Қарттар үйінде кімдер жүр?

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қарияны құрмет тұтып, төрімізге шығарып, төбемізге көтерген халық едік. Ал, қазір... Бейнетінің зейнетін көріп, төрде отырып ақыл айтар шақта ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар көбейіп тұр.

Өмірден түңіліп, жалғыз қалған, қамқоршысы жоқ қариялардың көбі осында. Бүгінде бұл жер ресми түрде сауықтыру орталығы деп аталады. Қуанатынымыз, орталыққа түскен қарияларды мемлекет қараусыз қалдырмайды. Олардың күнделікті ас-ауқаты мен денсаулығы ұл-қыздарының емес, «өзге жандардың» бақылауында.

Барар жер, басар тауы қалмай қиналған Бибайша (аты өзгерген) апамызға сауықтыру орталығы өз үйіндей болып кеткен. Мұнда өзі секілді мұңлықтармен бірге қарттық ғұмырын өткізуде. Бибайша апа тұрмысы орташа отбасында дүниеге келген. Тағдырына салған тауқыметі аздай, тұрмыс құрып, перзент сүю бақыты бұйырмапты. Отбасыдан ажырауына арадағы сәбидің жоқтығы себепші болады. Апамыз ер жетіп қалған балалары бар ер азаматпен қайта отау құрады. Біреудің баласына ана болу өте қиын. Өгей анаға балалар да жылы қабақ таныта қоймапты. Қилы тағдырымен жалғыз қалған Бибайша анада қарттар үйіне келуден басқа амалы қалмаған. Алғаш үлкен ортаға келгенде, үйренісу қиын болар деген күмән болған. Бірақ, мекемеде барлығы мұны жылы қарсы алып, бауырларына басты. Ол кісі де екінші үйіндей болған ғимаратта уақытын бос жібермей, түрлі үйірмелерге қатысып, қолөнерін жетілдірді. Шебердің қолдан шыққан бұйымдары көрмелерге қойылды.

Ал, Вера – ІІ топ мүгедегі. Бірақ, өзін жарымжанмын деп есептемейді. Керісінше, мүмкіндігінің әлдеқайда көп екендігін дәлелдеп, өзгеге өнеге болуда. Вераның өзі толық отбасында дүниеге келген. Анасы өмірден ерте озды. Жалғыз қалған Вера аз уақыт туған-туыстарының үйінде тұрып, уақыт өте қарттар үйіне орналасады. Мұнда жаңадан достар тауып, замандастарын кездестірді. Тұрмыс құрмаған Вера Николаевна мұнда талғамына сай өмірлік серігін жолықтырып, некесін қидырды. Мекемеде қолөнермен айналысып, кесте тоқып, рухани дүниесін байытып отырады. Бос уақытында поэзиямен шұғылданып, жалынды жырлар жазды. Алғашқы туындылары жергілікті басылымдарда жарық көрген. Одан бөлек, «Тихая пристань», «Духовный свет», «Зори над Шымкентом», «Святые родники», «Корабль надежды» атты кітаптары бар. Вера апамыз өзінің өмірге деген толғанысы мен шерін қағаз бетіне түсіріп, өмірін қарттар үйінің қабырғасында емес, шаңырағы шаттыққа толған өз үйінде өткізуді армандайтыны һақ.

Бүгінгі таңда Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» 108 ер адам, 52 әйел тұрады. Оның 86-сы – зейнеткер, 74 – мүгедек жан. Сонымен қатар, 6 тыл еңбеккері мен ауған соғысына қатысқан 1 ардагер ғұмыр кешуде. Қарттар үйіндегі зейнеткерлердің орта жасы 78-ді құрайды.

Шымкент қаласындағы арнайы мекеме директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Мұхтар Әбдіғаппаровтың айтуынша, мұнда І-ІІ топтағы мүгедектер мен өз-өзіне күтім жасай алмайтын, денсаулығына байланысты стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж зейнеткерлер қабылданады. Олар бес уақыт ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Олардың денсаулықтары күнделікті бақылауда. Зейнеткерлердің еңбекке деген құштарлығын арттыру бағытында мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, күйзеліске түскен қарттар психологтардың көмегіне жүгініп, тұрмыстық жағдайымен қатар құқықтық қызмет те ала алады.

Мұхтар Жамһүрұлының айтуынша, мұнда тұрып жатқан- дардың басым көпшілігі өзіміздің қаракөз қарияларымыз екен.

Сүйекке таңба болып, жүрекке қанжар болып қадалатын тұсы да осы...

 

 

Пікір қалдырыңыз