Кітап деген бір әлем...

Жастайымыздан «Кітап – білім бұлағы» деген сөзді жиі естіп өстік. Бертін келе аяулы ұстаздарымыздың ықпалымен оған деген құмарлығымыз арта түсті. Қазір де сол таңғажайып әлемнен қол үзген жоқпыз. Кітапхананың тұрақты оқырманы ретінде дағдылы әдетті жалғастырудамыз.
Осы орайда ертеректе оқыған мына бір жайдың еске түсіп отырғаны. Орыстың атақты жазушысы Максим Горькийден жас кезінде біреу «кенеттен байып кетсең не істер едің?» деп сұрағанда ол ойланбастан, «көп кітап сатып алар едім» деп жауап берген екен. Не деген даналық! Шындығында да, біле білгенге кітаптан артық қандай байлық болуы мүмкін?!
Ілгеріде С.М.Кировтың «Кітап оқымаған адамның миы құрғап кетеді» деп айтқан сөзін де оқығанымыз бар еді. Қысқасы, кітап жөнінде айтылған мазмұнды ойлар жетіп-артылады.
Нарықтық қатынастардың өмірге енген алғашқы жылдары қаржының жетіспеушілігін сылтау етіп еліміздегі көптеген кітапханалардың жабылып қалғандығы жұртшылыққа белгілі. Сәтін салғанда сол кездегі аудан басшыларының табандылығының арқасында Созақ ауданындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі қысқартудан аман қалды. Ендігі жерде сол баға жетпес асыл қазына – кітаптар Теріскей жұртшылығына қызмет етіп жатыр.
Кезінде, зәуімен жолы түскенде аудан орталығы – Шолаққорған ауылындағы кітапхананы аралап, ондағы кітап қорының сол қалпында сақталып тұрғанын көрген қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Әбіш Кекілбай, Қадыр Мырза Әлі, Шерхан Мұртаза ағалардың қатты риза болғандығынан да хабарымыз бар. Олар кейіннен осы жайлы баспасөз беттерінде ой-толғамдарын жазды да.
Дағдылы әдетімізге салып кітапханаға барған кезде онда кітап қолтықтап жүрген оқушыларды көргенде сүйсініп қаламыз. Сұрап білгеніміздей, ұстаздары шәкірттеріне сабақтан бос уақытында кітапханаға барып, көркем әдебиеттер оқуға кеңес береді екен. Еріксіз риза боласың мұндайда.
Бірыңғай қазақтар шоғырланған, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған аудандағы кітапхана қызметкерлерінің күнделікті атқарып отырған істеріне де кісі сүйсінерліктей. Қашан барсаңыз да күліп қарсы алып, ізетпен шығарып салады.
Иә, кітап деген сиқырлы бір әлем бар. Ал, Сіз кітап оқисыз ба?..
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ, еңбек ардагері, зейнеткер, Созақ ауданының құрметті азаматы.