Жаңа маусымда – қос премьера

Аманат!..

Алдыңда әлі ұлы күндер,

Қайта оралып түрігімдер.

Бөлінгенді – бөрі жейді,

Бірігіңдер, бірігіңдер!

Кешегі бабалар бүгінгі ұрпақты рухтандырып, тарыдай тарап кетпеуге шақыратын «Аманат» этно-композициялық толғауымен Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 87-ші маусымының шымылдығын түрді. Пандемияның қиындығына қарамастан театр қос бірдей спектакльдің премьерасын ұсынды. Әрине, бұрынғыдай зал көрерменге лық толы болған жоқ. Елдегі жағдайға байланысты 500 орынды залға 50 көрерменді ғана кіргізуге мәжбүр болдық.

Ал, «Аманат» жайлы айтар болсақ, «Ұлы Тұран даласын кімдер мекендеген?» деген сұрақ туындай қалса, сонау сақ дәуірінде «шаһтардың шаһы» – жеті патшалықты бағындырған даңқты қолбасшы Кир патшаның жер қайысқан қалың қолын талқандап, басын шапқан Томирис патшайым ойға оралады. Сондықтан бұл қойылымның сақ патшайымының «Ұлы даламның еркіндігін өздеріңе аманат етемін!..» деген өсиетімен басталуы да заңды сияқты. Оған қоса қазақ мемлекетінің уығын шаншыған Керей мен Жәнібектің, ұлт тағдырына алаңдаған ақын Абай мен қазақ даласын әнімен әлдилеген Шәмшінің қойылымдағы кескіні көзге жылы ұшырайды.

Театрдың ашылу салтанатынан кейін көрермендердің көкейінде «Неге театр қойылымның орнына концерттік бағдарламамен ашылды?» деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Өздеріңізге мәлім, 2020 жыл – Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына орай театрдың шығармашылық ұжымы «Ұлы дала үні» болып, тарихқа бүгінгі ұрпақтың көзімен шолу жасауға бел буды. Ендеше, бұл толғау соның бастамасы, яғни бір көрінісі деуге болады.

Араға біраз күн салып, «Қол» психологиялық қойылымының премьерасы болды. Пьесаны өзім жазғандықтан бірдеңе деудің өзі қиын. Бұл қойылым арқылы өзгені де өзіңдей көр, қиянат жасама, «Адам» деген статусқа, сөзге лайық бол дегенді айтқымыз келген-ді. Әлбетте, кәнігі театр көрермені болмаса «Қоғам қайда барады?..» деген пәлсапаға құрылған спектакльді тосыннан келген көрерменнің бірден қабылдауы қиын болуы мүмкін. Десе де, жеңіл-желпі дүниеден – салмағын таразылайтын дүниеге қарай ұмтылғанның сөкеттігі бола қоймас.

Карантин басталғалы Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры өзінің инстаграмм және фейсбуктегі парақшаларында Дулат Исабеков, Иран Ғайып, Гүлжамал Қазақбаева, Құлбек Ергөбек, Түймехан Атымтаева, Роза Мұқанова сынды қазақтың айтулы тұлғаларымен онлай-сұхбаттар жүргізіп, театр мен әдебиет төңірегінде келелі әңгіме қозғады. Театр басшысы Қайрат Қарғабаев ғимараттың іші-сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа маусымды жан-жақты дайындықпен бастадық.

Ал, қазір театр ұжымы ұлы ұстаз әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай болатын жаңа премьераға қызу дайындық үстінде. Ел іші тыныш болса бұл қойылымды да бірге тамашалайтын күннің ауылы алыс емес.

Сая ҚАСЫМБЕК, әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз