2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап...

Қазақстан Республикасының «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңының жобасына сәйкес, макроэкономикалық көрсеткіштердің базалық болжамы негізінде қалыптастырылған жаңалықтар ел назарын аударуға тұрарлық мәселе деп білеміз. Сондықтан да осы жаңалықтарды ел қаперіне тағы бір сала кетуді жөн деп таптық.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

– айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңге;

– ең төменгі зейнетақы – 43 272 теңге;

– азалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге;

– ең төменгі күнкөріс деңгейі (КД) – 31 183 теңге;

– жалақының ең төменгі мөлшері – 42 500 теңге болды.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемі мен еңбек сіңірген жылдары үшін алып жүрген зейнетақылардың негізгі мөлшері 7 пайызға арттырылады.

Зейнетақы төлеміне қосымша төленетін базалық зейнетақы төлемінің мөлшері әрбір азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы қорына қатысушы болған кезеңіне сәйкес 18 524 теңгеден 34 302 теңгеге дейінгі аралықта арттырылады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ең жоғарғы орташа айлық табыстың мөлшері 46 айлық есептік көрсеткішпен шектеліп, яғни орташа айлық табыс шектеліп 134 182 теңгеден анықталады. (АЕК 2 917 х 46 =134 182) Мемлекеттік әлеуметтік жәрдем-ақылардың, оның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және түзеу мекемелерінде ұсталатын адамдар үшін «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы №126 Қазақстан Республикасы Заңының 12, 16 және 18-баптарында көзделген мөлшерлерде белгіленеді және КД мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады.

№1 және №2 тізімдер бойынша берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың, бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақының, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақының, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана Даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың, төрт және одан да көп бірге тұратын жасы кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру мекемелерін аяқтайтын уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) мемлекеттік жәрдемақылардың, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылардың мөлшері АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға мемлекеттік жәрдемақының, бала кезінен 1-топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын отбасыларға (адамдарға) мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2021 жылғы 1 қаңтардан КД ұлғаюына байланысты арттырылады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 4 мамырдағы №168-ө-м бұйрығымен бекітілген қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың (Қазақстан Республикасының азаматтары) ай сайынғы төлемдерді есептеу қағидаларының 8-тармағына сәйкес ай сайынғы төлемдерді жыл сайын арттыру Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұсынатын келесі 3 жылға арналған жылдық инфляцияның болжамды деңгейі негізінде жүзеге асырылады.

Осыған байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтары ай сайынғы төлемдері 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 5%-ға арттырылады.

Бүгінгі таңда, ҚР ЕХӘҚМ еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменттері мен мемлекеттік корпорациялары бірлесіп, зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру жұмыстарын жүргізіп, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап уақтылы қолдарына алуына жағдай жасалады.

А.Абдуалиева. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті Түркістан облысы бойынша департаментінің №4 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз