МҰРАҒАТ – ҚҰЖАТТАР ҚОЙМАСЫ

Мұрағатшылар істерді бұрынғыдай қағаз түрінде ғана емес, электронды түрде есепке алып, оны тиісті орындарға беруді қамтамасыз етеді.

Мұрағатта әр кезеңдегі тарихи оқиғалар ғана емес, сот өндірісінде аяқталған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер де сақталады. Заман талабына байланысты бүгінде соттардағы мұрағат жұмысының бағыт-бағдары өзгере бастады. Мұрағатшылар істерді бұрынғыдай қағаз түрінде ғана емес, электронды түрде есепке алып, оны тиісті орындарға беруді қамтамасыз етеді.

Жалпы, сот саласында жұмыс істейтін мұрағатшылар істерді немесе сотқа қатысты материалдарды сақтауға қажетті жағдайларды жасап, сұрау хаттар бойынша іс-құжаттарының көшірмелерін беріп, сот мұрағатын жүргізеді. Олардың міндеті – құжаттарды сақтау ғана емес, тұрақты сақтауға өткізілетін істерді санатына қарай бөлу. Сондай-ақ сақтау мерзімі аяқталған істерді жоюмен қатар  тапсырылған істердің дұрыс сақталуын қадағалау. Архив бөлмелерінің жай-күйі, температурасы, ылғалдылығы, тіпті, есігі мен терезесінің ара қашықтығына дейін назарға алынады. Ондағы құжаттар мемлекеттік мұрағатқа тұрақты сақтауға тапсырылғанға дейін сот мұрағатында сақталады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын салаға «Сот құжаттарының электронды мұрағаты» атты ақпараттық жүйе енгізілгені белгілі. Бұл бастама сот құжаттарының электрондық көшірмелерін ұзақ мерзімге сақтау, құжаттарды мәтін немесе деректемелер бойынша іздестіру кезінде оларды орталықтандырылған жүйе арқылы табудың қажеттілігі туындаған болатын. Осы арқылы сот құжаттарының сақталуын немесе өзгермейтінін қамтамасыз етуге, электрондық мұрағатқа түскен бүкіл ақпаратты өзгермеген күйінде ұзақ мерзімге сақтауға, сотқа түсетін құжаттарды санатына қарай топтастырудың ортақ жүйесін жасауға жол ашылды. Ақпараттық жүйе енгізілгелі бері сот отырысына қатысушыларға сот жүйесінің интернет-ресурсы арқылы мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін электронды түрде алуға мүмкіндік берілді.

Қорыта айтқанда, сот мұрағатына қатысты жаңашылдықтар құжаттардың сақтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды тасымалдау шығыстарын қысқартып, сот істерінің аппеляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында жедел қаралуын қамтамасыз етеді.

Сандуғаш АБДРАИМОВА,

Айнұр ОСИПОВА,

ҚР Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті сот архивтерімен жұмыс жөніндегі топ бөлімінің бас мамандары.

Пікір қалдырыңыз