ЖАҢА ЖҮЙЕ ИНВЕСТОРЛАРДЫ НЕГІЗСІЗ ТЕКСЕРУЛЕРДЕН ҚОРҒАЙДЫ

Енді кез келген инвесторларға тексеру ақпараттық жүйеде алдын ала тіркеліп, оның заңдылығы прокуратура органдарымен тексеріліп, келісім беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз инвесторға барлық жағдайды жасап, олардың құқықтарын барынша қорғауға тиіспіз. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үдістерді жоюы керек» – деген болатын.

Соңғы жылдары еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлердің, әсіресе инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында жүйелі шаралар қабылданып келеді. Солардың бірі – «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - ақпараттық жүйе) енгізілген прокурорлық сүзгі тетігі. Бұл сүзгі – бақылау-қадағалау органдарының кәсіпкерлік субъектілеріне, соның ішінде шетелдік және ірі отандық инвесторларға негізсіз тексерулер жүргізуіне жол бермейтін электронды бақылау құралы. Енді кез келген инвесторларға тексеру ақпараттық жүйеде алдын ала тіркеліп, оның заңдылығы прокуратура органдарымен тексеріліп, келісім беріледі.

Прокурорлық сүзгі негізінен инвесторларға жоспардан тыс, себепсіз тексерулерді болдырмауды, мемлекеттік бақылау органдарының іс-әрекетін заң талаптарына сәйкестендіруді, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін әкімшілік қысымдарды азайтуды көздейді.

Сүзгі жұмыс істейді? Мысалы, қандай да бір мемлекеттік орган инвесторлық кәсіпорынға тексеру жүргізгісі келсе, алдымен ол ақпараттық жүйеге енгізіліп, прокуратура органдарына хабарлама жолданады. Осыдан кейін прокурорлық сүзгі арқылы тексерудің заңдылығы сарапталып, негіздемесі болмаса, тексерудің басталуына рұқсат берілмейді. Осылайша, ақпараттық жүйе инвесторларға негізсіз араласудан қорғайды. Сондықтан тіркеу сатысында тексерулерді тағайындаудың негізділігін зерделеу арқылы кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың заңсыз араласуын болдырмау – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі–болып қала береді.

Кәсіпкерлер құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тексеруді тағайындау туралы актінің тіркелгенін растау үшін "Qamqor" мобильді қосымшасын пайдалана алады. Мобильдік қосымша «Play Market» және «App Store» жүйелерінде қолжетімді. Тіркелген пайдаланушыларға мобильді қосымша арқылы алдағы тексеру туралы хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ, олар онлайн режимінде шағым беру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, тексеру туралы ақпаратты тиісті тексеру актісінің тіркеу нөмірін толтыру арқылы www.qamqor.gov.kz ақпараттық қызметі арқылы алуға болады.

Асқар САПАРҒАЛИЕВ,

ҚР Бас прокуратурасы

Құқықтық статистика және

арнайы есепке алу жөніндегі

комитетінің Түркістан облысы

бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі.

#заң_және_тәртіп

Пікір қалдырыңыз