Сайрам ауданының әкімі Сабитов Арман Сабитұлының ҮНДЕУІ

Құрметті Сайрам ауданының тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан көлемінде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Осы мақсатта Сайрам ауданының барлық елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары, санитарлық-тазалық сенбіліктері тұрақты өткізілуде.
Атап айтқанда, 130 рет санитарлық тазалық күндері өтті, оған 140 мыңнан астам адам қатысып, 1400-ге жуық техника тартылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 6 мыңнан астам тонна қоқыс шығарылды. 70 мыңға жуық көшет отырғызылды.
Өкінішке орай, арамызда тазалыққа немқұрайлы қарап, еңбекті елемейтін тұрғындар да жоқ емес.
Саябақтар мен көшелерде кейбір тұрғындар қоқысты тастаудан тыйылмай тұр.
Осылайша күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген қызметкерлердің адал еңбегін жоққа шығаруда.
Тазалықты сақтамай, Заңсыз әрекеттерімен қоғамдық тәртіпті бұзған 3 мың азамат жауапкершілікке тартылды.
Құрметті сайрамдықтар!
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті болуы тұрғындардың жанашырлығына байланысты.
Әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас ауыл мен ауданның айнасы.
Президентіміз: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек» деген болатын.
Сондықтан, бұл бір реттік акция емес, тұрақты жалғасатын дәстүрге айналуы керек.
Құрметті аудан тұрғындары!
Ауданымыздың тазалығы – әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі.
Баршаңызды тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақырамын.