Жарнама жасаушылардың да жауапкершілігін көтеру керек

Соңғы жылдары алаяқтық қылмыстардың белең алып тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, ғаламтор мүмкіндіктерін пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы сан соқтыратындар қарапайым халыққа қауіпті болып тұр.

Көзі ашық азаматтар алдымен алаяқтың әр ісіне күдікпен қараса керек еді. Алайда, қаржылық, құқықтық сауаты төмен жандар оларды тексеріп, жұмысын зерделеуге бас қатырып жатпайды. Көпшілігі оңай жолмен тезірек байығысы келгендіктен, айтқан ақшасын алаяқтың алақанына салады. Алданғанын түсінгенде құқық қорғау орындарын жағалайды.
Ғаламтордағы онлайн бизнестің дамуы, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар қатарының көбеюі алаяқтардың белсенділігін бұрынғыдан да арттырып жіберді. Қазір алаяқтар азаматтарды ғаламтордың ар жағында отырып басқаруға машықтанған. Жаңа технологияны әбден меңгерген алаяқтарды анықтау, қолға түсіру, жауапқа тарту бұрынғыдан да күрделілене түсті. Әсіресе, мұндай алаяқтардың әрекетін елге белгілі тұлғалар, әншілер, блогерлер жарнамалап жатады. Елге белгілі танымал адамдардың сөзіне сеніп, сан соғып қалатындар көбейіп барады. Сондықтан жарнама жасайтындардың да жауапкершілігін көтеру керек. Жалпы, еліміздегі алаяқтықтың алдын алуда қаржылық әрі құқықтық сауаттылықтың орны бөлек. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет.

Айжан МЕДЕУБЕКОВА,
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық 
сотының судьясы.
Пікір қалдырыңыз