Есірткі тасымалының жолын кесті

Түркістан облысының полицейлері есірткі тасымалдаушылардан 1 центнерден астам марихуана тәркіледі - деп хабарлайды Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бүгін брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Сахов облыс аумағынан аса ірі көлемде есірткіні заңсыз тасымалдаудың екі жайтының жолы кесілгендігін айтты.
- Өткен жұма және сенбі күндері "Қарасора" мен "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында полицейлер есірткі заттарының екі ірі партиясын тәркіледі. Есірткі қылмысына қарсы іс - қимыл басқармасының қызметкерлері мен Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының бірлескен операциясы нәтижесінде бірінші жайт бойынша 60 кг марихуана, ал екіншісінде 48 келі есірткі тәркіленді - деді ол.
Нақтылап айтар болсақ, патрульдік полицейлер республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент-Термез автожолының 594 шақырымында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін атқару барысында жол ережесін бұзған "Мазда" маркалы автокөлікті тоқтатады. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізуші ашуға бой алдырып, қарсылық көрсеткен. Көлікті түгелдей тексерген сәтте жүксалғыштан есірткі затына ұқсас 6 үлкен полиэтилен қапшығы тәркіленді. Сараптамаға сәйкес, қапшықтардағы заттың жалпы салмағы 60 келіні құраған марихуана болып шықты.
Қазіргі уақытта "Мазда" жолаушысы, яғни бұрын сотталған Жамбыл облысының тұрғыны уақытша ұстау абақтысына қамалды. Күдіктінің сөзіне қарағанда, ол бұл жүктерді Шымкент қаласына жеткізбекші болған.
Ал келесі күні патрульдік полиция қызметкерлері Түлкібас ауданында Алматы-Ташкент-Термез автожолының 651 шақырымында қатты жылдамдықпен келе жатқан Жамбыл облысы тұрғынының басқаруындағы "Ауди-100" автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында Жамбыл облысының тұрғыны, яғни жүргізуші мас халде болған. Содан соң көліктің салонын тексеру кезінде құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар 3 полиэтилен қапшықты тәркіледі.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттар жалпы салмағы 48 келі шығатын марихуана екендігі анықталды. Бұрын сотты болған "Ауди 100" автокөлігінің жүргізушісі жолаушысымен бірге Шымкент қаласына қарай есірткіні тасымалдамақшы болған.
- Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 296 "Есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану" мен 297 "Есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау,тасымалдау немесе өткізу" баптарымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Бүгінгі таңда күдіктілердің осы қылмыстарға қатыстылығы толығымен тексерілуде, сондай - ақ есірткі құралдарын жеткізу арналары анықталуда, - деді полиция подполковнигі Құрманбек Сахов.
Пікір қалдырыңыз