Cудьялар съезі


Судьялар Съезі төрт жылда бір өткізілетін, сот жүйесі мен судьялар қауымдастығының ағымдағы мәселелерін ортаға салып талқылап, алдағы стратегиялық міндеттерді айқандайтын маңызды алаң. Биылғы жылы күзде Қазақстан Республикасы судьяларының IХ съезін өткізу жоспарланған.
Өткен жолғы Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезі пандемияға қатысты онлаин режимде өткізілген болатын. Осыған қарамастан, өткен жиынға еліміздің бүкіл өңірлерінің судьялары, сондай-ақ, шетелдік сарапшылар қатысты.
Еліміздің сот жүйесі азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық  құқығын тиімді қорғау мақсатында басқа мемлекеттік органдардан бұрын ақпараттық технология жетістіктерін игеріп, өз қызметіне батыл енгізгенін білеміз. Бұл ілкімділік шараларды онлайн режимге өткізу қажеттіліr туған сәтте өз жемісін беруде. Өткен съезден бергі уақыт ішінде сот жүйесі қызметіне оң өзгеріс әкеліп, оның қолжетімділігін, ашықтығын, тиімділігін арттыруға ықпал етіп отырған да осы цифрлық жүйе. Бүгінгі таңда сот процестерінің қажет болған жағдайларда қашықтан өтеді. Жалпы бұл салада, жаңалық та, солардың арқасында жетіп отырған жетістік те аз емес.
Осы тұрғыда, өткен Съезге қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Әсіресе індет жағдайында қазылардың азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды құқығын қорғау ісіндегі ілкімділігіне ризашылығын білдіре келіп, жалпы сот төрелігінің әділ әрі заңға сай жүзеге асуына мемлекетпен қатар бүкіл қоғам мүдделі екендігін атап көрсетті. Сот жүйесіндегі әрбір процесс азаматтардың, кәсіпкерлердің, инвесторлардың мүддесі тұрғысынан қаралуына, онда тек заңдылықтың ғана үстемдік құруының маңыздылығына назар аудартты. Бұл ретте сот жүйесі тәуелсіздігінің шешуші фактор екендігін, өйткені, бұл әділ сот төрелігінің, азаматтардың сотқа деген сенімінің басты шарты екендігін мәлімдеді.
Сонымен қатар Президенттің дербес кассациялық инстанция құру үшін консультациялар өткізу туралы тапсырмасын орындау және оны іске асыру мақсатында Жоғарғы Сотпен Парламент палаталарының депутаттарымен бірлесе талқылау жұмыстары жүргізіліп, соның негізінде елордада (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) үш кассациялық сот құру моделі қарастырылуда.
Жоғарғы Сот алдын ала қарау институтын жоюды, барлық істер бойынша  «толық кассацияны» қолдануды, қаралуы 6 айдан аспайтын «ақылға қонымды мерзім» белгілеуді, сондай-ақ тараптардың міндетті түрде қатысуымен сот процесін жүргізуді ұсынған болатын.
Өз кезегінде, Жоғары сот органы қадағалау ісіне және сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз етуге баса мән беруді жоспарлауда.
Еліміздегі соңғы кездері қолға алынып жатқан басты жаңалықтардың бірі ол қоғамның қызығушылығын тудырып отырған істер бойынша сот отырыстарының тікелей көрсетілімін ұйымдастыруды атап өту керек. Мұндай сот отырыстарын халық көріп, өздерінің құқықтық сауатын көтеруге, сот отырыстарының жүргізілу тәртібін, ең қарапайымы сотта азаматтар өздерін қалай ұстау керектігін білуге мүмкіндік алды. Бұдан басқа, бұл көрсетілімдер қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азайтуға өз себептігін тигізеді деп ойлаймын.
Десе де, сот қызметінің ашықтығы мен сот төрелігінің қолжетімді болуын одан әрі жақсарту, жалпы сот жүйесінде шешімін күткен мәселелер әлі де аз емес. Әсіресе, сот жүйесін цифрлық тұрғыда жетілдіре түсу, білікті, білімді, жан-жақты судьялар мен мамандар корпусымен жасақтауды жалғастыру, сот отырыстарының жариялылығын қамтамасыз ету және тағы басқа сот жүйесінің беделін жоғарылату үшін атқарылатын жұмыстар мен мәселелерді ортаға салып талқылап, алдағы стратегиялық міндеттерді айқандай түсу осы съездің еншісінде болмақ.
 
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы ​​А.Ж.Білтебай
Пікір қалдырыңыз