Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады немесе бүгінгі жастар неге оңай олжа табуға құнығып кетті?

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде оңай олжа табу үшін қолдағы барын бәске тігетін жас та, жасамыс та көбейді. Өйткені, олар мұны мол табысқа кенелудің ұтымды жолы деп санайды. Тіпті, талай жан қалтасындағы соңғы тиынына дейін ұтысқа салып, букмекерлік кеңселерде түнейтін халге жетті. Мұны аз десеңіз, бір-ақ күннің ішінде байып кетемін деп, өзін-өзі алдарқатып, жора-жолдастарынан қарыз алып, онысын қайтара алмай жүрген жастар қаншама?! Сөйте тұра олар букмекерлік кеңселерді жағалауларын қояр емес.

Құмар ойынға құныққандар барлық тапқан-таянғанын бала-шағасының аузынан жырып алып, бәске тігіп жіберуге арланбайды. Алайда, одан байып кеткен адам кемде-кем. Есесіне, тақырға отырып, сан соғып қалғандар қаншама?! Тағдырдың тәлкегіне түскен осындай жандарды көргенде жүрегің ауырады. «Reframe» тұлғалық дамыту орталығының директоры, психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкаяның  айтуынша, қаржылық қиындыққа ұшыраған немесе табысы мол, бірақ, отбасында келеңсіз жағдайлар жиі орын алатын жандар көп жағдайда бәс тігуге құмар болады. Алайда, мұның соңы тәуелділікке әкеліп соғады.
– Қазір лудоманияға қарсы түрлі психологиялық бағдарламалар бар. Ойынқұмарларды емдейтін арнайы курстар да аз емес. Бірақ, олардың барлығы ойынқұмарлыққа салынған адамның одан айығып кетуіне кепілдік бермейді. Өйткені, бәрі емделушінің ерік-жігерінің қаншалықты екендігі мен араласатын ортасына байланысты, – дейді психолог.
Құмар ойынға тәуелді адамдарды ғылымда «лудоманияға шалдыққандар» деп атайды. Ал, ондай жандар бәс тігуді әлеуметтік, материалдық және отбасылық құндылықтардан да жоғары қояды. Мамандардың айтуынша, лудоманияға шалдыққан адамдардың өмірге деген құлшыныстары өте төмен болады. Сондай-ақ, олардың көпшілігі жалғыздыққа бейім келеді. Психологтың айтуынша, мұндай диагнозы бар адамдардың бойында психикалық ауытқулар жиі байқалады. 
– Лудомания – аурудың бір түрі. Сол себепті де мұндай науқасқа шалдыққан адамдар жалған сезімнің жетегіне еріп, оңай олжаны қайдан тапсам екен деп шарқ ұрып тұрады. Негізінен, ойынқұмар адамдар бір рет ұтып алса, осы жетістігін ылғи қайталай бергісі келеді. Нәтижесінде, құмар ойынға тәуелді болып қалады. Соның салдарынан оның бойында үрей, қорқыныш, жеккөрушілік, өкініш, реніш сезімдері қалыптасады. Сөйтіп, ол бірте-бірте туған- туыстары мен достарынан алшақтай бастайды, – дейді психолог.
Лудоманияға шалдыққандар «жеңілісті» мүлдем көтере алмайды. Сол себептен олар өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмай, өз-өзіне қол жұмсауға бейім болады. Ал, мұндай жағдайда оған дәрігерлер мен арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет. 
– Алғашында букмекерлік кеңселерге достарыммен бірге барып жүрдім. Сөйтіп, мұнда келетін қыз-жігіттердің бірнеше минут ішінде қомақты қаражат ұтып алатындарын көріп, қызығушылығым оянды. Бір күні мен де қалтамдағы соңғы ақшамды бәске тіктім. Содан не керек, жолым болды. Бір-ақ сәтте ақшам еселеніп шыға келді. Сол күні «шүкір, бағым жанды!» деп үйге қайтып кетсем де, бұл жаққа жиі бас сұғатын болдым. Әйтеуір, бірде ұтып, бірде ұтылып жүрсем де бұл әдетімді қоя алмадым. Ал, мұның соңы жақсылыққа апармады. Уақыт өте келе достарымнан қарызға ақша сұрап, бәс тігетін болдым. Осылайша, бірнеше айдың ішінде таныстарымның алдында қадірім кетті. Енді сол күндер қайтып келсе, мұндай қадамға бармай тұрып, бәрін ақыл таразысына салып, ойланатын едім, – дейді аты-жөнін айтқысы келмеген түркістандық азамат.
Бүгінде Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттерде бәс тігуге мүлдем тыйым салынған. Егер заңға бағынбасаңыз, айыппұл төлейсіз. Ал, бізде ше? Бізде 21 жасқа толмаған адам букмекерлік кеңселерге кіре алмайды. Заң талаптарына сәйкес, бәс тігушінің жасы міндетті түрде жеке куәлігі арқылы тексеріледі екен. Мұны бізге осы салада еңбек етіп жүрген Ермек Қиясов есімді азамат айтты. 
– Спорттың барлық түрі бойынша алдын-ала болжам жасап, бәс тігуге болады. Егер бағыңыз жанса, ақшаңызды еселеп қайтарып аласыз,  – дейді букмекерлік кеңсе қызметкері. 
Бүгінде Түркістан қаласында Олимп, Лото, Фонбет, Бинго сынды букмекерлік кеңселер мен ұтыс қабылдайтын орындар аз емес. Әдетте, мұндай кеңселерге алыс ауылдардан келгендер жиі бас сұғады екен.
– Ата-анам оқуымды төле деп берген ақшаның төрттен бір бөлігін ұтысқа тіктім. Сөйтіп, мол табысқа кенелемін деп ойладым. Алайда, ұтылып қалдым. Былайша айтқанда, қолдағы бар ақшам желге ұшып кетті. Бірақ, мұнымен тоқтамай, оқу ақысын төлеу үшін несие алдым. Осылайша, қарызға белшемнен баттым. Енді банк алдындағы қарызымды қайтару үшін жұмыс істеп жүрмін, – дейді алыс ауылдан келген Аслан есімді студент терең күрсініп.
Бүгінде букмекерлік кеңселерде «Ойын бизнесі туралы» заңның 15-бабы 2 тармағындағы «Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің қазақ және орыс тілдеріндегі қағидалары құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылардың олармен танысуы үшін ойын мекемелеріндегі көрінетін жерге орнатылуға тиіс» деп көрсетілген заңнама ескеріле бермейді. Есесіне, жұртты жіпсіз байлаған мұндай кеңселерде келушілерге барлық жағдай жасалған. 
– Көбінесе спортты жетік білетін адамдардың жолдары болады. Сондай-ақ, араларында тәуекелдің қайығына мініп, бәс тігіп, ұтып кететіндері де бар, – дейді Ермек Сатылғанұлы.  
Тарихи деректерге сүйенсек, ең алғашқы бәс ежелгі Римде гладиаторлар шайқасына тігілген екен. Содан бері бірнеше ғасыр өтсе де, бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып келеді. Алғашқы букмекерлік кеңсені британдық Ричард Таттерсолл деген  герцог ашқан екен. Оған жиналған ойынқұмар азаматтар ит, қораз төбелестіріп, оларға ұтыс тігіпті. Кейін бағы жанған адамға бәске тігілген қаражат берілген. Бертін келе спорттың барлық түріне болжам айтатын ойыншылардың қатары артып, букмекерлік кеңселердің жұмысы жандана бастаған. Сөйтіп, байрақты бәсекелерде қай спортшының бағы мен бабы қатар жанатынын дөп басып айтқан мыңның бірі мол табысқа кенеліп отырған. Алайда, мұның соңы оларды тәуелділікке душар етіп, абыройы мен атағынан айырғанын айта кету керек. Мәселен, танымал футбол командасының жанкүйері Амани Стэнли есімді азамат бәске тігетін ақша таба алмай, отбасын тіккен. Өйткені, ол сүйікті командасының жеңетініне сенімді болған. Алайда, оның үміті ақталмады. Сөйтіп, ол айрандай ұйып отырған отбасынан айырылып қалды. Ал, Қытайда студент үш мың АҚШ долларын бәске тігіп, ұтылып қалған соң жетінші қабаттан секіріп кеткен. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар елімізде де ара-тұра орын алып тұрады. Тіпті, ойынның қызығына кіріп, артынша опық жеп, өз-өзіне қол жұмсағандар да жетерлік. Тізе берсек, тізімнің соңына жете алмайтынымыз анық. Бастысы, ұтысқа кенелемін деп сан соғып қалмасақ болғаны. Біз бұл жерде букмекерлік кеңсеге барып, пайда табу дұрыс деп жатқанымыз жоқ. Керісінше, мұның соңы неге әкеліп соқтыратынын айтқымыз келді. 
Бүгінде бұл мәселе түрлі мінберлерде жиі көтерілгенімен, әлі күнге дейін бір шешімі табылған жоқ. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті жиынында жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеу керектігін қатаң ескертті. Президенттің айтуынша, 400 мыңға жуық адам букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Әйткенмен, букмекерлік кеңселерді жағалап, жеңіл жолмен ақша тапқысы келетін жастардың қатары көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды. Сондықтан букмекерлік кеңселердің тірлігін үлкен өмірге қадам басқан жас өрендердің санасын улап жатыр демеске шарамыз жоқ.     
Пікір қалдырыңыз