздың «не қиындық көрсетсең де, пейілімді тарылта көрме» деп Жаратқаннан тілейтін қанағатшылдық қасиетіміздің жоғалып бара жатқанына налыған. Әрине, ашкөздік жүрген жерде пейіл қайдан түзу болсын. Қаланың байырғы тұрғыны Сәрсенбай Бектұрсыновты да түзу жолдан тайдырған қу құлқынның қамы демеске лажымыз жоқ. Әйтпесе, әлдеқашан сатып жіберген үйін 16 жылдан кейін қайта даулайтындай не көрінді дерсіз. Міне, үш жылға созылған даудың кесірінен бір үйлі жан үйсіз қалып, бүгінге дейін әркімнің есігін сығалап күн көріп келді. Үйінен айырылған Мұсабековтер отбасының содан бері әділдік іздеп, қақпаған есігі жоқ. Соңғы үмітін арқалап редакцияға да келген болатын.

– Бейімбет Майлиннің «Қайдан келесің? Соттан келемін. Соттан емес-ау, оттан келемін» дейтін өлең жолдары нақ мендейлерге арналған сияқты, –дейді үйдің отанасы Гүлжамал Байдәулетова үш жылда қанша рет сотқа барғанын санамалап. – Ал, дауға түрткі болған үйдің тарихы сонау 2002 жылдан басталады. Сол жылдың жаз айында үй алмақ болып, қаладан пәтер қарай бастадық. Хабарландыру бойынша Түркістан қаласының 1-шағынауданында орналасқан 12А үйдегі 7-ші пәтердің сатылатынын естіп, егесі Сәрсенбай Бектұрсыновпен келісіп, сол кездегі нарықтық құнына сай үйді 130 мың теңгеге сатып алдық. Сол жылдың 23 қыркүйек күні егесі үйді босатып, пәтерді сатқаны туралы қолхат жазып берді. Қолхатта пәтерді жұбайым О.Мұсабековке сатқанын, арада ешқандай дау жоқтығы көрсетілген. Пәтерді жекешелендіру туралы шарттың түпнұсқасы мен техникалық құжатын да қолымызға ұстатты. Міне, содан бері үй жөнінде арада ешқандай дау туған жоқ. Алғашында ол пәтерді заңды түрде рәсімдеп беруге уәде берген-тін. Кейін түрлі себептерді айтып жалтарып жүрді. 16 жыл ішінде үйдің салығы мен коммуналдық төлемдерін бір күнге де кешіктірген емеспін. 2018 жылдың мамыр айында сотқа шақырту келгенде, төбеме жай түскендей болды. Сөйтсек, С.Бектұрсынов Түркістан қалалық сотына бізді үйіне уақытша тұрғызғанын, бірнеше рет үйден шығуымызды талап еткенін, коммуналдық төлемдерді төлемей отырғанымызды көрсетіп, шағым түсіріпті. Алғашында 16 жыл бойы ләм-мим деспеген С.Бектұрсыновтың мына әрекетіне аң-таң қалдық. Біз де қарсы шағым бергенімізбен, сот бәрібір талап қоюшының арызын қанағаттандырып, бізді үйден шығаруға шешім қабылдады. Соттағылар әлгі С.Бектұрсыновпен арада түзілген қолхатты мүлдем жарамсыз етіп тастады. Сондағы желеулері онда пәтердің құны көрсетіліп, оны сатып алушы растап, қол қоюы керек екен. Амал жоқ, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жүгіндік. Бірақ, бұлар да істі С.Бектұрсыновтың пайдасына шешіп, қалалық соттың шығарған шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сонымен ең соңғы үмітіміз Жоғарғы сотқа тірелді.

Иә, бұл іс Жоғарғы соттың судьясы З.Кейкібасованың қолына түспегенде, мүмкін Мұсабековтер отбасы үйден біржола айырылып қалар ма еді?! Істі жан-жақты зерделеген судья жергілікті соттардың бірқатар заңбұзушылықтарға жол бергенін анықтап, Түркістан қалалық сотының 2018 жылғы 5 мамырдағы шешімінің және Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының сол жылғы 28 маусымдағы қаулысының күшін жояды. Сөйтіп, апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларын ҚР Азаматтық кодексінің 154-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келмейді деген тұжырым жасайды. Оның пікірінше, жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған. Аталған нормаға сүйенсек, егер сатып алу-сату мәмілесін тараптардың бірі іс жүзінде орындаған болса, ол өзінің мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе, сот мүдделі тараптың арызы бойынша мәмілені жарамды деп тануға құқылы екен. Тіпті, қолхатты С.Бектұрсыновтың өзі жазып, оған қол қойғаны ҚР Әділет министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша сот сараптама институты сарапшысының 2018 жылғы №1213 қорытындысымен дәлелденген. Жергілікті соттардың мәміледе пәтер құны көрсетілмеген деген тұжырымы да қате болып шыққан. Заңға сүйенсек, пәтердің құны сатып алу – сату шартының негізгі ережесі емес. Өйткені, Азаматтық кодекстің 385-бабының 1-бөлігіне, 438-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ақылы шартта баға көзделмеген және шарт ережелерін негізге ала отырып оны анықтау мүмкін болмаған жағдайда тауарлар, жұмыс немесе қызмет үшін алынатын баға бойынша жүргізілуі тиіс екен. Себебі, Г.Байдәулетова пәтерді сол уақыттағы нарыққа сәйкес, 130 мың теңгеге сатып алған. Ал, сот процестерінде С.Бектұрсынов мұны жоққа шығармаған. Апелляциялық шағымда ақшаны Г.Байдәулетова қарызға берді деп көрсеткенімен, сотқа нақты дәлелдер ұсынбаған. Осылайша әріптестерінің қателігін жіпке тізген Жоғарғы соттың судьясы іске қатысты жаңа шешім қабылдап, Г.Байдәулетованың талап қою арызын қанағаттандырып береді.

Осы жерде жергілікті соттар З.Кейкібасова келтірген заң талаптарын әу баста қалайша назарға алмаған деген сұрақ туындайды. Әйтпесе, заң ханға да, қараға да бірдей емес пе? Судьяның өзі заң ережелерін керегінше бұрып, өрескел бұзып жатса, басқаға не жорық? Бұдан шығатын қорытынды екеу: судья не сауатсыз, яғни заңдар мен сот төрелігінің принциптерін білмейді, не ол біреудің мүддесін қорғаштайды.

Бір қызығы, іс Жоғарғы сотта қаралып жатқан тұста, яғни 2018 жылдың 22 қарашасында С. Бектұрсынов үйді Д.Жұмантаев деген азаматқа сатып, жеке нотариус М.Дәрібаевтың куәландыруымен сатып алу-сату келісімшартын түзеді. Ал, Д.Жұмантаев болса 2019 жылдың 12 шілдесі күні даулы пәтерді Т.Дүйсекова дегенге сатып, жеке нотариус Ж.Дәрменованың куәландыруымен сатып алу-сату келісімшартын рәсімдейді. Байқасаңыз, С.Бектұрсынов пәтерді ертерек сатып жіберіп, даудан өзін арашалап алғысы келген секілді. Ал, Г.Байдәулетова мұның бәрі жарамсыз деп тану үшін 2019 жылдың 29 маусымында қайтадан Түркістан қалалық сотына жүгінеді. Бірақ, сот бұл жолы талап қоюшының ығына жығылады. Себебі, Жоғарғы соттың мөрлеп берген қаулысы бар. Осы қаулыны басшылыққа алған қалалық сот сатып алу-сату келісімшарттарын жарамсыз деп танып, алдымен Д.Жұмантаевты, кейін Т.Дүйсекованы үйден шығаруға міндеттейді. Яғни Д.Жұмантаев та, Т.Дүйсекова да осы уақытқа дейін пәтерді заңсыз иеленіп келген деген сөз. Осылайша үш жыл соттың табалдырығын тоздырған Мұсабековтер отбасы ақыры үйіне қол жеткізеді. Бірақ, алып-ұшып барғанда қаңқасы қалған үйді көріп, қуаныштары су сепкендей басылады. Үйінің сыртқы есігі бар демесеңіз, іштегі есік-терезені, бір сөзбен айтқанда, жарамды заттарды түгел алып кеткен. Заңсыз иеленгенімен қоймай, үйдегі көзге ілінер заттарды түгел алып кеткен С.Дүйсекованың бұл әрекетін қалай түсінеміз? Мұны енді кім қалпына келтіріп береді?

Қазақта «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген дана сөз бар. Сөз-ақ қой! Кім үй сатпайды, кім үй сатып алмайды?! Адамды сүйкімді ететін оның адамгершілік қасиеті екенін естен шығармайық та.

 

 

Пікір қалдырыңыз