Қыстың сәні – соғымбасы

Кәсібі төрт түлік болған аталарымыз үшін табиғат құбылыстары соншалықты құпия болмаған. Кез келген қиындықтың қарсы амалы да болған.

Әрине, қыс – жаз не көктем емес. Құбылысы да, құрылымы да бөлек. Күпсек қар көз қарықтырады. Әр-әр жерде ала қанат қарғалар қарқылдайды. Оның үстіне алыстан ұлыған қасқырдың ащы үні дене тоңазытады. Осындай құрсаудан шығу үшін Батыс Еуропа халықтары «Рождество», «Жаңа жыл», «Ескі жылды шығарып салу», «Масленица» секілді мерекелер ұйымдастырған. Қазақтар осы мерекені өздеріне ыңғайлап «соғымбасы» дәстүрін енгізген тәрізді.

«Соғымбасы» – қыстың алғашқы күндерінде, қар қалың түсіп, аяз қыса бастаған сәтте басталады. Этнографиялық деректерге сүйенсек, қатал қыстың құрсауынан мал-жанын аман алып шығу үшін алдымен қыс иелері – қалтырауық Қамар кемпір, оның екі ұлы Ақпан мен Тоқпан және Аяз иесі Әз мырзаға арнап «Қыстың мойыны қысқа болсын, шаруаның мойыны ұзын болсын» деп құрбандық шалып, рәсім еткен. Бұл той іспетті өткен. Осы тойда үлкендер жыршылардың қисса- дастандарын тыңдап, жастар күй тартып, ән айтқан. Ал, балалар қардан Ақпан, Тоқпан бейнесін жасап ойнаған екен.

«Соғымбасында» үш айға азық болу үшін жылқы, ірі қара, бірнеше қой сойылған. Соғым сойған үй иелері бір-бірлеріне қыдырып, қуырдақ жеп, алты ай қыстан қалай жеңіл шығу жағын қарастырған, ой бөліскен, ақылдасқан. «Соғымбасына» алыстағы ағайындарды да шақырысқан.

Қазақ салтындағы мерекелердің бірі – салбурын. Қыс маусымында аңшы, саятшылар топтанып, бірнеше күнге аңға шығу салты осылай аталған. Әу бастан қазақтың саятшылыққа жаны құмар. Қансонарда аңға шығып, олжалы оралу нағыз қызықтың өзі емес пе?!

Биылғы қыс та олжалы болғай!

Дайындаған С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз