Ардақты аймақтың әуелгі әкімі немесе Марс Фазылұлы Үркімбаевтың 666 күні мен түні

«Мықты милы, жарақты жаужүрек, кемел кемеңгер, пайымды парасат, қажымас қажыр иесі, сұңғыла саясаткер болсаң, әуселең мен әлеуетіңді сынайын – оңтүстікті басқарып көр» дейтін өрелі де өнерлі, қатпарлы да құпиялы, қыртысты да қазыналы, қазақылығы қалың өзгешелеу өлке бұл.

Өзгешелігі – өзгені өзекке теппейтіндігі, өзіне де өбектеп кетпейтіндігі. Айрықша асыл қасиеті – анау-мынау деп алаламайтындығы. Барлап қараңыз: Қазақстандағы бар ұлыстың түгел дерлік өкілі осы өңірден табылады. Оның үстіне мұқым молшылық, мінәйілік, маңғаздық, меймандостық, марғасқалық, тағы басқа, бәрі-бәрі осы жақтан тарайтындығын исі қазақ мойындайды, мақтайды, мерейленеді.

Екінші жағынан нәтуралық, бейабыр бөлінушілік, топас топ құрушылық, шімірікпес ши жүгіртушілік, көлгірсіп көзге мақтаушылық сияқты кейбір кемшіліктерімізді де дүйім ұлтымыз біледі, мінейді, даттайды, сынайды. Осындай күрделі – күнгейі мен көлеңкесі қатар, қосақабаттана, қосарлана, қосамжарлана жүретін аймақтың жаңа билік кезеңіндегі алғашқы әкіміне оңай емес, керісінше ауыр болғандығы даусыз.

Марс Фазылұлы ерекше келіп, бөлекше кетті осынау лауазымды биліктен.

1992 жылдың 4 ақпаны. Сол кездегі облыстық Кеңес пен атқару комитетінің қызметкерлері мәжіліс залына шұғыл жиналдық. Жаңа облыс әкімі тағайындалыпты. Алдымызда маңдайы кере қарыс, нұр жүзді, жанары мейірімге толы, ер тұлғалы азамат тұрды. Әрқайсысымызды орнымыздан тұрғызып, жеке-жеке танысып шықты. Сосын өзін таныстырып, Президент Жарлығымен бүгіннен бастап осы облысқа әкімшілік басшысы (Глава администрации) болып тағайындалғанын айтты. «Команда жасақталады, мүмкін біраздарыңызбен бірге жұмыс істерміз. На этом моя «тронная» речь закончилась» дегені есімізде ерекше қалыпты.

Сонымен, тез арада команда іріктелді. «Анау болады, мынау болады» деген көріпкелдіктердің күлі көкке ұшып, сыпсыңбай сәуегейліктер, жоба жорамалдар жолда қалып, көптеген тың тұлғалар билік тізгініне еге болды. Кадрлар қадірі қай қағидатпен түзілгеніне түсінбегендер тобы көбейді. Үркімбаев үрдісі мен үдерісі сол кезгі «саясатқа», яғни «география мен биографияға, «ҚТ, ДТ, ұлы, орта, кіші» деген қасаң қағиданың «қапшығына» ешқандай сыймай қор қылды ғой небір бақай есепшілер мен қыл-қыбырды жіпке тізер тәуіп-құмалақсалғыштарды.

Мысалы, ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмеген ғалым Ә.Омбаев Созақ ауданына, Е.Сатқанбаев Ордабасы ауданына, құрылысшы А.Тшанов Шымкент қаласына, бұрынғы обкомолдың екінші хатшысы Е.Бардаков Еңбекші ауданына әкім боп тағайындалғаны талайлардың таңдайын қақтырып, тұздықты тақырыптарға айналғаны ақиқат-тын.

Руға бұру, тамыр-танысты тарту, жершілдікке жүгіну сияқты жөнсіздікке жол беру ырымалды ілкі әкімде болмағандығы айдай айқын нәрсе еді.

Менің көзім жеткені – ол кісі ізденгіш, іскер, жаңашыл, нарық үнемінен хабары бар, қазіргі заманғы талаптар үдесінен шығуға талпынар тұлғаларды іздеуге, тәрбиелеуге ұмтылды-ау. Сол мақсатын біршама жүзеге асыра білді. Оңтүстікті басқарған 666 күн мен түнде талай толымды тірліктер өмірге келді, жүзеге асты, кейінірек Мәкеңнің жұмыс тәсілі мен бағалау рейтингісі республика көлемінде өрістеп, өркен жайды.

Сол кезде Марс Фазылұлының команда мүшелері – Б.Жылқышиев, Ө.Шөкеев, Н.Әшімов, А.Тшанов облыстар мен министрліктерді басқарды. Н.Сәрсенов, Қ.Айтаханов, Қ.Бөлтаев, О.Асанғазы, М.Өтебаев, Ш.Мырзахметов Жоғарғы Кеңес депутаттары сынды жауапты лауазымдарға сайланды. М.Үркімбаевтың екі жылға жетер-жетпес уақытында қыруар жаңашыл тірліктер істеліп, соны да серпінді сүрлеулер мен соқпақтар салынды.

Қазіргі көпшілікке, әсіресе, ойы озық, көкірек көздері көреген жастарға күлкілі болып көрінетін шығар, осыдан жиырма бір жыл бұрын, «фьючерская сделка, капельное орошение, нанотехнология, инновация» деген сөздерді біз ең алғаш Мәкеңнің аузынан естіп: «Ол не? Оны қалай және немен «жеуге» болады?» деген сұрақтарды ұяла, таңдана қойысқан едік.

Атқарылған тірліктерге тізгін болған шешімдердің бір парасы ғана төмендегідей: «Мейірбан» қоры құрылып, оның төрайымы Мәкеңнің жұбайы болды. Міндеті – жетім балаларға әлеуметтік көмек көрсету. Кейін осы қордың принципі негізінде республикалық «Бөбек» қоры құрылып, жағымды да жемісті жұмыстар жүргізіп келе жатқандығы жалпақ жұртқа жария. Сондай-ақ, «Демеу», «Болжау» сияқты заманауи қорлар құрылып, игі істер атқарылды.

Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының барынша төмендеген аумалы-төкпелі кезеңі еді. 1992 жылдың 6 шілдесінде Шымкент облысы қайтадан Оңтүстік Қазақстан облысы деген байырғы тарихи атауын иемденді.

Қазан айының 31 жұлдызында Қазақстан мен Түркия Үкіметтерінің арасында қол қойылған екі жақты келісім негізінде Қ.А.Ясауи атындағы университет халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды. Оның тікелей басшылығымен Ұлттық Ғылым Академиясының Оңтүстік Қазақстан бөлімі ашылып, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан қалаларында бөлімшелері құрылды.

1993 жылдың 27-29 мамырында 1726 жылғы жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық қозғалыстың бастауы болған Ордабасы тауында Төле, Қазыбек, Әитеке билерді еске алу күндері өткізіліп, оған үш ел Президенттері қатысты. Бұл – өз алдына жазылар ауқымды жайт.

Осынау айтулы 666 күн мен түнде 748 шешім, 1414 өкім қабылданыпты. Осынау құжаттардың ар жағында қаншама адам тағдыры, аудан, қала, өңірлердің толымды тірліктері, қоғамдық-саяси, әлеуметтік оқиғалар өрбуінің сыр-сипаты жатыр десеңізші!

Марс Фазылұлының адамгершілік, адалдық, тазалық, бауырмалдылық қасиеттерінің қырлары туралы қанша қозғасаңыз да көптік етпес, сірә. Ол кісінің өзім білетін екі-ақ тірлігін айтайын.

Мені облыс әкімдігі аппаратына әлеуметтік-мәдени комплекс бөлімінің меңгерушілігіне шақырды. Әкімнің орынбасары Н.Сәрсенов менің алдымдағы алты адамның әкім сынағынан «құлап» қалғандығын ескерткеннен соң, әлдеқалай болады деп қорқасоқтап, қобалжи кіргенімді несіне жасырайын? Құжаттарымды алып, дауыстап оқи бастады. Ол кезде ескі ауан бойынша құжат тек орысша толтырылушы еді ғой.

– Товарищ Төретаев, трудовую деятельность начал рабочим, слесарем-монтажником треста «Казмеханомонтаж»... и сколько лет были монтажником?

– Сегіз жыл.

– Қазақша қалай?

– Жақсы, жазам, сызам, еркін сөйлеймін.

– Не жазасыз?

– Өлең, әңгіме, мақала...

– А-а, онда, сізде все получится, с сегодняшнего дня на работу, – деді.

Міне, облыс әкімінің менімен өткізген әңгіме-сынағы, қазіргі тілмен айтқанда, тесті мен аттестациясы осы болды.

Тағы бір жағымды қасиеті – өзі таңдаған кадрларын жанын сала қорғайтын. Сол кезде бір аудан әкіміне депутаттар тарапынан қызметтік сенімсіздік білдірілетін болды. Бұл деген аудан әкімі үшін саяси «өліммен» тең нәрсе, болашағына балта аяусыз шабылды деген сөз еді. Сол қызметкерді сессиядан бір күн бұрын өзіне орынбасар етіп тағайындады Мәкең. Ал, сол азамат содан кейін де бес-алты ауданды басқарды.

М.Байғұттың «Ақтолғай» атты эсседен естелік кітабындағы «Ғалым Әкім» атты тарауында: «Ол, Марс Фазылұлы, имандылыққа иланды. Өзгелер де өзі сияқты абзалдықты армандайды деп ойлады. Ғалым Әкімің секемсіз сенім иесі-тұғын... Оңтүстігіңіздегі оңазаланған обыр топтарға рынокқа бірден көше салу, Үркімбаев үрдіске жеделендірмек болған үдерістерге көне салу тіпті тиімсіз екен дә» деп қырағы дәлдікпен атап өтеді және де... «кадрлардан «тек қана науадай құятындарды ғана», «өзіне өлердей берілгендерді ғана өсірумен өжеңдене айналыспады» дейді. Шынында, тап осындай азамат еді ғой үлкен жүректі, жаймашуақ жанды қайран Мәкең!

1993 жылғы күзде Шерхан аға Мұртазаның 60 жылдық мерейтойы өтетін болып, соған М.Үркімбаев жеңіл автокөлік бөлу туралы шешім шығарды. «Темір тұлпар» – кәдімгі жай ғана «Жигули» болатын. Осы шешім кейін әкімге шоқтай жабысып, шер-шемен сыйлады. Ақыры адал, аңғал, ақкөйлек-ақпейіл, ақеділ азаматтың осынау асыл қасиеттері аяғына тұсау, адымына тұзақ боп құрылды. Пасық ойлы пысықайлар, қулығына құрық бойламайтын қулар мен Сырдың суы сирағынан келмейтін сұмдар сұрқия сұмдықтарын сайлап, етектен шалып, төске шапты. Абырой болғанда, дегендеріне жете алмады, жазықсыз жанды жаланың лас жапасына жайрата жыға алмады. Ол өзі кетті. Өз еркімен. Басын имеген, кеудесі иілмеген асқақ та асқар қалпында. Президентке ашық хат жазып, өтініш берді. Бірнеше рет. Елбасы ермінез жанның өтінішті жүгінуін жүзеге асырды, қабыл алды, келісімін берді. Өз еркімен отставкаға кетерден бірер күн бұрын облыс әкімі өз аппаратының қызметкерлерін мәжіліс залына жинап алып, Президентке жолдаған хатының мәтінімен таныстырды.

Осы атышулы отставкадан бір-екі күн бұрын «Казахстанская правда» газетінде Л.Добротаның «Елбасы ерекше мақтайтын әкім өз еркімен отставкаға кетіп барады» деген мақаласы жарияланып, ол үлкен сенсация тудырған еді. Осылайша егемен елдің осы кезеңге дейінгі тарихында өз еркімен жұмыстан босаған бірден-бір әрі бірегей әкім Марс Фазылұлы болып қалды.

Ол кісі жаны барға жаны шындап ашитын ерен қасиет егесі болатын. Өзінің бірінші орынбасары Сансызбай Абдуллаұлы Бекбосынов ауыр кеселге душар болғанда, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлық жасады. Қытайға емделуге жіберді, ем-домына жетерлік қаржы бөлгізді. Әттең, соңыра сол жасаған жақсылығы өз басына жала болып жабыларын есіл азамат аңғармаған, абайламаған екен.

Сәкеңнің қазасын есіткен бойда облыс әкімі бас болып, аппарат қызметкерлері түгел бардық. Кеше ғана қара нардай атпал азаматтың еріген қардың қалдығындай шөмиіп, тек терімен қапталған сүйегі ғана қалғанын көрген нәзік жанды Мәкеңнің ағыл-тегіл егілгенінен езілмегеніміз қалмаған еді.

Әкімдіктен ат құйрығын ада-күде үзіскен соң, Мәкең өзінің жаны сүйген таза педагогтық жолына қайта түсіп, ғылыми елеулі еңбектер жазды, оларды кітапқа айналдырды. Ол кітаптары ғылыми ортада жоғары бағасын алды. Біз білетін Марс Фазылұлының бірер қыры осындай еді. Осы орайда ХХ ғасырдың ғажап ақыны Қаныбек Сарыбаевтың соңғы өлеңінің бір қатары еске түседі. «Енді өлеңді де өздерің жазып алыңдар!». Мәкең өз қылығымен осыны меңзеген еді сенімді үні бар үнсіздікпен. Түсіне білгенге, әрине.

Адам тани білетін Президент бұдан кейін де Мәкеңе Үкіметтен Экономика министрі атты ауқымды лауазым ұсынды. Ал, Жоғарғы Кеңес депутаттары оны қамаққа алуға қатты қарсылық білдіріп қана қоймай, өз келісімдерін үзілді-кесілді бермей қойды. Бұл – үлкен сенім, құрметтеу, қадірлеу, бағалау.

1993 жылдың 2 желтоқсаны. Марс Фазылұлының кабинетінде үшеу ғана едік. Мәкең көмекшісі Бауыржан және жалпы бөлім меңгерушісі – мен. Мәкең бір-ақ ауыз сөз айтты.

– Қолымнан келіп тұрса да, «аналардың» ешқайсысын орнынан алмадым, аяусыз әрекеттерге бармадым. Оларды өз ары жазаласын.

Ертеңіне Марс Фазылұлының бірінші орынбасары, баяғыда КазХТИ-дің комсомол комитетін өзінен кейін басқарған ізбасары, келешегінен көп үміт күттіретін жалынды жас Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков облыстың екінші әкімі болып тағайындалды. Бұл тағайындалу да Марс Фазылұлының дәйекті де дәлелді, ақжарма, ақ адал пікірі, ұтымды ұтқыр ұсынысымен жүзеге асқандығын жалпы жұрт жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Сөз соңында айтар ұсынысым: осы біртуар азаматты есте қалдыру үшін Шымкент қаласының бір көшесіне немесе өзінің туған Бәйдібек ауданының бір орта мектебіне есімі берілсе, өте орынды әрі өнегелі іс болар еді деп ойлаймын.

Қабылбек ТӨРЕТАЙҰЛЫ, «Құрмет» орденінің иегері. Облыс әкімі аппараты құжаттарды дайындау бөлімінің сол жылдардағы меңгерушісі.

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз