Құқықтық сауатты арттырудың жолдары қандай?

Бүгінде жұмыста болсын, қарапайым тұрмыста болсын, еңбек заңдылығы, азаматтардың құқығы жиі бұзылып жатады. Бірақ, басым бөлігі құқықтары аяқасты болса да заң орындарының көмегіне жүгіне бермейді. Мүмкін, бұл орайда қоғамды құқықтық сауаттылыққа баулитын жаңа бір нәрсе ойлап табу керек шығар... Сіз не дейсіз?

Мұхтар МҰСАҚҰЛОВ, заңгер, адвокат:
– Мойындау керек, жалпы, халықтың, қарапайым адамдардың құқық туралы білімі әзірге төмен. Былайша айтқанда, көп адам өздерінің құқығы, өзінің жеке басына тиесілі қызмет түрлері мен жауапкершіліктері туралы мүлдем білмейді. Оны білуге талаптанбаса, қайдан біледі?! Шынын айтуымыз керек, мектептердегі құқықтану сабақтарының деңгейі бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмайды. Ең алдымен, қарапайым азаматтарда саяси ерік деген болуы керек. Ал, бізде көп адам өзіне қажетті заңның баптарын біліп, құқын қорғауды меңгеруге тырысудың орнына шаруаларын оңай жолдармен шешіп алғысы келеді. Ештеңеге бас қатырмайсың, ақшаңды берсең, шаруаң жүреді деп ойлайды. Одан қоғам алға қарай дами ма? 
Ата Заңның «Адам құқығы» деген бөлімі бар, бірақ, ондағы жазылғанның бәрі орындала бермейді. Әрбір мемлекеттік мекеме немесе ұйым өз қағаздарымен әуре. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым адамдардың процессуалдық құқығы жоқ. Мәселен, сіз бір шенеунікке өтініш жаздыңыз немесе бір мәселеге байланысты сұрақ бердіңіз делік. Сіздің өтінішіңізге немесе сауалыңызға ол нақты, дұрыс әрі дәл жауап беруі керек. Егер ол жауап бермесе немесе сырғытпа жауап бере салса, анаған-мынаған сілтесе, сіз оның жауапқа тартылуын талап ете аласыз. Сіз осылайша өз құқығыңызды аяқасты етпейсіз. 
Жаңа заң қабылданған кезде әр министрлік, ведомоство болсын, өз қаулыларын, шешімдерін соған сәйкестендіріп жасайды. Олары конституциялық нормаға сай ма, сай емес пе, оны ешкім білмейді. Себебі, мұны Конституциялық соттан ешкім сұрап жатқан жоқ. Қорыта айтқанда, азаматтар өздері үшін құқықтық сауаттылықтарын арттыру керек. Сонда ғана қоғамда ашықтық болады. Даму ашық қоғамда ғана болады.

Айгүл ОРАҚБАЕВА, Түркістан және Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының директоры:
– Бұл қажеттілікті заман өзі туғызып отыр. Қазіргі таңда қоғамда өз құқығын білмейтін, білуге талпынбайтын азаматтар аз емес. Сондықтан жастар арасында өріс алып бара жатқан қылмыс пен бұзақылыққа тұсау болар құқықтық тәрбиені күшейту қажет. Қаншама заң бар, оның бәрінен хабардар болып отыру қиын болса да әрбір қабылданған заңның маңыздылығын адамдарға түсіндіру керек. Бұл жерде қоғамның белсенділігі де өте маңызды. Әрбір азамат өзіне қажетті құқықтары мен жауапкершіліктерін, құзырлы органдардың міндеттемелерін біліп отырса, қандай ғанибет болар еді. Бүгінде шағын ауылдардың өзінде жастардың қоғамдық тәртіпті бұзуы, құқық бұзушылық әрекеттері көбейген. Көбінесе оларды ауыл ішіндегі бір тентектің ісіне сайып, ағайындықпен жауып тастап отырады. Ал, жастарды мұндайға итермелейтін не? Әрине, ең алдымен құқықтық сананың төмендігі. Сондықтан балалар мектеп қабырғасынан бастап құқықтық нормалар туралы түсінігін қалыптастырса, кейін үлкен өмірге аяқ басқан кезде де құқықтық тәрбиенің маңыздылығы басты орында тұрар еді. Баланы жас күнінен қылмысқа ұрындырмаудың бірден-бір жолы – құқықтық тәрбие. Өз құқығы мен өзгелердің алдындағы адами, азаматтық жауапкершілігін сезіндіру, соны мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ оның құлағына құю, ол, әрине, ең алдымен аға буынның парызы. Бүгінгі заман тынысы күнделікті ақпаратпен қоса қабылданып жатқан заңдар мен талқыланып жатқан заң жобаларын оқып, біліп отыруды талап етеді. Сондықтан да мектеп жасындағы баланың құқықтық сауаттылығы жоғары болуы үшін біз сауатты оқулықтар мен жүйелі бағдарламаларды әзірлеуге күш салуымыз керек. 

Сауалнаманы жүргізген
 Д.ЖҮСІПОВ.  

Пікір қалдырыңыз