Насыбайға салынатын айыппұл елдегі ең төменгі жалақыдан жоғары болып тұр

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында насыбай ататындарға қатысты алаңдаушылығын білдіріп, оның денсаулыққа зиян және бұл адам бойындағы жаман әдеттердің бірі екендігін айтқан болатын.

Күні кешеге дейін насыбайды ескіліктің қалдығы деп жүруші едік. Ауылдың бірен-саран шалдары болмаса, оны пайдаланатындар сирек еді. Оған ешкім де мән беріп жатпайтын. Тіпті, еліміздегі денсаулық сақтау, білім мен тәрбие беру және құқық қорғау құрылымдары да бүгінге дейін мұның денсаулыққа аса зиян екендігіне жеткілікті мән берген емес. Насыбайға қарсы күрес шараларын қолға алатын тиісті құрылымдар ырғалып-жырғалып жүргенде, бұл дерт, әсіресе, жастар арасында кеңінен таралып үлгерді.
Біздіңше, жас толқынның насыбайға құмар болуының бір емес, бірнеше себебі бар сияқты. Мемлекет арақ пен темекінің бағасын қымбаттатып, оны жасөспірімдерге саудалауға шектеу қойды. Қазір 
2 мың теңгеге тәуір арақ табыла қоймайды. Темекінің де ең арзаны 800 теңге шамасында. Оның өзі көп болса, екі-үш күннің ар жақ, бер жағында түбі көрініп, тағы да қалтаға салмақ салатыны анық. 1000 теңгенің өзі күнделікті жүріп тұру, тамақтану шығынын қоспағанда, жай ғана темекіге кетеді. Темекіні арнайы орынға барып тартпасаң, бұрынғыдай көшеде кетіп бара жатып тартатын дәурен келмеске кеткен. Осындай тентекті тезге салатын тәртіпті күшіне енгізген билік неге екені белгісіз, насыбайды елеусіз қалдырып кетті. Қазір тіл астына салатын насыбай жастың да, жасамыстың да ермегіне айналды. 
Президент пәрмен бергені сол еді, Ішкі істер министрлігі насыбайға қарсы күрес шараларын бастап кетті. Өзге өңірлерді айтпағанда, тек Түркістан облысында 10 күн ішінде насыбай саудалаған 202 адам анықталып, оларға тыйым салынған заттарды сатқаны үшін хаттама толтырылған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарованың бізге ұсынған мәліметіне сүйенсек, полицейлер осы аралықта 100 келіден астам насыбай тәркілеген. Оның айтуынша, насыбай сататындарға 25 АЕК көлемінде, яғни 92 мың 300 теңге айыппұл салынған. Сататындарға ғана емес, насыбай атып, көшеде қақырынып жүретіндерге де айыппұл қарастырылған. Оның мөлшері 5 АЕК, яғни 18 460 теңге көлемінде. 
Әрине, жаман әдеттен бірден арылу да қиын. Әйтсе де, насыбайдың бүгінде белең алып тұрған обыр және ішек құрттары ауруларына апаратын жол екендігін ұмытпағанымыз жөн. Қысқасы, насыбайға әуестік, ең алдымен өз денсаулығыңа балта шабу деген сөз.  
Пікір қалдырыңыз