Кез келген арыз тіркеуге алынады

ҚР Конституциясын қабылдау демократиялық мемлекет принциптері негізінде елімізді дамытудың жаңа кезеңін қалыптастыруға негіз болды. Ал, Ата Заң аясында мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және адам құқығы мен бостандығы. Сондықтан әр азаматтың құқығын қорғап, бостандығын қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті.

Азаматтардың құқығын заң аясында қорғау – қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысындағы прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі. Яғни «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» (СДТБТ) ақпараттық жүйесі (АЖ). Айта кетейік, бұл жүйе ҚР Бас прокурорының 2014 жылдың 19 қыркүйегіндегі №89 бұйрығымен бекітілген қылмыстық құқықбұзушылық туралы арызды, хабарламаны немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) регламенттелген. Аталған қағидалар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібі мен тергеп-тексерулер бойынша қабылданған процестік шешімдер туралы мәліметтерді енгізу мерзімдері айқындалған. Қылмыстық қудалау органдары қылмыстық құқықбұзушылық туралы арыз, хабар немесе баянатты тіркеу туралы мәліметтерді СДТБТ АЖ-сіне енгізуге міндетті. Қалған нысандар бойынша мәліметтер шешім қабылданған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірілмей, ал, қылмыстық істі прокурорға немесе сотқа жіберу қажет болған кезде оны нақты жібергеннен кейін енгізіледі.

Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесі қылмыстық құқықбұзушылық туралы арыз тіркелген сәттен бастап сот үкіміне (қаулысына) дейін қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, прокурорлық қадағалаудың тиімділігін және қылмыстық процесте азаматтардың құқығын қорғаудың күшін арттырады. Бұдан өзге, СДТБТ АЖ-сіне енгізілген мәліметтер негізінде есептік деректер қалыптастырылып, қылмыстық процесте құқығы бұзылған адамдардың жағдайы да ескеріледі. Осы орайда қылмыстық қудалау органдарының мұндай фактілерді жасыруға тырысатын жағдайлары жиі орын алатынын айту қажет.

Мәселен, Бас прокуратураның әскери басқармасы ақпараттық жүйеде көрсетілген статистикалық мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында тиісті бақылау-қадағалау шараларын жүргізіп, азамат Ж.-ның конституциялық құқығын бұзуға жол берілгенін және қылмыстық қудалауды жасыру фактісінің орын алғандығын анықтаған. Содан кейін аталған жағдайды түзеуге байланысты шаралар қабылданып, азамат Ж.-ға қатысты құқықбұзушылықтар қалпына келтіріліп, статистикалық есепке қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдан бастап прокурорларға адам құқықтары мен бостандығына қатысты қылмыстық істер бойынша негізгі процессуалдық шешімдерді мақұлдау міндеті заң жүзінде жүктелетін болды. Осыған байланысты 1 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде қылмыстық істер бойынша процессуалдық шешімдер мен іс-қимылдарды электронды енгізу және олардың заңдылығының сақталуын қадағалау бойынша пилоттық жоба басталады. Пилоттық жоба аясында бірқатар негізгі процессуалдық шешімдер қадағалаушы прокурормен келісіледі де, содан кейін олар процессуалдық мәртебеге ие болады немесе заңсыз ретінде жойылады.

Т.Мұқатаев, Е.Мұсабеков, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің әскери басқармасының заңгерлері.

 

 

Пікір қалдырыңыз