Түркістан облысында қылмыс азайып, ашылу көрсеткіші артқан

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков ел алдында есеп берді. Елдегі карантин жағдайы ескеріле отырып, жиын әлеуметтік желілер арқылы онлайн түрде көрсетілді.

Қайрат Сұлтанбайұлының айтуынша, екі миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысы еліміз бойынша қылмысы аз өңірлердің қатарында. Яғни, облыста қоғамдық-саяси ахуал, криминогендік жағдай тұрақты.

- Түркістан облысының полицейлері тұрғындар үшін қылмыстың азаюы мен қаланың тәртіпке келуіне қатысты өз жұмысын қырағылықпен атқарып келеді.  Бүгінде өңірде қылмыс азайып, ашылу көрсеткіші артқан. Жалпы Республика көлемінде он мың тұрғынға шаққандағы қылмыс саны 86 болса, бұл көрсеткіш Түркістан облысында 31-ді құрайды. Яғни, 2 миллионнан астам халқы бар өңір еліміз бойынша ең қылмысы аз облыстардың қатарында тұр. Сондай-ақ, облыс көлемінде қылмыстық құқықбұзушылық 26,6 пайызға, ал қылмыс 27,5 пайызға азайған – деді полиция генерал-майоры.

Бір қуанарлығы өңірде мал ұрлығы 54,5%-ға кеміп отыр. Аталған  қылмысты жедел ашуда Түркістандық  полицейлер «чат» әдісін қолдануда. Яғни, заңсыз тасымалданған малдар полицейлер тарапынан анықталып, бейне тіркегіштерге суретке түсіріліп, арнайы чатқа жіберіледі және мал ұрлығы туралы арызданып келген азаматтарға чаттағы бейне жазбалар мен суреттер көрсетіледі.

Тиянақты жұмыстардың нәтижесінде мал ұрлығын кәсіп еткен 58 қылмыскерден тұратын 18 қылмыстық топ құрықталған. Олармен жасалған 113 қылмыс дер кезінде ашылды.

- Жыл басынан жалпы 1091 мал ұрланған болса, оның  484-і қайтарылды. Оның ішінде 208 жылқы, 64 ірі қара мал, 223 уақ мал бар. Қора-жайларды дұрыс бекітпеу, жайылымдарға жібере салу секілді жауапсыздықтың салдарынан мал ұрлығы тыйылмауда. Сондықтан ескерте кетейін, төрт түлігі қараусыз қалған мал иелеріне де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған – деді департамент басшысы.

Облыста есірткімен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бірақ есірткіге елітіп, тұзағына түсіп қалушылар аз емес. Сонымен қатар, бүгінде есірткінің синтетикалық түрлері де көбейген.

Полиция қызметкерлерінің жыл бойына жүргізген есірткіге қарсы күрес жұмыстарының нәтижесінде 343 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Оның ішінде есірткі егудің 73, сақтаудың 19 жайты анықталған. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 6 тн-дан астам есірткі заттары тәркіленген.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы жылы өңірде  жол апаты 10,4 пайызға азайыпты. Оған қоса мас халде көлік басқару қылмысы 20,5 пайызға кеміп отыр.

- Бұл көрсеткіш әлі де төмендеуі қажет. Сондықтан алдағы уақытта біз бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін профилактикалық іс-шараларды көбейте беретін боламыз. Ал, жол апаттарының  орын алуына көлік басқарушылардың ереже бұзуы, қараусыз малдардың жол қозғалысына кедергі келтіруі, жаңа облыс орталығы болғандықтан адам мен көлік санының күрт артуы және мас халде көлік басқару негізгі себеп болуда – деді Қайрат Сұлтанбайұлы.

Өткен жылы облыс аумағындағы 540 бейнебақылау камералары арқылы 84 қылмыс ашылып, 50 007 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек,  Түркістан қаласында процессингтік және жедел басқару орталығы іске қосылып, 56 бейнебақылау камерасы орнатылды. 

Елдегі карантин тұсында қала, аудандық полиция құрылымдарынан 50-ден астам мобильдік топ құрылған. Бүгінге дейін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының талаптары бойынша 4242 дерек анықталып, іс-құжаттар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданыпты. Соның ішінде 3279 дерегіне 160 млн. 999 мың 804 теңге айыппұл салынған.

Бүгінде көші-қон саласында да үлкен жұмыстар жүргізіле бастады. Әсіресе, 55 жастан асқан қариялар мен кейуаналардың үйіне барып құжаттандыру ісі жолға қойылды. Сондай-ақ, КСРО кезіндегі төлқұжатпен жүргендердің де  құжаттары ауыстырылуда. Жалпы  бүгінге дейін облыс бойынша 235 адам полиция қызметкерлерімен құжаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып келеді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған жолдауында полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеді.  Ол бірінші кезекте қолжетімді полиция қызметін қалыптастыру мен учаскелік полицейлердің мәртебесін арттыру. Бұл бағытта қазір ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының қолдауымен облыс орталығын «Қауіпсіз қалаға» айналдыру мақсатында қала, аудандық тәжірибелі полиция қызметкерлері Түркістан өңіріне жұмылдырылды. Олармен күнделікті тәртіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты жұмыстар атқарылуда. Ал, өзім кез-келген азамат үшін есігімнің ашық екенін айтқым келеді. Тіпті әлеуметтік желіде де тұрғындармен «кері байланыс, ашықтық» орнату үшін жеке парақша аштым. Жағдайдың барлығын өз бақылауымда ұстауға барымды саламын – деді Қайрат Дәлбеков.

Есеп беру жиыны барысында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар кең көлемде айтылды. Ал, тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілер арқылы қойылған сұрақтарға Қайрат Сұлтанбайұлы жауап беріп,туындаған мәселелердің баршасы да заң жүзінде шешілетіндігін айтты.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Пікір қалдырыңыз